– Жарайды, солай болсын, – дейді де, Махмұд өзінің аты тұрған қораға беттейді. Қасымхан да ерге қонып, екеуі ауладан шығады. Қамалға барар жолда оларға ақырындап басқалары да қосылады. Міне, тапсырма орындаушылар қамалдың қақпасына да жетеді. Махмұд ерден жеп-жеңіл секіріп түсіп, шылбырды ұстаған күйі қақпаға жақындайды да, қарсы жолыққан қытайдан адьютантқа өзінің жолдастарымен келгенін хабарлауды сұрайды. Атаман Нехорошконың ұсталғанынан және Қасымханның қашып құтылғанынан хабардар болатын. Сондықтан ол келгендердің бәрін кідіртпей қамалға өткізуді бұйырады. Бірақ мұнда олардың бәрі кірмейді. Солтанай Маралбаев қақпа сыртында қалады. Ғазиз Ушурбакиев, Көдек Байсымақов және Юсуп Қадыров атаманның жеке үйінің ауласына кіреберіс тұсқа кідіреді де, Қасымхан Чанышев атының шылбырын Ғазизге беріп, өзі ауланың қақпаға жақын тұсындағы күзетшілер отыратын үйдің есігі алдында кездейсоқ бөгелген қалып танытып тұрып қалады. Махмұд болса өз атының тізгінін Көдекке ұстата салып, атаманның үйіне қарай жүреді. Күзетші Махмұдты үйге еш бөгетсіз кіргізіп жібереді де, өзіне жақындап келген Мұқай Байсымақовпен жайбарақат әңгімелесіп кетеді.
...Кенеттен үй ішінен бірінен соң бірі атылған үш оқ дауысы естіледі. Мұқай қалтасынан алтыатарын суырып алғаны сол еді, есін жиып үлгермеген күзетші дәліз сатысының жақтауына орақпен орғандай сұлап түседі. Күзет үйінен атып шығуға ұмтылған казактарды есік пен терезеге оқ атқан Қасымхан қайта қуып тығады. Зәрелері зәр түбіне жеткен олар қаруларын тастай сала тақтай төсектердің астына зып береді.Осы кезде іштен бірін бірі сүйеген Махмұд Қожамияров пен Мұқай Байсымақов көрінеді. Олар дәліз сатысына жеткен бойда аттарға қарай ұмтылады.
– Жылдамдат, – дейді Қасымхан.
Тапсырманы орындаушы топ қас қағым сәтте шығар қақпаға қарай құйғыта жөнеледі. Қамал аузында тұрған қытай шеріктері әлдене жайында өзара даурыға әңгімелесіп тұрған еді. Қасымхан мен Солтанай оларға қарай дүркіндете оқ жаудырғанда, аналар естері шығып жан-жаққа бытырай қаша жөнеледі.
...Қаладан ұзап шыққан соң ғана Махмұд атаманның жұмыс бөлмесінде болған жайды әңгімелеуге кіріседі. Осы тақырыпты зерттеуші Н.Миловановтың жазуына қарағанда, мәселе былай болған. «Мен бөлмеге енген кезде, – дейді Махмұд Қожамияров, – Дутов стол басында әлденені оқып отыр екен. Мен белімді бүге ізет көрсеттім де, столға жақындап, оған сол қолыммен хатты ұсындым. Ол салқын амандасып, хатты оқи бастады. Атаман маған бұл жолы бұрынғы әдетінше отыруға орын ұсынған жоқ. Оның көңіл-күйі болмай тұрғаны анық еді. Хатты оқып шыққаннан кейін қатқыл үнмен:
– Чанышевтің өзі қайда? – деді.
– Ол шекарадан бері өтерде аяғын қатты мертіктіріп алғандықтан келе алмады. Сізден мархабат етуді сұрап, үйінде күтіп отыр, – дедім.
– Бұл оның қай әзілі, – деген ол мен жауап бергенше болмай қарсы бұрыштағы шағын стол жанында отырған көмекшісіне бұрылды да: «Ұста мынаны!» – деп айғай салды. Анау маған қарай ұмтылды, ал мен алтыатарымды суырып алдым да, алдымен Дутовты сұлаттым. Сонан соң өзіме атылған адьютантты қақ маңдайдан тарс еткіздім. Ол жанып тұрған май шамды тұғырымен құлатқан бойы еденге гүрс етті. Мен атаманның аунақшып, ыңырсып жатқанын көріп оны екінші рет аттым да, не болғанымды білмей, үстімді тер жауып, қабырғаға сүйене тұрып қалдым. Сол кезде Мұқай кіріп келіп, далаға сүйемелдей алып шықты.
– Мүмкін ол әлі тірі шығар? – дейді мазасызданған Қасымхан.
– Қайдан білейін... Бірақ мен оның жанын жаһаннамға жіберген сияқты едім, – деп жауап қатады Махмұд.
– Тыңдаңдар, қамалдан дабыл үні естіліп жатыр, – деп айқайлап жібереді Насыр Ушурбакиев.
– Бұл қуғын болады деген сөз, – дейді Солтанай. – Атқа қамшы басайық.
Атаманды атқан соң құрамында Махмұд Қожамияров, Ғазиз Ушурбакиев, Көдек пен Мұқай Байсымақовтар, Юсуп Қадыров, Солтанай Маралбаев бар жеті адамнан тұратын жасақ Сүйдіннен шығып, Кеңес шекарасына қарай емес, керісінше Құлжа жаққа бет алады. Осы себепті де тапсырманы орындаушылардың ізіне түскен казактар олардан көз жазып қалады. Чекистер бұдан кейін оқиға өткен маңайдағы Дағыр қыстағында мәселенің мәнісін білу үшін қалып қойған Насыр Ушурбакиевтен бір хабар келгенше қалада бой тасалайды. Ақыры: «Арғы беттен ауып келген орыстардың жандаралын белгісіз біреулер атып кетіпті. Оны жерлеу үшін кәпірлер тайлы-таяғы қалмай Сүйдінге жиналып жатыр екен», – деген базардағы гу-гу әңгіме бұларға хабаршының сөзімен қатар жетеді.
Атаманды және онымен бірге қаза тапқан казактар Лопатин мен Масловты жерлеуге Шыңжаң өңірінде тұратын орыстардың біразы қатысады. Сол жылдары Қытайда өмір сүрген эмигрант әйел Елена Сафронова 1999 жылы Мәскеуде жарық көрген «Қайдасың, менің Отаным?» атты кітабында атаманды жерлеу рәсімін былай суреттейді: «...Дутовты соңғы сапарға шығарып салу сән-салтанатымен, сазды әуезбен басталды. Алдыңғы лекте марқұмның денесі бар табытты көтерген адамдар, ал олардың ізін ала қарақұрым халық жүріп отырды. Дутовты Сүйдіннен төрт шақырымдай жердегі Доржинки деп аталатын христиан зиратына қойды. Кейіннен анықталғандай, атаманға келген басмашылар Чанышев, Қожамияров және Байсымақов оның көзін жою үшін арнайы тапсырмамен Кеңес жерінен жіберілген екен. Жерлеуден кейін екі-үш күн өткен соң әлдекімдер Дутовтың қабірін ашып, марқұмның басын кесіп алған және мәйітті көмусіз қалдырған. Ұрланған бас жендеттерге өздерін жібергендердің алдында тапсырманың мүлтіксіз орындалғанын дәлелдеу үшін қажет болған сияқты».
Бұл туралы Шыңжаңда тұрған эмигрант В.Мищенко да жазады: «Атаманды жер қойнына тапсырған соң апта өтпей оның қабірін әлдебіреулер қайта ашып, мүрденің басын кесіп алыпты. Қанішерге ол бас қауіпсіздік қызметкерлері кепілге алған өзінің отбасын құтқарып алу үшін Төтенше комиссияның алдында тапсырманың орындалғанын айғақтайтын дәлел ретінде керек болған». Осы оқиғаны әңгімелей отырып ол: «Сол күндері Сүйдінде штабқа кемінде бір тірі жансызды ұстап әкеліп тапсырған адамға 5 000, ал өлі жансыз үшін 3 000 алтын рубль беріледі деп жарияланды», – дейді.
...1921 жылдың 11 ақпанында Ташкенттен Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті Түркістан комиссиясының және РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы, Түркістан майданы Әскери Революциялық Кеңесінің мүшесі Григорий Сокольниковтың атына, көшірмесі РКП(б) Орталық Комитетіне төмендегідей жеделхат жолданады: «6 ақпанда коммунистердің Жаркент тобы арқылы жіберілген адамдар генерал Дутовты және оның көмекшісі мен атаманның жеке нөкерлерінен екі казакты төменде баяндалып отырған жағдайда өлтірді нүкте Операцияға басшылық етуші адам Дутовтың бөлмесіне кіріп келіп оған хат ұсынды да ұрымтал сәтті пайдаланып екі рет атып Дутовты және үшінші оқпен көмекшісін жайратты нүкте Шегініс үшін тосқауылға қалдырылған екеу атыс шыққан үйге қарай ұмтылған атаманның жеке күзетіндегі екі казакты өлтірді нүкте Біздің адамдар бүгін аман-есен Жаркентке оралды нүкте».
Осы арада мына бір жайтқа тоқтала кетейік. Ол жоғарыда аталған жеделхатта қолданылған «операцияға басшылық етуші адам Дутовтың бөлмесіне кіріп келіп» деген сөз тіркесі. Осы жолдар зерттеушілерді: «Бұл нақты кім болғаны?» деген сұраққа жетелері анық. Мұнда, яғни, алғашқы жеделхатта фамилияның аталмауын біздіңше сол кездегі өте құпия түрде өткен аса жауапты операцияға қатысқан адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің өміріне төнуі мүмкін қауіптен сақтану шарасы деп түсінгеніміз жөн. Ал бірақ..., иә, бірақ арада екі ай өткен соң әзірленген екінші құжатта мемлекеттік мәні зор осы шараға кімнің «тікелей басшылық жасағаны» кімнің «тікелей қатысқаны» тайға таңба басылғандай етіп көрсетілген. Ол Ташкенттен жоғарыдағы тапсырманы орындаушыларды марапаттау туралы жіберілген бұйрық еді. Онда былай делінген:
«АРНАЙЫ АДРЕСКЕ. МЕЙЛІНШЕ ҚҰПИЯ. Түркістан өлкесіндегі ВЧК уәкілетті өкілінің №44 бұйрығынан көшірме. 1921 жылғы 12 сәуір. Ташкент қаласы.
- Құлжада атаман Дутовтың көзін жоюды тікелей ұйымдастырғаны үшін Қ. Чанышевты ВЧК атынан «Дутовтың көзін жоюға тікелей басшылық жасағаны үшін» деген жазуы бар алтын сағатпен марапаттаймын.
- Атаман Дутовтың көзін жоюға тікелей қатысқаны үшін ВЧК атынан М.Қожамияровты тап сондай жазуы бар алтын сағатпен марапаттаймын.
- Атаман Дутовтың көзін жоюға тікелей қатысушылар ретінде М.Байсымақовты, Ю.Қадыровты, Ғ.Ушурбакиевті ВЧК атынан «Дутовтың көзін жоюға тікелей қатысқаны үшін» деген жазуы бар күміс сағатпен марапаттаймын.
ВЧК-ның Түркістан өлкесіндегі уәкілетті өкілі Я.Петерс».
Өте күрделі, аса жауапты тапсырманы орындағандардың қалғандарына атаулы қарулар мен марапат қағаздары беріледі.
5. Тағдыр
Қанқұйлы атаман Александр Дутов, оның көзін жою жөніндегі кеңес чекистерінің жасырын жоспары және ол операцияны орындаудағы жеті жаужүрек жігіттің жанкештілігі туралы бізде аз жазылған жоқ. Өткен ХХ ғасырдың екінші жартысы мен үстіміздегі ХХІ ғасырдың басында көптеген зерттеу мақалалар мен жинақтар жарық көріп, тарихи-көркем фильм де түсірілді. Бірақ, солардың бәрінде бір нәрсе ескерілмеді. Ұмыт қалып жүрді. Ол: «Ажал аузына аттанған сол азаматтар қашан, қайда, қандай ортада өмірге келіп еді? 1917-1918 жылдардағы төңкеріс, азамат соғысы кезінде бұлар кім болған? 1921 жылғы өздері үшін қияметтің қылкөпірі дерлік атышулы операциядан аман оралғаннан кейін сол есіл ерлердің тағдырлары не болды? Олардан ұрпақ қалған ба? Қалса қайда тұрады, ата-әкелері туралы не айтады?» – деген сұрақтарға жауаптың жоқтығы дер едік. Жоғарыдағы тарауларда баяндалған оқиғаның жалғасы ретінде құрметті оқырман, біз енді осы олқылықтың орнын толтыруға талпыныс жасап көрейік. Сонымен...
Алғашқы әңгімені Қасымхан Чанышевке қатысты деректерден бастайық. Ол 1898 жылы өмірге келген. Ұлттық Қауіпсіздік комитетіндегі арнаулы мемлекеттік Орталық архив басшысы Е.Бахмутовтың 2010 жылғы бізге берген құжаттар топтамасында оны Жетісу өңірінің тумасы деп көрсеткен. Әкесі – Қазан татары, князь Мұхамедғали Чанышев. ХХ ғасырдың бас кезінен Жаркент қаласында тұрған бұл кісінің Ташкент пен Құлжада үлкен фабрикалары мен тері, жүн өңдейтін кәсіпшіліктері болған. Сәби Қасымханнан кішкене кезінде: «Өскенде кім боласың? – деп сұрағанда, – кедейлерге үлестіру үшін мына фабрикаларда сабандай көп ақша жасаймын», – дейді екен.
Ол гимназияда оқиды. 1917 жылғы қазан төңкерісі кезінде бірден Кеңес өкіметі жағына шығады. Бұған үлкен ағасы Аббас қарсы болады. Алайда, албырт жас оны тыңдамайды. Сөйтіп орыс тіліне жетік, сауатты, жүріс-тұрысы ширақ, сымбатты жігітті жергілікті жердегі ЧК Жаркент қалалық милициясының бастығы етіп тағайындайды. Содан үш жыл өткен соң оның атаман Александр Дутовтың көзін жою жөніндегі топқа жетекшілік жасағаны белгілі. Ұлттық Қауіпсіздік комитеті мұрағатында Қасымхан Чанышевтің бұл операцияға қатыстылығы мынадай ресми құжаттармен расталады. Олар: ВЧК уәкілетті өкілінің 1921 жылғы 14 сәуірдегі №1883 куәлігі; Түркістан майданының Алматыдағы тіркеу бөлімі бастығының 1921 жылғы 20 мамырдағы №800 хаты; ГПУ алқасының 1924 жылғы 4 тамызда берген №54794 грамотасы және Қасымхан Чанышевті алтын сағатпен марапаттау туралы ГПУ Төрағасы орынбасарының қолы қойылған №214365 анықтама.
Осылардың ішінен екі құжатқа тоқталып өтелік. Біріншісіндегі мәтін мынадай: «Куәлік. Осыны көрсетуші Чанышев Қасымхан жолдас 1921 жылғы 6 ақпанда жалпыреспубликалық маңызы бар акт жасап, бірнеше мың адам өмірі мен жалпы еңбекші бұқараның тыныштығын қанқұйлы бандылар шабуылынан сақтап қалды. Сондықтан бұл жолдасқа Кеңес билігі тарапынан сергек қатынас талап етіледі және аталған жолдасты уәкілетті өкілдің рұқсатынсыз қамауға алуға болмайды. ВЧК-ның Түркістан Республикасы аумағындағы уәкілетті өкілі Я.Петерс. 1921 жылғы 14 сәуір. №1883. Ташкент».
Енді екінші құжатқа зер салайық. Онда былай деп жазылған: «Аса құрметті және қымбатты Қасымхан Чанышев жолдас! Сіздің ақ гвардияшыл атаман Дутовтың көзін жоюдағы ерлігіңізбен қорытындыланған революция алдындағы батырлығыңызды мақтан тұтамыз. Алда да осындай даңқты істер атқаратындығыңызға сенімдіміз. Сіздің сіңірген жоғарыдағы еңбегіңізді марапаттауға қазіргі кезде мүмкіндіктің шектеулі екенін ескеріп, №5353 үш желілі карабинді менің жеке өз атымнан және өзімнің басқаруымдағы тіркеу бөлімі басшылығы атынан қабыл алуыңызды сұраймын. Бұл шағын сый бірлесіп атқарып келе жатқан жұмысымыздан естелік болсын. Коммунистік сәлеммен: Түркістан майданының Алматыдағы тіркеу бөлімінің бастығы Пятницкий. 1921 жылғы 20 мамыр. №800».
Міне, құжаттарда осылай деп айтылып, жазылған жан, мемлекеттік маңызы бар операцияны орындаушы топқа басшылық жасаған адам одан кейін қайда, кім болып жұмыс істеген? Тағдыры қалай болған? Біз оны білеміз бе? Бұл сауалдарға деген жауапты кейіпкеріміздің туған қызы Неля Чанышеваның естелігінен табамыз. Неля 1925 жылы дүниеге келген. 60-жылдары Ташкент қаласындағы Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің орталық аппаратында аудармашы болып жұмыс істеген. Бұл кісінің естелігіндегі мәліметтерді 90-жылдары Алматы облысындағы Панфилов аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары болып Жаркентте қызмет атқарған, қазір Астана қаласында тұратын заң ғылымдарының докторы Сарқытбек Молдабаев былай баяндайды. Қасымхан Чанышев 20-жылдардың соңында қызмет бабымен Әулиеата өңірінің Шу стансасы маңындағы Новотроицк ауылына келіп, жұмыс істеп жүреді. 1930 жылы ол Қырғызстанның Ош қаласына шақырылып, Памир автокөлік басқармасының бастығы болады. Бірақ содан көп ұзамай 1932 жылдың желтоқсан айында жалған жала жабылады. Сөйтеді де қолындағы Бүкілодақтық Төтенше комиссияның (ВЧК) келісімінсіз тұтқындауға болмайды деген куәлігіне қарамастан, абақтыға жабылады. Түрмеде жантүршігерлік азаптарға ұшырайды. Ақыры отбасына 1933 жылдың 2 мамырында абақтыдан қашып шығуға әрекеттену барысында атып өлтірілді деген суық хабар жеткізіледі. Ең сорақы жағдай сол, оның мәйіті ақ жауып, арулап көмуге кері қайтарылмайды. Туыстарына тек өліп жатқан суреті ғана көрсетіледі.
Қасымхан Чанышевтің әйелі жоғарыдағы жауыздық жағдайдан 33 жасында жесір қалады. Содан кейін қайтіп тұрмысқа шықпайды. 1935 жылы өзі туып-өскен Талдықорғанға келіп, осы қалада тұрады. 1974 жылы 74 жасында қайтыс болады.
Енді Махмұд Қожамияровқа келейік. Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің мұрағатындағы құжаттарда бұл кейіпкеріміздің 1894 жылы қазіргі Алматы облысының Жаркент қаласындағы ұйғыр отбасында өмірге келгені айтылған. Бірақ, осы өңірдегі Алмалы ауылының тумасы Нұрымбай Бекқұлиев өзінің «Елорда» баспасына тапсырған қолжазбасында оны Ақкентте дүниеге келген еді дейді. Бұл Жаркенттен 18 шақырым жердегі елді мекен. Жергілікті өлкетанушы осылай десе, Махмұдтың балалық, жастық шақтағы, яғни қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдегі өмірі туралы мағлұматты жазушы Жүсіпбек Арыстановтың 1966 жылы жарық көрген «Сұңқар да жерді мекендейді» атты деректі кітабынан табамыз. Онда қаламгер өзіміз сөз етіп отырған жанның сол кездегі Жаркент, Көктал аумағындағы күш сынасу жекпе-жектерінде «мұштасу», «ган-гун» (жұдырықтасу –
ред.) өнерімен аты шыққан бірбеткей бозбала екендігінен хабар береді. Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің іс материалдарында Махмұд Қожамияровтың бұдан соң, нақты айтқанда 1918-1919 жылдары контрабандамен шұғылданғаны, одан соң контрабандистерге қарсы күрескені айтылған. Оның осы «қызметі» кейін кәдеге жараған. 1921 жылғы атаман Александр Дутовтың көзін жою операциясы кезінде шекараның арғы бетіндегі көзтаныстар одан онша көп күдіктенбеген. Сөйтіп олар оған: «Бұл кешегі апиын, көкнармен жасырын сауда жасап жүрген аткезші, делдал ғой», – деп қараған.
Аталған операцияға қатысып, ажал аузынан аман оралғаннан кейін Махмұд Қожамияров ВЧК тарапынан арнайы сыйлық – алтын сағатпен марапатталған. Сол 1921 жылы көктемде ВКП (б) қатарына қабылданып, жергілікті жердегі кеңес-шаруашылық жұмысына тартыла бастаған. Оны кейіпкеріміздің ЧК қызметкері, МТС директоры, Жаркент қалалық кеңесінің төрағасы секілді атқарған қызметтерінен анық аңғаруға болады.
Ұлттық Қауіпсіздік комитеті мұрағатындағы құжаттар жоғарыдағы деректерден басқа бізге мынадай жағдайлардан да хабар береді. Ол Махмұд Қожамияров өмірінің қауіп-қатерге толы болғандығы. Оның негізгі себебі ержүрек чекистің атаман Александр Дутовтың көзін жойған адам екендігін білген ақ казактар өшпенділігінде еді. Қаны қарайған олар мұны өлтіріп кек алу үшін 1921, 1925 және 1928 жылдары үш рет қастандық жасайды. Бірақ Махмұд Қожамияров осының бәрінен аман қалады. Өкініштісі, сыртқы күштердің осындай арам ойлы әрекеттерінен жергілікті жердегі бір тырнағын ішіне бүккен іші тар, қызғаншақ жандар да қалыспаған. Бұған бір мысал, ол 1936 жылы Алматы облыстық партия комитетіне Махмұд Қожамияров үстінен жазылған арыз. Онда: «Бұл – бұрын ірі шонжарлармен байланыс жасаған адам. Сеніп жүрген кісілеріңіз төңкеріске дейін Жаркент, Құлжа өңірлерінде атақ-даңқы дүркіреп тұрған бай, бірінші гильдиялы көпес Уәлібай Юлдашевтің туысы», – деп қаралаған. Дабыл хатты облыстық партия комитеті өзінің бюро отырысында қарайды. Жиналысқа қатысушылар тексерушілердің сөздеріне сүйене отырып, «арыздағы айтылғандар коммунист азаматқа жабылған жала» деген ұйғарыммен кейіпкерімізді жазадан аман алып қалады.
Өстіп жүргенде... иә, өмір осылай өтіп жатқанда 1937 жылғы 1 қаңтарда Махмұд Қожамияровтың отбасында сұмдық оқиға болады. Ол ақтар атаманының тірі қалған серіктестерінің жергілікті жердегі тап жауларын пайдаланып, солардың қолымен от көсетуі еді. Соның салдарынан кек алушылар түн жамылып келіп, кейіпкеріміздің әйелі мен 9 жасар бүлдіршін қызын бауыздап кетеді. Ал 13-тегі ұлы кездейсоқ жағдайда аман қалады. Оған жасөспірімнің сол күні анасынан көрші ауылға барып кино көріп қайтуға сұранып кетуі себеп болған. Ал отағасы іссапарда екен. Бұл фактілер «Казахстанская правда» газетінің 1937 жылғы 5 сәуірдегі «Қылмыскерлер жазаланбады» деген мақаладан алынып отыр. Онда: «1937 жылдың 1 қаңтарына қараған түні Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының Мирзоян атындағы МТС директоры, сол кезде іссапарда жүрген Махмұд Қожамияровтың әйелі мен қызы айуандықпен өлтірілді, – делінген. – Коммунист басшының отбасына жасалған бұл зұлымдық таптық кек алу фактісі болып табылады және ол Ұйғыр ауданы басшылығының тарапынан жіберілген саяси салғырттықтың салдары. Қожамияров өзіне қарсы қастандық дайындалып жатқаны туралы жергілікті органдарға әлденеше рет ескерткен. Мұндағы әңгіме оның азамат соғысы кезінде Кеңес өкіметінің қас жауы генерал Дутовтың көзін жоюға тікелей қатысқандығында болып отыр. Содан бері контрреволюциялық кулактар мен Дутовтың тірі қалған серіктестері Қожамияровтан кек алуға бірнеше рет әрекеттенді. Олардың 1937 жылдың 1 қаңтарына қараған түндегі зұлымдығы осының айғағы».
(Жалғасы бар)
Суреттерде: 1. ҰҚК архивінен алынған құжаттар мен «Казахстанская правда» газетінің 1937 жылғы 5 сәуірдегі нөмірінде жарияланған М.Қожамияров отбасына жасалған қастандық туралы мақала; 2. 1920 жылы түсірілген мына суретте Жаркент ЧК-сы мен милиция бөлімінің қызметкерлері бейнеленген. Алдыңғы қатардағы ортада (оңнан солға қарай 5-ші) Қ.Чанышев отыр. Басқаларының аты-жөндері белгісіз.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»