Еуроодақ басшысымен кездесу
Мемлекет басшысы сонымен қатар Еуропалық комиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкермен кездесті
Кездесу барысында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы саяси және сауда-экономикалық байланысты нығайту перспективалары қарастырылды.
Тараптар еліміз бен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің маңыздылығын атап өтіп, қарым-қатынастың одан әрі қарқынды дами беретініне сенім білдірді.
Канада үкіметінің басшысымен кездесу
Қазақстан Президенті G20 саммиті аясында Канаданың Премьер-Министрі Джастин Трюдомен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастықтың сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалар тәрізді басты бағыттарына қатысты пікір алмасылды.
Бұдан бөлек, халықаралық дамудың көптеген мәселелері бойынша ұстанымның ортақтығы, сондай-ақ түрлі салаларда, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында екіжақты өзара іс-қимылды нығайту үшін зор әлеует бар екені айтылды.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Д.Трюдоны Астанаға сапармен келуге шақырды.
Ұлыбританияның жаңа премьерімен кездесті
Мемлекет басшысы сонымен қатар Ұлыбритания Премьер-Министрі Тереза Мэймен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Тереза Мэй елдер арасындағы екіжақты өзара қарым-қатынас мәселелерін талқылады, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қарастырды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Д.Кэмеронның Премьер-Министр болған кезінде өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілгенін атап өтіп, Т.Мэйді елімізге сапармен келуге шақырды.
Режеп Тайип Ердоғанмен кездесу
Нұрсұлтан Назарбаев G20 саммиті аясында Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қарастырылды. Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер, соның ішінде Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы жағдай жөнінде де пікір алмасты.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы жаһандық терроризммен және экстремизммен күресте халықаралық қоғамдастықтың күшін жұмылдырып, іс-қимылды нақты үйлестіру қажеттігін атап өтті.