Бүгін, 3 қыркүйек күні кешке Қырғызстанның Ыстықкөл облысының орталығы - Чолпон-Ата шаарының ипподромында Көшпелілердің бүкіләлемдік екінші ойындары салтанатты жағдайда ашылды.
Көшпелілер өркениеті бүгінде күллі адамзат баласы үздік үлгі ретінде керек етіп отырған тұрақты дамудың бастапқы қалпы болып табылады. Бұл туралы осында өткен Көшпелілердің Бүкіләлемдік екінші ойындарының ашылу барысында сөз сөйлеген Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев айтты. Оның айтуынша, БҰҰ-ның дамудағы басты мақсаты осыған бағытталған.
Президент өз сөзінде Ойындарға қатысушылар мен қонақтарды осынау орасан зор ордалы оқиғамен құттықтады. Ол елдің бір мезгілде 62 мемлекеттің 1 мың адамға жуық спортшыдан тұратын үлкен делегациясын қабылдауға қауқарлы болып отырғанына мақтаныш сезімін білдірді.
А.Атамбаевтың сөзіне қарағанда, фестивальге сондай-ақ Қырғызстанның әрбір облысынан өкілдер келген. «Қырғыздар қонақты құтты адам деп санайды. Үйге қанша қонақ келсе, сонша құт та кіреді, дейді олар. Сондықтан қырғыздар қашаннан қонақтарды құрметпен және меймандостықпен қарсы алады. Дәл бүгінгі сияқты», - деді ол.
Қырғыз елі президентінің пікірінше, Көшпелілер ойындарына қызығушылық білдіретін елдердің қатары ұдайы артып келеді. Бұдан небәрі 2 жыл бұрын ғана өткен бірінші Ойындарға 19 елдің өкілі келген болса, қазір бұл цифр 62-ге жетіп отыр. Бұдан артық қандай дәлел керек!
А. Атамбаев өзінің сөзінде Көшпелілердің Бүкіләлемдік екінші ойындарын өткізуге қолдау көрсеткен бірқатар елдердің президенттеріне алғыс айтты.
Қырғызстан президенті соңында Ойындарды ашық деп жариялады.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ
https://youtu.be/tRVkBq_aG3c