Биыл Оралдағы «Топан» компаниясы мұнай-газ жабдықтарының жаңа түрін өндіріске енгізді. Сонымен қатар, өнім өткізу нарығын кеңейту мақсатында Таяу Шығыстағы мұнайшы компаниялармен әріптестік орнатты. Енді «Топан» ирандық «ElektroKavirCo» компаниясымен бірлескен кәсіпорын құруға кірісті.
Құрылғанына 20 жылға жуықтаған «Топан» серіктестігіне бәсекелестік жағдайындағы нарықтан өз орнын алу оңайға түспеді. Алайда, кезінде Оралдағы қорғаныс саласына қараған мықты зауыттарда жұмыс істеген білікті инженер, конструкторлардың басын қосып, өндірістің өркендеуіне жол тапты. Қазіргі уақытта түрлі деңгейдегі басқосуларда аты көп айтыла бермейтін бұл кәсіпорында ұзын саны 200-дің үстінде адам жұмыс істейді. Зауыттың бас офисі Оралда және оның Атырау, Ақтау, Астана, Алматы, Ақсай қалаларында өкілдіктері бар.
Кәсіпорынның ерекшелігі мынада – «Топан» ЖШС мультибрендті өнеркәсіптік компания. Серіктестік кен өндіру, мұнай және газ саласындағы, химиялық, фармацевтикалық және тамақ өнеркәсібі компанияларына, ғылыми-зерттеу институттарына және білім беру мекемелеріне өнеркәсіптік тауарларды өндіруге, жеткізуге қатысты сан түрлі қызметтерді көрсетеді. Өзге бәсекелестерімен салыстырар болсақ, «Топан» тапсырыс берушілерге қажетті өнімдердің толық кешенін ұсынады, сонымен бірге инжинирингтік және сервистік қызмет көрсетеді.
Қысқасы, компанияның басты қызмет бағытына инжиниринг және өндіріс жабдықтарын жобалау мен жасақтау үрдісі тән. Сондай-ақ, кейін бұл жобалар іске қосылып, химиялық өнімдер өндіріледі. Әрі оны тұтынушыларға жеткізу ісі қоса атқарылмақ. Нақтырақ айтқанда, компания мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібі үшін ірі көлемдегі химия өнімдері – жоғары технологиялы химиялық ерітінділер мен реактивтерді өндіреді. «Топанның» химиялық өндірістік базалары Желаев және Бөрлі ауданындағы Тұңғыш ауылдарында орналасқан. Сондай-ақ, компания зертханаларды жабдықтайды және электртехникалық өнім түрлерін жеткізумен айналысады.
Оралдық компания әлемге әйгілі «General Electric» корпорациясының «GE Sensing» және «GE Panametrics» бөлімшелерінің әріптесі саналады. Өткен жылы компания Біріккен Араб Әмірліктерінде, Әбу-Дабиде 8 адам жұмыс істейтін өкілдігін ашты. Компания биыл Таяу Шығысқа бет бұрып, жаңа әріптестер тапты. Иракта «Лукойл Оверсиз» және «ГазпромНефтьБадра» компаниялары үшін екі сервистік инженерлік келісімшартты іске асырды. Биыл Иран елінің «ElektroKavirCo» компаниясымен КИП жүйесін және электр-техникалық құрал-жабдық шығаратын бірлескен кәсіпорын құру жөнінде меморандумға қол қойылып, қазір құжаттарын реттеу жұмыстары жүргізілуде.
Соңғы екі-үш жыл ішінде компанияның шығарылатын өнім түрлерін молайтып қана қоймай, өнім өткізу нарығын кеңейтуіне мемлекеттік бағдарламалардың көмегі мол болғаны анық. 2014 жылы «Топан» ЖШС «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша екінші деңгейдегі банктердің бірінен алынған несие қаражатын субсидиялауға қол жеткізді. Осы несиенің есебінен 2015 жылы ауданы 1500 шаршы метр болатын заманауи технологиялық жабдықтармен жабдықталған мұнай және газ есептеу жабдықтарын өндіретін өндірістік жаңа цех салынып, іске қосылды.
Мұнай-газ компаниялары мұнайды экспорттық құбыр желісіне шығару үшін алдымен оның сапалық көрсеткіштерін тексеріп, анықтауда осындай жабдықтарды пайдаланады. Енді ондай компаниялар жабдықтарды бұрынғыдай шетелден емес, Оралдағы зауыттан тапсырыспен алмақ. Қазірдің өзінде ұлттық және жеке мұнай-газ компанияларымен әріптестік орнатылып, осы саладағы өндірісшілер мұнай және газ сапасын анықтайтын блоктарға тапсырыс беруде. Бұл цехтың іске қосылуымен 50 адамға жаңа жұмыс орны ашылған.
Мұнай ұңғымасының шығынын өлшейтін «УЗДС «Топан» қондырғысын компанияның конструкторлары ойлап шығарды. Мамандар шетелдік, ресейлік жабдықтардың жақсы жағын негізге ала отырып, құрылымын әлдеқайда жетілдіріп қайта жасады. Қазақстанда оның баламасы жоқ. Жақында оған патент алынды.
Мұндай жабдық мұнай-газ компанияларына ұңғыма шығынына мониторинг жүргізіп, оның тиімділігін арттыруға, жұмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Әзірге жабдық Маңғыстау облысында және Ресейдегі «Ингип» компаниясында сынақтан өтті. Екі компаниямен бұл жабдықты сынақтан өткізуге келісімшартқа қол қойылмақ. Келешекте осы Оралда шығарылған жабдықты Иранға экспорттау бағыттары белгіленген.
Міне, осылайша жоғарыда айтылғандай, өткен жылы Әбу-Дабиде өз өкілдігін ашқан отандық компания атына заты сай қалып танытып келеді.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
журналист,
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Суретті түсірген
Медет ДОСЫМОВ