Қоғамда “түнгі клуб жағалағаннан дұрыс жас шықпайды” деген ұшқарылау пікір бар. Бүгінгі күннің жасы ретіндегі менің пікірім қай заман мен ұрпақты, қай елді алмайық, жастардың көңіл-көтеруі орынды саналған. Бізге дейінгі қазақ қоғамында да ауыл жастары бас біріктіріп, бастаңғы жасаған. Қазіргідей арақ ішіп алып азғындамаса да ойын ойнап, көңіл көтерген. Айлы түнде алтыбақан теуіп, сырласқысы келсе ақсүйек ойнаған. Ал қазіргі жастардың түнгі клубты жағалап, би билегенінде тұрған әбестік жоқ.
Әрине, қазіргі күні еркіндік пен бостандықты абсолютті ақиқат деп білетін жастар жауапкершіліктен қашар жолды да жақсы таңдап алған. Дегенмен бүгінгі күні бастаңғы жоралғысын ішімдік ішпей-ақ дәстүр ретінде жалғастырып сенбі, жексенбі күндері демалатын жастарды бұзылған деуге де келмейді. Аптасына жеті күн жұмыстан өзгені білмейтін бикештер мен үйленбей жүрген сүрбойдақтарымыз қарақан басын көшбасшы санап, “бэби-бумға” үлес қоспайтынын айтып зар қақсаймыз. Жеке өміріне уақыт арнап, ешқайда шықпаса, қатарлас замандастарымен пікір алыспаса несі жас? Тұла бойында жастық жалыны жалындап тұрған замандастарымның түнгі музыкаға елтуі табиғи заңдылық секілді.
“Жастар әлем-жәлемге әуейі, жұріс-тұрыстары жадағай, беделді кісілерге бетбақтық көрсетеді. Үлкендерді сыйламайды, жұмыссыз сенделіп, өсек өрбіткеннен басқаны білмейді. Ата-аналарымен айтысады да жатады, әңгімеге жөнсіз килігіп, өздеріне жұрт назарын аудартумен болады, обырлыққа бейім, ұстаздарын мансұқтайды”. Бұл сөздерді атақты Сократ б.э.д.V ғасырда айтып кеткен. Бірде ағылшын парламентінде жастар туралы мәселе көтерілген көрінеді. Шешен мінберден жастар, келешек ұрпақ туралы 4 сөйлем келтіреді. Олар былайша өрбиді.
Қазіргі жастар сән-салтанатпен, бай киінуді ұнатады. Олар нашар тәрбиеленген, басшыларын мазақтап-мысқылдап, қарияларды құрметтемейді. Біздің қазіргі балаларымыз мейірімсіз тирандарға айналды. Олар бөлмеге үлкен кісі кіргенде орындарынан тұрмайды, ата-аналарына қарсы сөйлейді. Қарапайым түрде айтсам, олар өте нашар.
Егер қазіргі жастар басқару билігін қолына алып, елді басқаратын болса, онда мен елімнің болашағына қатысты барлық үмітімді жоғалттым. Өйткені қазіргі жастар адам төзгісіз, шыдамсыз, сұмдық.
Біздің әлеміміз өзінің соңғы даму сатысына жетті. Жас ұрпақ өз ата-аналарын тыңдамайды. Ақырзаман жақындап қалған сияқты.
Бұл жастар әбден бұзылған. Олар зұлым, арам ойлы және ебедейсіз, икемсіз. Келешек ұрпақ ешқашан алдыңғы буын өкілдеріне ұқсағылары келмейді. Бүгінгі күннің жастары біздің мәдениетімізді сақтай алмайды.
Бұл ой-пікірлер парламентте қызу қол шапалақпен қарсы алынып, үмітсіз болашақ пен тәрбиенің нашарлығы туралы мәселе қуатталады. Сол кезде әлгі шешен бұл ойларының шешімін жариялайды. Сөйтсе бұл ой-пікірлер 4 кезең ғұламаларының артына қалдырған сөздері екен. Алғашқы пікір Сократқа, екіншісі – Гесиодқа, үшіншісі – египеттік абызға тиесілі, ал соңғысы Вавилонның қиранды үйіндісінен табылған қыш құмырадағы жазу. Ал қыш құмыра жасы 3000 жылдан асып кеткен көрінеді. Яғни, жастарды икемсіз, ебедейсіз деп ойлау 3 мың жылдан бері жалғасып келе жатқан мәселе.
Адамзат тарихы циклды дүние екені белгілі. Аға ұрпақтың қашанда кейінгілерге сын көзқараспен қарауы заңдылық. Алайда аға буын уақытында өздерінің де жас болғандығын ұмытып кететін сияқты. Біздің пікірімізше, еңбексүйгіш, өз мүддесі мен талабы, мақсаты бар жастар әрдайым болған және бола береді де. Олай емес дейтін болсақ, адамзат дамуына, өркениет пен мәдениет үдерісіне келтірер уәжіңіз қайсы? Оған қалай қол жеткіздік? Сондықтан қай кезде болмасын адамға заманға тәуелсіз болашақ ұрпағы үшін сенімсіздік, болмаса алаңдаушылық басым. Мүмкін осы алаңдаушылық осындай пікірлер айтуға мәжбүрлейтін болар. Жастар қасаң қағидаға жаңа дем, қоғамға жаңа нәрсе, жаңа құндылықтар әкелетіні үшін жастар болмақ. Жастар енгізген жаңалықтың барлығы бірден қабылданбайды. Адамзат жаңашылдықтан қорқады. Алда-жалда дүние өзгере қалса мен қайтпекпін деген таптаурын ой арқылы жауапкершілік көбіне жастарға артылады. Төменде замандастарымның екі жағын да ашып көрсетуге тырыстым.
Әрине, жастар бірыңғай демалып кетсе мәселе сонда тумақ. Оларды күндіз машинадан, түнде тек клубтан көрсеңіз дабыл қағуға болар. Өйткені, жақсы мен жаманның, бұрыс пен дұрыстың ара жігін ажырата білмейтін жастың түнгі клубтан дұрыс нәрсе үйренетініне кім кепіл? Ал күндіз кітапханадан көрсеңіз немесе ізденіс үстінде жүрсе ол басқа әңгіме. Қала берді, екі аптада бір рет түнгі клубқа баратын жастар айына бір рет операға немесе балетке бара ма екен? Осы жөнінде ойланып көрейікші. Қызығушылық танытып, музейге жолай ма? Адамзат баласы ақпаратты 30-35-те жақсы қабылдайды екен. Ғылыми тұрғыда деп алып, ойға келмейтін оралымсыз неше түрлі нәрсені айта береміз. Жұрттың бәрі данышпан емес. Бұл жастан асқан соң көпшілігінің алған білімі мен ізденісі тесік қапшыққа салынған нәрсеге тең. Сондықтан жас кезде реті келсе бос уақытты тиімді өткізген жөн. Бассейн, суға жүзу, коньки тебу, тіл үйрену – тек көңіл шіркін қаласа деңіз.
Сын садағына ілінер бойкүйез, енжар жастар туралы не айтуға болады? Қазіргі кезде қай басылымды алсаңыз, қайсысында да қаптаған “жұлдыздар”. Қол жеткенінің бәріне өзін жарнамалап, қолынан келсе жалпақ әлемді жалпағынан басып жүргендерді көрген тоғышарлық санада соған еліктеу басталады. “Жұлдыз” атанып, жарық дүниені қонышынан басу үшін қаржысы жетпейтіндігін көрген кезде ата-анаға қарсы шығушылық, оларды тыңдамау, қадірлемеу секілді қылықтар бой көтереді. Міне, осындай санасы төмен, білімсіз жастар өз мүдделеріне қол жеткізу барысында қаржымен қамтамасыз етпегендігі үшін әке-шешесін кінәлай бастайды. Осындайдан адал еңбекпен барлығын бірден ала алмайсың деген ой қалыптасады да, заңды айналып өтсең бәріне бірден қол жеткізуге болады деген дақпыртқа ерген жас ойламаған жерден от басқанын әдетте кеш түсінеді. Өзіміз жиі жүгінетін Еуропаңыздан үйренетін бір нәрсе бар. Жастары “сақал шыққанша” әке-шешенің мойнында отырмайды. Кәмелетке толысымен бөлек шығып, қаржылық тұрғыда ата-анаға тәуелділіктен құтылуға ұмтылады. Шешімді өзі қабылдайды. Айтпағым, біздегі секілді өз аузына өзі қолы жетер жасқа келсе де ата-ана нәпақасына ортақтасып отыра бермейді. Білім іздейді, болмаса жұмыс жасауға талпынады.
Ұялы байланыс телефондарынан соңғы кезде жиі көрінетін бейнероликтердің бірі – жастар арасындағы төбелес. Тек ұлдар емес, қыздардың да шаштасып төбелесетінін байқайтын болдық. Жан түршіктірер сол көріністердің арғы жағында жасөспірімдер арасындағы қатыгездік, күшпен қорқытып ақша талап ету, жәбір көрсету белең алып бара жатқандығын жасыруға болмайды. Жауапсыз махаббат, үй ішіндегі жағымсыз жағдай – бос сылтау. Соңғы кезде өзіне-өзі қол жұмсау фактісі көбеюде. Статистикаға сөз берейік. Республикамыздағы әр 100 мың адамға шаққанда 26,9 өзін-өзі өлтіру жағдайлары тіркелген. Бұның қорқыныштысы саны 16 210 144 халқымыз үшін тым көптігі. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне жүгінсек суицидтің ең жоғары деңгейі – әр 100 мың адамға 20-дан екен. Жас көрсеткіші бойынша есепке алсақ, еліміздегі осындай өкінішті өлімдердің негізгі бөлігі жастарға тиесілі. Бұл сан әр 100 мыңға шаққанда 34,5-ті көрсетеді. Әлем бойынша 3-орын. Еліміз үшін мақтанарлық емес, дабыл қағарлық жәйт. Ішкі істер органдарының берген мәліметі бойынша, 13 мың жайсыз отбасы және 16 мың жасөспірім арнайы тіркеуде тұр. Бұл нені білдіреді? Еліміздің іргесін бекітетін 13 мың уық пен кереге солқылдақ деген сөз. 16 мың жасөспірім ертең елді өрге сүйрейтін болашақ жастар. Олардың тіркеуде тұруы да болашағымызға алаңдауымызға себеп болып отыр. Сарапшылар болса үйдегі тәрбиенің нашарлығы мен мектеп психологтарының әлсіз жұмыс атқаратындығын алға тартады. Оның үстіне қазақы діл психологқа баруды аса жақтыра бермейтіні де рас.
Мәселенің екінші жағы бар. Замандастарымның арасында өздеріне сенімді, қай істе болмасын бастамашы бола алатын азаматтар барлығы қуантады. Олар – өз мақсат-мүддесі жолында талмай тер төгіп, сапалы білім мен оны дұрыс қорыта білу арқылы ерінбей еңбек ететіндер. “Ақша, болмаса қызмет баспалдағымен” деген арзан түсінік олар үшін маңызды емес. Білімді мыңды жығатынына сенетін, дүние дамуының тетігі білімді жастардың қолында екендігіне көз жеткізген олар ілім-білімнің соңына түскен. Білімдінің алмайтын асуы, жетпейтін биігі жоқ. Дарынсыздардың сатып алып жатқан құжаты дұрыс ұйқыға кепілдік бермейді. Қазір Қытайда, Ресейде, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Жапонияда, Сингапурде әлемнің түпкір-түпкірінде оқып жүрген қазақ жастарының қатары көбейіп келеді. “Болашақ” бағдарламасымен ғана емес, білім күштері арқылы оқуға түсіп жатқандары қаншама. Ерік-жігері мықты олармен пікір алысудың өзі ғанибет.
Жоғарыда келтірілген ғұламалар пікірі қазіргі жастардың кейбір сипатын нақтылайтын секілді. Ақтай отырып, даттаймыз. Бірақ бір нәрсе айқын, ол – жастар тәрбиесі. Жастарымыз саналы болып өсуі үшін оларды тәрбиелеу ісінде үлкендер үлгі көрсетіп жатса құба-құп.
Сіз қалай дейсіз?
Венера ТҮГЕЛБАЙ.