Ел мұраты – тәуелсіздік. Биыл қазақ елінің бабалар аңсап, күрескен, ұрпағына аманат қылған азаттыққа қолы жеткеніне 20 жыл толып отыр десем, 1989 жылы көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастаған Семей елі атом полигонын жабу жөнінде бастама көтерсе, 1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Семей сынақ полигонын өз Жарлығымен жапқаны енді тарихтың еншісіне айналды. Бұл Мемлекет басшысының туған елі үшін жасаған игі істерінің алтын басы болып табылса керек.
Бұдан кейінгі кезеңде атом полигонының зардабын жою мақсатында «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры құрылған болатын. Бұл академик Рымғали Нұрғали тәрізді жанашырлар бастаған ел перзенттерінің ортақ идеясы болғаны анық. Қоғамдық қор жетекшісі, «Ақшың» корпорациясының президенті, Семей қалалық мәслихатының депутаты Марат Құрманбай десек, бұл азамат Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даламызға азапты қасірет әкелген оқиға ешуақытта қайталанбауы тиіс» деген сөзі жазылған биіктігі 15 метрлік монумент пен Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған, «Ұлы Отан соғысына аттанған абыралылықтар» атты 1500 ардагердің аты-жөні жазылған тақта тасты Қайнар ауылына қойғызды. Мұның бәрі жас ұрпақтың отансүйгіштігін шыңдап, ұлттық болмысын сақтауы үшін жасалатын ұлағаты зор шаралар екені анық. Әрдайым халыққа керек дүниелерден тартынбайтын Марат Құрманбай меценаттық қайраткерлігімен де озып тұр, оның Шәкәрім ақынның 150 жылдық мерейтойына арнайы 5 томдық шығармалар жинағын 1000 данамен (тұтастай алғанда 5000 дана) өз қаржысына бастырып шығарғанын айтсақ та жетіп жатыр. Артынан бұл ізгі іс жалғасын тауып, мемлекет тарапынан қолдау тауып, Шәкәрім мұрасы «Раритет» баспасынан әр томы 3000 данамен жарық көргені ерекше сүйінішті.
Жуырда «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры атынан ел аманатын арқалай келген бір топ азаматтар Астанаға келіп қайтты. Болатбек Нәсенов, Өміржан Жақып, Лазар Ақбаров, Құмар Мұқашев, Мақсұт Қосжанов және «Абай» қорының директоры Балтабек Ерсәлімов бастаған осы топ Семей полигонының тоқтатылғанына 20 жыл толу мерекесіне жұрт назарын аударды. Әуелі Л.Н.Гумилев атындағы Ұлттық университет қабырғасында, Рымғали Нұрғалиға арналған ғылыми конференциядан басталған кездесулер Президенттік мәдениет орталығына жалғасты. Семей жерінің бағзы жарасы жазылатын, ұрпағы алаң болмайтын шуақты өмірдің кепілі осы тектес азаматтық қағидалардың сақталуынан туады.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА.