Астанада қайырымдылық мақсатта ұйымдастырылған дәстүрлі марафон аяқталды.
Бұл жарыста бірінші болып мәреге «Адидас» командасының өкілі Руслан Аглов келіп жетті. Оны мәреде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов құттықтап, медаль тапсырды.
Бүгінгі эстафетаға қаланың қарапайым халқы мен Үкімет мүшелері, бірнеше отандық және халықаралық компаниялардың өкілдері, елшіліктердің қызметкерлері, алыс және жақын елдердің спортшылары қатысты. Қолда бар мәліметке қарағанда бүгін жүгіру жарысына 5 мыңнан астам адам шықты. Олар таңертеңнен бастап түскі сағат 14.00-ге дейін жүгіруден жарысты. Шетелдік қонақтардың арасында Астанаға қызмет бабымен және демалуға келген Америка, Африка, Азия мен Еуропа елдерінің азаматтары болды.
Бұл сында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов 21,1 шақырым қашықтықты 2 сағатта жүгіріп өтті. Одан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та қалыспай, жарысқа қатысты. Олар мәреге жеткеннен кейін биылғы Олимпиаданың чемпиондарымен және жүлдегерлерімен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесіп, бірге естелікке фотосуретке түсті.
Президент Әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков 42,2 шақырымдық қашықтыққа жүгірді. Ол бұл шақырымды 4 cағат 22 минутта жүгіріп өтті. Бұл аз қашықтық емес. Әділбек Рыскелдіұлы финишке келгенде осыны жасырмай, 42,2 шақырымға жүгірудің оңай еместігін, жарты жолда марафонды аяқтау ойында болғанын, дегенмен намысқа тырысып, соңына дейін жүгіруді мақсат еткенін айтты. Осылай дей келіп, ол марафонды ұйымдастырушыларға алғысын айтып, Елбасының халықтың саламатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуына ерекше мән беретінін, оны елдің бәрі қолдайтынын, соның бір дәлелі осындай бұқаралық жарыстардың жиі өткізіліп жатқанын атап өтті.
Бүгінгі шараға шетелдік отбасылар мен зағип жандар да қатысты. Көзі нашар көретін Айтбек Ауылбаев деген жігіт он шақырымдық қашықтыққа жарысты. Марафон кезінде оған әрине, көпшілік еріксіз таңданыстарын жасырмады.
Жалпы, марафон Есіл, Алматы және Сарыарқа аудандарын қамтыды. Оған қатысқан адамдар 42,2 шақырым, 21,1 шақырым, 10 шақырым мен эстафеталық жүгірулерде бақ сынасты.
Дастан КЕНЖАЛИН