04 Қыркүйек, 2016

G20 деген не және оған кімдер кіреді?

1785 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
20 G   G20 немесе Үлкен жиырмалық – әлемдегі экономикасы ең мықты дамыған және тез дамып келе жатқан елдердің клубы. Құрылтай конференциясы 1999 жылдың желтоқсанында Берлинде өтті. Клубқа Австралия, Аргентина, АҚШ, Бразилия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка Республикасы, Индонезия, Италия, Канада, Қытай, Мексика, Ресей, Сауд Арабиясы, Түркия, Франция, Ұлыбритания, Үндістан және Еуропалық Одақ кіреді. G20 cаммиттеріне Халықаралық валюта қоры, БҰҰ, Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық ұйымдардың да өкілдері қатысады.   Құрылу себебі   G20 бірлестігі 90-жылдардың соңында Азия елдерін шарпыған қаржы дағдарысына жауап ретінде құрылды. Өйткені, ол кризис экономикасы тез өсіп келе жатқан дамушы елдерді әлемдік маңызы бар талқылаулар мен шешім қабылдауларға жеткілікті дәрежеде қатыстырмаудың зардабын көрсетті. Одан бұрын экономикасы аса ірі жеті ел G7 форматында бас қосып әлем мәселелерін талқылайтын. 2008 жылғы әлемдік экономикалық дағдарыс G7 форматынан G20-қа өту процесін тездетті. Өйткені, әлемдік экономика бұрын-соңды болмаған тоқырауға ұшырайды деген қауіп күшейген еді. Үлкен жиырмаға кіретін елдер әлемдік жалпы ұлттық өнімнің 85%-ына, әлемдік сауданың 75%-ына ие. Сонымен қатар бұл елдерде дүние жүзі халқының үштен екісі тұрады. G20 кездесулерінде тараптар әлемдік қаржы жүйесіндегі ынтымақ мәселелерін талқылап, пікір алмасады. Бастапқыда үлкен жиырманың саммитері қаржы министрлері мен орталық банк басшыларының кездесуі деңгейінде өтіп жүрді. 2008 жылдан бастап мемлекет басшылары бас қосатын болды. Бір қызығы, әуелде G33 құрылып, оның құрамында Бельгия, Чили, Египет, Гонконг, Марокко, Нидерланды, Польша, Сингапур, Кот Дивуар, Испания, Швеция, Швецария және Тайланд болды. Одан кейін 1999 жылы G22 пайда болды. Бір жыл ішінде ол G20-ға қысқарды.   Қытайдағы саммитте не талқыланады?   Клубқа 2016 жылы төрағалық еткен Қытай өз тарихында бірінші рет оның саммитін қабылдап отыр. Бұл жолы негізгі мәселелер – қаржы рыногы және экология. Әлемдік қаржы ұйымдарын дүние жүзінде экономиканың өсімі баяулағаны мазалап отыр. Сондықтан олар сауда-саттықты кедергілерден арылту жолдарын іздейді. Ал экономикасы керемет секіріс жасаған Қытай бүгінде ауаның ластануынан зардап шегуде. Осы себепті ол экологиялық жобаларға қаржы тарту мақсатында «жасыл қаржы» мәселесіне көбірек назар аударғысы келеді. G20 елдеріндегі экономикалық өсім орташа 1,5%. Баяулаудың негізгі себептері – демография (тұрғындардың қартаюы), корпоративті секторда және мемлекеттер деңгейінде қарыздардың өсуіне байланысты инвестициялардың азаюы, сонымен қатар протекционистік шаралардың көбеюі. Екі жыл бұрын Австралияда өткен саммитте форум басшылары  экономикалық өсімді 2018 жылға қарай 2 пайыздық көрсеткішке жеткізуі тиіс реформаларды мақұлдаған болатын. Қазіргі болжамдар бойынша ол мақсат орындалмауы мүмкін. Қытайдың бастамасы бойынша саммиттің күн тәртібіне «жасыл қаржы» тақырыбы енгізілді. «Жасыл қаржы» деп отырғаны – энергия үнемдеуші және экологиялық таза технологияларды қаржыландыру. Бұл жоба кейінгі үш жылда экономикасы дамыған елдерде, соның ішінде Қытай мен Үндістанда да іске асып келеді. Ресейлік сарапшылар G20 саммитіндегі мәселелердің Ресейді онша қызықтырмайтынын айтады. Экологиялық жобаларды Мәскеу ресми түрде қолдайды. Алайда, ол жобалардың мәні – мұнай-газ саласының өнімдерін пайдалануды азайту. Ресей бұған әзірге дайын емес. Ержан Әбдіраман