03 Қыркүйек, 2016

Бала құқы бұзылса...

281 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
А.Тасболатов егеменАбай атамыз: «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік», деген екен. Сонымен қатар ол осы оныншы қара сөзінде баланы жақсы қылатын да, оны күйік ететін де үлкендердің өздері екендігін дәлелдеп береді. Бәріміз де бала болдық. Баланың қиналғаны, баланың көз жасы, баланың зардап шегуі қандай екенін жақсы білеміз. Бірақ, өкінішке қарай, сол балалардың құқын бұзатын да, жылататын да, жабырқататын да үлкендер екенін айтпасқа амал жоқ. Мәселен, биылғы жылдың жарты жылдығында ғана прокурорлар 360 мың адамның құқын қорғаған екен. Олардың тең жартысы балалар екен. Сонда есептей беріңіз, жылына қаншама баланың құқы бұзылады? Бұл тек бір ғана құзырлы орган есебі бойынша алынған мәлімет. Ал жасөспірімдер құқына жауа­п беретін қалған мекемелер есебін қосар болсақ, онда, расы керек, жаға ұстарыңыз әбден мүмкін. Неліктен дейсіз ғой? Неліктен екенінің сыры көптеген жайтқа байланысты болып отыр. Оның үстіне балалар құқы қорғалуы керек деп алғаш рет айтылып тұрған жоқ, бұл жыр жылда жырланады. Сөйтсе де «Баяғы жартас – бір жартас» дегендей, айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Бұл арада балалардың құқына жауап беретін тиісті мекемелер өздеріне тән қызметі мен міндетін лайықты орындамай жатыр деген ұғым тумаса керек. Құқық қорғау органдарын да бұл мәселеге салғырт қарап отыр деп айта алмайсыз. Әйтпесе мұндай мәліметтер жарық көрмес те еді. Демек баланың құқын жастан қорғаудың заңды тетіктері ойдағыдай орныққан емес. Сондықтан көбіне сақтала бермейді. Соның салдарынан баланы жас­тан тәрбиелеу қалай қиын болса, баланы жас­тан қорғау да атүсті ғана, яғни көзбояушылық қалыпта жүргізіледі дейді сарапшылар. Бұған сенбеске тағы болмайды. Өйткені қайырымы зор іске қайсыбір мемлекеттік мекеме­лердің немқұрайлы қарайтындығы алаңдатпай қоймайды. Бұған да дәлелдер баршылық. Бірақ оның бәрін жіпке тізе бергеннен еш нәтиже шығар емес. Сондықтан сөзіміз жалаң болмас үшін құзырлы орган мәліметтерін келтіргенді жөн көрдік. Мәселен, еліміздің Бас прокуратурасы кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтарын қорғау, оның ішінде балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін еңбекке тартылуын болдырмауға бағытталған заңнамалар талаптарының сақталуына талдау жасаған. Сонда байқасаңыз, жоғарыда айтқанымыздай, барлық заңсыздықтарға қарсы тиімді қолданарлықтай жазылған заңдар бар­шылық екен. Бұл жолғы құзырлы орган талдауы да бала құқын бұзушылыққа қарсы, яғни соның ішінде жиі орын алатын бала еңбегін заңсыз пайдаланумен күрес үшін жеткілікті түрде құқықтық негіз жасалған дейді. Заңның дұрыс болғаны жөн. Өйткені қашанғы жамап-жасқай береміз. Осы уақыт ішінде небір заң біткенді жеріне жеткізе қабылдап және оны өзгертіп, тіпті әбден толықтырып болдық-ау деймін. Мұны баланың құқын қорғау саласына байланысты заңға талдау жасағанда құзырлы орган да байқаған секілді. Алайда Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, 2015 жылы барынша ауыр жұмыстарға 168 бала тартылыпты. Бұл көрсеткіш сонау 2010 жылы 553-ті көрсеткен екен. Қазір қайта төмен түскен деп көңіл жұбатамыз ғой, бірақ бір баланың болса да құқы бұзылуы заңға мүлде сыймайтындығын еш ескермейміз. Мұндай мекемелерді қоспағанда, ата-аналардың өздері де балаларының құқын, болашағын ойламайтыны опындырады. Мәселен, Алматы қаласында бір бала 10 жасқа келгенше мектепке бармаған. Не істеді десек, анасының қасында болған. Анасы қайда болды десек, қара базарда сатушы болған екен. Сол анасы баласын қасына көмекші етіп алып, барып кел, шауып келге жұмсап отырған. Осылайша баласы табаны күректей төрт жыл бойына мектепке бармаған, бірде-бір кітаптың бетін ашпаған, әріп те танымай қалған. Бұған не дейсіз? Ата-ана ма, қоғам ба, кім кінәлі? Ал нақты өмірде тап осылай жүрген тек осы бала ғана емес қой. Талай қазақ баласы базарда жүр. Соларды баланың құқын қорғауға тиіс мекеме өкілдері қалай көрмейді? Сақшы біткен базарды аралап, сауда-саттықты кезіп жүрмей ме? Олар қайда қарап жүр? Сонан әлгі баланы прокурорлар ғана байқап қалып, араша түсіп, бала мектепке баратын болды. Кеш болса да әріп танып, сауатын ашып жатқандардың біріне айналса да болашағы бұлыңғыр болмасы анық. Бұл орайда кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін уақыт оздырмай жылдам қорғау мақсатында құрылған мобильдік топтардың қызметі бала құқының бұзылуын жедел анықтаудағы тиімді құрал болып табылады. Бұл топтың құрамында еңбек инспекциясының, ішкі істер, прокуратура, жергілікті атқарушы органдар, денсаулық сақтау, педагог, психолог мамандары бірлесіп жұмыс істейді. Осындай отбасындағы келеңсіз жағдайларды жою, жақсы жолға қою мақсатында алдын алу іс-шараларын жүргізу үшін прокуратура мен ішкі істер органдары нашар отбасыларды анықтау амалдарын жандандырды. Осының арқасында есепке де алынбаған мыңнан аса отбасы бар екені  анықталып отыр. Александр  ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»