06 Қыркүйек, 2016

Ел абыройының айқын көрінісі

429 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
06-09-16-kitai 00 Өткен 4-5 қыркүйек күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың Ханчжоу қаласында ұйымдастырылған G20-ның «Үлкен жиырмалық» 11-ші саммитіне қатысты. Келелі кеңестің алғашқы күні сөз алған Қазақстан Президентінің әлемдік ауқымдағы орамды ойлары мен ұтымды ұсыныстары ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Ілгері ниет, өрелі ой Жаһандық экономиканың орнықты және теңгерімді өсімін ынталандыру, халықаралық қаржы саласын жетілдіру, оның реформаларын алға жылжыту, инклюзивті қаржыларды дамыту мәселелері жан-жақты талқыланған, «Инновациялық, кінәратсыз, өзара байланысты және инклюзивті әлемдік экономика құру» тақырыбымен өткен осынау мәртебелі жиында Мемлекет басшысы әлемді толғандырып отырған өзекті мәселелерге айырықша назар аударды. Тарқата айтар болсақ, саммиттің «Саяси үйлесімділікті нығайту және дамудың жаңа жолына бет бұру» тақырыбындағы алғашқы сессиясының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте айтулы басқосудың үмітке толы күрделі кезеңде өтіп отырғанына тоқталды. «Әлемдік экономиканың, сауда мен капитал қозғалысының өсу қарқыны баяулап келеді. Ол миллиондаған адамның әл-ауқатына әсер етеді. Дүниежүзілік сауда ұйымының рөлі төмендеуіне және әлемдік экономиканың фрагменттелуіне алып келетін трансқұрылықтық жаңа сауда-инвестиция бірлестіктері құрылуда. Бұл үдерістер жаһандық экономикадағы ықпал аймағы үшін күрестің жаңа кезеңінің басы болуы мүмкін», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы жаһандық дамудың бұдан арғы жолы негізінен бүкіл дүниежүзілік қоғамдастықтың іс-қимылының жүйелілігіне байланысты екеніне екпін берді. Осыған байланысты, Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы және қаржыны халықаралық тұрғыдан реттеудегі басты рөлді біртұтас жаһандық ұйымның атқаруы тиіс деген пікір білдірді. «Ондай құрылымды Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыру арқылы қалыптастыруға болады. Оған Жаһандық экономикалық реттеуші функциялар жүктелуі керек», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысының айтуына қарағанда, қазіргі уақытта монетарлық, фискалдық саясатты үйлестіру және құрылымдық реформалар жүргізу маңызды, алайда ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бұл да жеткіліксіз. «Дамушы елдерді қоса алғанда, бүкіл әлемде айырбас бағамын тұрақтандыруға қатысты неғұрлым тиімді ұсыныстар әзірлеу қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Елбасы жаһанның экономикалық және қаржылық ынтымақтастық мәселелерін сараптауға арналған бұл форумда әлемдік экономиканы жандандыруға бағытталған шара ретінде жаңа индустриялық революцияға, сандық экономика мен инновацияға сенім артуды ұсынды. «Мен бұл ұстанымды толық қолдаймын. Ол міндетті тек қана инклюзивтілік қағидалары арқылы іске асыра аламыз. G20 мен дамушы мемлекеттер арасындағы диалог орталығын анықтап алу керек. Мәселен, Қазақстанда құрылған және барлық қатысушылар үшін ашық G-Global ақпараттық-коммуникативтік алаңын бір нұсқа ретінде қарастыруды ұсынамын. Ол 140 мемлекеттің 30 мыңнан астам маманының басын қосып отыр», – деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары мен Париж келісімінің және «жасыл экономика» қағидаларының іске асуына Қазақстанның белсенді қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті. «Астанада 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өткізілетін ЭКСПО халықаралық көрмесі осыған қызмет ететін болады. Сонымен қатар, біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрып жатырмыз. Барлық мемлекеттерді Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырамын. Онда БҰҰ-ның қолдауымен тиісті іс-шаралар өткізуге болар еді», – деді Қазақстан Президенті. Сөзінің соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның осы замандағы мейлінше өзекті проблемаларды шешу жолдарына қатысты ойларын «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі арқылы жеткізгенін, сондай-ақ манифест идеяларын іске асыру мен ядролық және жаппай қырып-жоюға арналған өзге де қару түрлерінен азат әлем қалыптастыру бастамасы ұйым тарапынан қолдау табады деп үміттенетінін айтты. «Терроризмді толық жеңу үшін G20-ның барлық мүшелері мен басқа да мүдделі елдердің бірлесе күш жұмылдыруы жақсы бастама болар еді. Бүкіл әлем қоғамдастығы осыны күтеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті G20 саммиті аясында жиынға қатысушы мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесіп, өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісті. Кең өрісті келелі кеңес Нұрсұлтан Назарбаев G20 саммиті сәтінде АҚШ Президенті Барак Обамамен кездесіп, тараптар бірқатар маңызды салалардағы екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, екі елдің көшбасшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер төңірегінде де пікір алмасты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ басшысы Барак Обаманың президенттігі кезінде екі ел арасындағы ынтымақтастық көптеген бағыттар бойынша, соның ішінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласында жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Ал Барак Обама Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттары үшін жақын дос және сенімді серіктес екенін айтып, өзінің президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін де өзара тығыз іс-қимыл жасауға әзір екенін жеткізді. Кездесу соңында Қазақстан Президенті АҚШ басшысы Б.Обаманы елімізге сапармен келуге шақырды. G20 саммиті шеңберінде Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунмен жүздесіп, тараптар Қазақстан мен БҰҰ арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады әрі екіжақты байланыстарды одан әрі дамыту перспективаларын қарастырды. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев пен Пан Ги Мун халықаралық күн тәртібіндегі түйткілді мәселелерді сөз етті. Сондай-ақ, Президент еліміз бен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың табысты екенін айтып, ұйымның жаһандық бастамалары мен жобаларын Қазақстанның қолдайтынын жеткізді. Ал БҰҰ Бас хатшысы тиімді серіктестіктің одан әрі нығайып, дами беретініне сенім білдірді. Мемлекет басшысының G20 саммиті аясындағы тағы бір кездесуі Еуропалық комиссияның Төрағасы Жан-Клод Юнкермен болды. Жүздесу барысында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы саяси және сауда-экономикалық байланысты нығайту перспективалары сөз етілді. Тараптар екіжақтың кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің маңыздылығын атап өтіп, қарым-қатынастың одан әрі қарқынды дами беретініне сенім артты. Ал Мемлекет басшысының Ұлыбритания Премьер-министрі Тереза Мэймен өткізген кездесуінде елдер арасындағы екіжақты өзара қарым-қатынас мәселелері, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жағдаяттар қарастырылды. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбританияға Дэвид Кэмерон Премьер-министр болған кезінде өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілгенін айта келіп, Т.Мэйді Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Елбасының Канада Премьерминистрі Джастин Трюдомен кездесу сәтінде мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалар тәрізді басты бағыттарына қатысты пікір алмасылды. Бұдан басқа, тараптар түрлі салаларда, соның ішінде ауыл шаруашылығы бағытында екіжақты өзара іс-қимылды нығайту үшін зор әлеует бар екенін сөз етті. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Канада Премьер-министрін Астанаға сапармен келуге шақырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның жүздесуі барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті жағдаяттар, соның ішінде Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы мәселелер айтылды. Өз кезегінде Мемлекет басшысы жаһандық терроризммен және экстремизммен күресте халықаралық қоғамдастықтың күшін жұмылдырып, іс-қимылды нақты үйлестіру қажеттігін жеткізді. Мемлекет басшысының Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен өткізген кездесуінде сауда-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды нығайту перспективалары мен өзара іс-қимылдың басты бағыттары талқыланды. Сондай-ақ, әңгіме барысында халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер жөнінде пікір алмасты. Басқосу соңында Синдзо Абэ еліміздің ядролық қарусыздану ісіндегі маңызды еңбегін ескере отырып, Нұрсұлтан Назарбаевты алдағы сапары барысында Нагасакиге келуге шақырды. Бұлардан бөлек, Қазақстан Президенті G20 саммитіне қатысу барысында бірқатар мемлекет және делегация басшыларымен қысқа келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті В.Путинмен, Франция Президенті Ф.Олландпен, Германияның Федеральды канцлері А.Меркельмен, Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хемен, Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Д.Зумамен, Мысыр Президенті А.Сисимен, Сенегал Президенті М.Саллмен, сондай-ақ, Аргентина Президенті М.Макримен жүздесті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Испанияның Премьер-министрі М.Рахоймен, Италияның Премьер-министрі М.Ренцимен және Үндістанның Премьер-министрі Н.Модимен екіжақты ынтымақтастықтың түрлі мәселелері бойынша әңгімелесті. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті халықаралық ұйымдардың басшылары – Еуропалық кеңестің төрағасы Д.Тускпен, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры К.Лагардпен, Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің төрағасы М.Карнимен және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының басшысы А.Гурриамен өзара іс-қимылдың кейбір жайттарын талқылады. Бұл күні, яғни 4 қыркүйекте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қытайлық әлемдік деңгейдегі «Alibaba Group» интернет-компаниясының құрылтайшысы, директорлар кеңесінің төрағасы Джек Маны қабылдады. «Біз сізбен Астанада кездескен болатынбыз, бүгін, міне, осы жерде жолығып отырмыз. Сол жолы «Самұрық-Қазына» өкілдері сіздермен өзара ынтымақтастық жайын, сондай-ақ, «Alibaba Group» компаниясының Орталық Азия, Ресей, Шығыс Еуропа елдеріндегі жұмыстарын өркендету үшін Қазақстанда оның филиалын құру мүмкіндігін талқылаған», – деді кездесуде Елбасы. Сонымен қатар, компаниямен ынтымақтастықты дамыту және оның Қазақстандағы қызметі аясын кеңейту перспективалары, соның ішінде электронды коммерция мен төлем жүйелерін интеграциялау саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланған бұл кездесуде Мемлекет басшысы Қазақстан Қытайдағы электронды сауда саласының үздігі болып саналатын және сол бағытта зор жетістікке жеткен «Ali­baba Group» қызметінің тәжірибесін зерттеуге мүдделі екенін атап өтті. «Мен сіздің компаниямен серік­тестікті қолдаймын. Біздің ұлттық компаниямыз – «Қазпоштаның» «Alibaba Group» компаниясымен өзара тиімді іс-қимыл жасауға барлық мүмкіндігі бар. Жалпы, сіздердің компанияларыңыз тәрізді кәсіпорындар әлемдік экономиканың орнықты дамуы мен тұрақтылықтың факторы болып саналады. Әлемді саяси фрагментациялау, шекараларды жабу және өзара санкция салу белең алған қазіргідей жағдайда сіздер бұл кедергілерді табысты еңсеріп, халықаралық сауданың дамуына ықпал етіп отырсыздар», – деді Қазақстан Президенті. Штаб-пәтері Ханчжоу қаласында орналасқан ірі құрылым – «Alibaba Group» интернет-компаниясының негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің төрағасы Джек Ма Қазақстанда компанияның бастамаларына қолдау көрсетіліп отырғаны үшін алғысын жеткізіп, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарлары туралы айтып берді. Сондай-ақ, «Alibaba Group» басшысы елімізбен серіктестік қарым-қатынастың одан әрі дами беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ, Джек Ма Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің ыстық ықыласын жеткізді. «Бізге уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет! Біздің буын түгелдей Сізді үлгі тұтады. Қазақстан Сіздің мықты көшбасшылығыңыз бен басшылығыңыздың арқасында үлкен жетістіктерге жетуде. Сізді құрмет тұтамын», – деді ол. Мемлекет басшысымен өткен кездесуден кейін Джек Ма тілшілерге сұхбат берді. «Қазақстан Президентінің G20 саммиті аясындағы тығыз кестесіне қарамастан, бізбен кездесу үшін уақыт бөлгеніне таң-тамаша болдым. Меніңше, бұл Қазақстанның шағын және орта бизнесі, жастары және толықтай алғанда сіздердің елдеріңіздің экономикасы үшін қызықты әрі маңызды болмақ. Біз логистика саласындағы, сонымен бірге, шағын және орта бизнес, жастар үшін қаржылық жағдайды жетілдіру бойынша ынтымақтастық әлеуетін талқыладық», – деді ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінен кейін. Одан әрі ол: «Сіздердің Президенттеріңіз өз елін алға қарай ілгерілетіп, мемлекетті жаңғыртумен қатар жақсы өмірге жетелеп келе жатқан аса көрнекті көшбасшы. Қазақстандағы конференцияға қатысқан кезімде жаңа елорда – Астананы салуға небәрі 17 жыл уақыт кеткенін естігенде зор таңданыста болдым. Ол сұлу да заманауи қала. Мен тіпті, әлемнің қандай да бір бөлігінде небәрі 17 жылдың ішінде осындай қала салуға болады дегенді көз алдыма елестете де алмас едім. «Alibaba» компаниясының құрылғанына да осы уақытқа дейін 17 жыл өтті. Менің ойымша, компания құру оңай іс емес. Бірақ мұндай қала салып, елді гүлдендіру одан да қиын екендігі сөзсіз. Мен Қазақстан басшысының ыждаһатты жұмысына таңғалдым», – деді Джек Ма. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанмен арадағы әріптестікте ІЖӨ тұрғысынан әлем бойынша 20-шы орында тұрған «Alibaba Group» компаниясы үшін басымдық беріліп отырған екі сала – логистика мен интернет-қаржыландыру. Ал саммиттің екінші күні, яғни 5 қыркүйекте Мемлекет басшысы Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасының орынбасары Мұхаммед бен Салманмен кездесті. Жүздесуде Қазақстан мен Сауд Арабиясы серіктестігінің бірқатар негізгі бағыттары бойынша өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды әрі тараптар түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін зор әлеует бар екенін атап өтіп, мемлекетаралық байланыстарды жандандыруға уағдаласты. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев пен Мұхаммед бен Салман қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер жөнінде сөйлесті. Табысты сапар – ел игілігі Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына жасаған сапарының қорытындысына арналған брифинг өткізді. Брифингте Елбасы G20 саммитіне өзінің екінші рет қатысып отырғанын және биыл ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен келгенін айтты. «Жер шары тұрғындарының 70 пайызын және әлемдік экономиканың жартысын құрайтын мемлекеттердің басшылары бас қосатын осындай ірі іс-шараға қатысу – Қазақстан үшін зор мәртебе. Мұнда жаһандық экономика мен саясаттың салмақты мәселелері талқыланады, ірі өңірлік және әлемдік мәселелер, соның ішінде қауіпсіздікке қатысты мәселелер бойынша ортақ ұстанымдар әзірленеді. Бірінші сессияда сөз сөйлеген кезде мен осы барлық мәселелер жөніндегі Қазақстанның көзқарасын ұсындым. Саммиттегі пікірсайыс барысында ғаламның тынысын сезініп, әлемнің дамыған және дамушы елдерін алаңдатқан проблемаларын ұғынасың. Қазақстанға да осында көтерілген мәселелерді ескеріп, онымен алдын ала шұғылдануы керек», – деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның индустрияландыру және инвестициялар тарту бағытында уақтылы күш-жігер жұмсағанын айтып, оның қайтарымды болатынына сенім білдірді. «Қазір жұмыссыздықтың төменгі деңгейін сақтап, жаңа жұмыс орындарын ашуды ойластыру қажет, дағдарыспен күрестен экономикалық өсімге қадам басу керек. Біз 9 қыркүйекте өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы туралы айтатын боламыз», – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті саммитпен қатар ҚХР-ға жұмыс сапары болып өткенін еске салды. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз көтерген екіжақты қарым-қатынастың барлық мәселесіне Қытай тарапы қызығушылық пен мүдделілік танытып отырғанын жеткізді. «Біз бұған дейінгі уағдаластықтың барлық мәселесі бойынша, мәселен, Қазақстан аумағында бірлескен заманауи кәсіпорын салуға қатысты келісімге келдік. Бұл тізімге 51 нысан кіреді, бүгінде оның екеуі салынды, жалпы құны 2,5 млрд доллар болатын төрт нысанның құрылысы биыл аяқталады. Бес жылдың ішінде жалпы құны 26 млрд доллар болатын 5 кәсіпорын салу жоспарлануда. Бұдан бөлек, осы жұмысты қолдау үшін компаниялар арасында да, мемлекеттер арасында да бірлескен Қазақстан-Қытай қоры жұмыс істейді. Жібек жолын дамыту қорын да мысалға келтіруге болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-коммуникация байланысы екіжақты күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі болып қала беретінін айтты. «Жыл сайын Қазақстан мен Қытай аумағынан өтетін жүк транзиті көлемінің артып келе жатқаны байқалуда. Ақтау портын пайдалану айтарлықтай жанданды, осыған дейін олай болмаған еді. Бұл жағдай Қорғас құрғақ портының, ұзындығы 300 шақырымға жететін Қорғас-Алматы теміржолының және Батыс Еуропа – Батыс Қытай торабының құрылысына байланысты болып отыр. Логистикалық орталықтар құрылды. Бұл көлік тораптары өсім нүктесі болып саналады. Сондай-ақ, біз энергетика және технология салаларындағы ынтымақтастық туралы уағдаластық», – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев аса ірі кен орны – Қашағанның іске қосылуына байланысты Қазақстан мұнайын жет­кізу мүмкіндігі артатынын атап өтті. «Қазіргі уақытта біз ҚХР-ға 7 млн тоннаға жуық мұнай жеткіземіз, бұл көрсеткішті 20 млн тоннаға дейін арттыруға, сондай-ақ, Қазақстаннан Қытайға газ жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Осының бәрі елдеріміз арасындағы тауар айналымын жаңа деңгейге көтереді», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қазақстан мен Қытайдың ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылына егжей-тегжейлі тоқталды. «Алғаш рет Қытайға азық-түлік бидайын, басқа да дәнді дақылдарды, асбұршақтар мен майлы дақылдар түрлерін, сондай-ақ, ет пен құс жеткізу туралы келісімге келдік. Бұған дейін бізде мұндай болмаған еді. Осылайша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріміз үшін жол ашылып отыр. Меніңше, бұл – қуанышты жағдай. Сонымен бірге, Қытай тарапының тауар мен фитосанитарлық сапа жөнінде қатаң талаптары бар. Біздің шаруалар соған дайын болуға тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы қол жеткен уағдаластықтардың нақтылануына назар аударып, екі ел үкіметтерінің оны іске асыру үшін тиісті жұмыс жүргізу керек екенін атап өтті. «Жақын арада Мемлекеттік Кеңес­тің төрағасы Ли Кэцян Қазақстанға сапармен келеді деп жоспарлануда. Келіссөздер барысында елдеріміз бір­лесе шешетін мәселелерді қосымша талқылайтын боламыз», – деді Қазақстан Президенті. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев саммит аясында басқа да мемлекеттер мен делегациялар басшыларымен екіжақты жемісті кездесулер өтіп, оның барысында өзара мүдделілік қалыптасқан түрлі мәселелер жөнінде мазмұнды пікір алмасулар болғанын айтты. Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында мәдени нысандарды аралады. Елбасы Ханчжоу қаласының бірқатар мәдени нысандарына барды. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Сиху көлінің жағасында орналасқан Лэйфэнт будда ғибадатханасы мен Чжэ­цзян провинциясының мұражайын көрді. Ханчжоудағы Лэйфэнт будда ғибадатханасы 977 жылы салынған, ал 1924 жылы ол толықтай қираған. Қазір ол қалпына келтіріліп, туристер үшін қайта ашылды. Лэйфэнт будда ғибадатханасы көне аңызда сипатталған жəне ертедегі романтикамен көмкерілген Сиху көлінің маңайындағы он көрікті орынның бірі. Ханчжоу қаласының мұражайы Чжэцзян сәулет университетінің әйгілі профессоры Чжан Юйфэньнің жобасы бойынша салынған. Ол археологиялық жәдігерліктер мен мəдени құндылықтарды сақтайтын үлкен орталықтың бірі болып саналады. Экспозиция алаңы 10 залды қамтып жатыр, оның жалпы ауданы 13 000 шаршы метрден асады. Статистика бойынша, жыл сайын мұражайға 2 млн-нан астам адам келеді. Осылайша, Мемлекет басшысының ҚХР-ға жасаған жұмыс сапары табысты аяқталды. Бұл сапар Қазақстанның абыройын арттырып, өрісін кеңейте түсті деп айтуға толық негіз бар. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Ханчжоудан (Қытай) 06-09-16-kitai 1 06-09-16-kitai 2 06-09-16-kitai 4 06-09-16-kitai