мәселесі облыста толық шешіліп, 1200-дей оқушы сабақты жаңартылған ғимараттарда бастады
Биыл өңірде 72 803 шәкірт мектеп табалдырығын аттаса, 8 582-сі алғаш рет партаға отырып, күміс қоңырау сыңғырын естіді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері 37 білім үйінің бой көтергенін, былтыр апатты жағдайда тұрған ғимараттар жайы біржола еңсерілгенін ескерсек, оқу-ағарту саласына мемлекет, жергілікті билік тарапынан үлкен көңіл бөлініп отырғанын аңғару қиын емес. Биылғы жаңа оқу жылындағы басты жаңалықтардың біріне «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында үш ауысыммен оқыту жайының түбегейлі шешім тапқанын атар едік.
Бұл күнді Ғ. Мүсірепов ауданының тұрғындары тағатсыздана тосқан болатын. Өйткені, бұрынғы аупарткомның тар ғимаратында 400-ге жуық оқушының қысыла-қымтырыла отыруларына тура келген. Ата-аналар мұңдарын шағып, талай есіктерді жағалағанмен, өзекті проблема сағыздай созылып келген. Тек «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында айтылған 2017 жылға дейін елдегі барлық мектепті екі ауысыммен оқытуға көшіру туралы талаптардан кейін ғана кешенді іс-қимылдар бағдарламасы түзіліп, 400 орынды мектеп үйін көтеруге 1 миллиард 600 миллион теңге бөлінді. Бас мердігер «Альфа-Север» компаниясы өз ісін жауапкершілікпен атқарып, екі қабатты білім үйін 1,5 жылдың ішінде салып бітірді. Новоишим қазақ орта мектебінің ашылу салтанатына аймақ басшысы Ерік Сұлтанов қатысып, ұстаздар мен ата-аналарды айтулы мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойы қарсаңында Елбасы тапсырмасы абыроймен орындалғанын атап өтті. Бірінші сынып оқушыларына Президент атынан «Менің Отаным – Қазақстан» кітабын, мектеп-интернатқа «Газель» автокөлігінің кілтін табыс етті.
– Үш ауысымда оқу оқушыларға да, ұстаздарға да ауыр соққан. Бүгінгі қуанышымызды айтып жеткізу қиын. Физика, химия, биология, информатика, мультимедиялық кабинеттерге соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар орнатылған. Айыртау мен Шал ақын аудандарынан да оқушылар қатынайды. Олар 200 орынды интернатта тұратын болады, – деді журналистерге берген сұхбатында мектеп-интернаттың директоры Сәрсенгүл Сүйесінова.
Бұдан бөлек асхана, акт және спорт залдары, медициналық кабинет, кітапхана, интернет-зал жұмыс істейді. Мектеп жанында стадион, монша орналасқан.
Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылы тұрғындарының да көптен күткен арманы орындалды. Бұл елді мекенді «Оралмандар ауылы» деп те атайды. 7 жыл бұрын отандастарды елге оралту бағдарламасы шеңберінде осы жерге шеттен келген ағайындарымыз орналасып, жасыл желек жамылған ауыл пайда болды. Бүгінде мұнда 1 550-дей адам тұрса, үштен бірін 18 жасқа дейінгілер құрайды. 300-ден астам оқушының аудан орталығына қатынап оқуы еңбек десе ерінбейтін, қиындықтан қаймықпайтын үлкендердің қабағына кірбің ұялататын. Енді жүздеріне нұр ұялап, қуаныштарын бір-бірімен бөліскенше асық. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражаттың есебінен жарты жылдың ішінде салынған 300 орынды білім ордасы өз есігін айқара ашты. Осылайша 53 мұғалім, 19 техникалық қызметкер тұрақты жұмысқа орналасты. Осындағы салтанатты шараға қатысқан Е.Сұлтанов ұстаздар алдында білім берудің жаңа жүйесін енгізу, бәсекеге қабілетті, білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұрғанын жеткізіп, мектеп ұжымына су жаңа автобустың кілтін тарту етті.
– Мектептің бой көтергеніне ризашылығымызды білдіреміз. Балаларымыз енді суықта бүрсеңдеп, тоңбайтын болады. Олардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. 5 немеремнің біреуін бірінші сыныпқа, екіншісін дайындық тобына бердік. Қалғандары жоғары сыныптарда оқиды. Алысқа апару әбден қажытып еді, ақ түйенің қарны жарылған осындай бақытты күнге жеткенімізге сене алар емеспіз, – дейді ауыл тұрғыны Меңдібай Рахметов.
5 бала тәрбиелеп отырған Алмагүл Партизанның шаттықтан жүзі алаулап, жанарынан от ұшқындайды. Осында жұмысқа орналасқанына шүкіршілік етеді. Жолдасы да электрмен дәнекерлеуші қызметіне қабылданыпты. 52 мұғалімнің алтауы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша орналасыпты. Солардың бірі Сәкен Құсайынов М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін информатика мамандығы бойынша тәмамдап, жолдаманы осында алыпты. 4 кабинетке 48 компьютер қойылған. Бөлмелер кең әрі жарық, дейді жас маман. 120 орынды асхананың бағасы қолжетімді. Аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 75 бала тегін тамақтанады.
Мектеп құрылысына, жиһаздар, қондырғылар сатып алуға 825 миллион теңге жұмсалыпты.
Тайыншалықтар да заманауи мектеп үйінің зарын әбден тартқандардың бірі. Оқушылар мен ұстаздар көп жыл бойы ешқандай талапқа сай келмейтін ғимаратты паналауларына тура келген. Қанша жерден жөндеу көрді дегеннің өзінде ескінің жұрнағы анадайдан менмұндалап тұратын. Қазақша дәріс алатын шәкірттер осындай мүшкіл халде жүрсе де, үлгерімдерін төмендетпеді. Қоғамдық белсенділіктерін жоғалтпады. Бірде жақсы жаңалық жыл құсындай сағынтып жетті. Әсіресе, мұғалімдердің әбден зәрезап болып қалғандары соншалық, бастапқыда сенбеген. Мердігер ұйымдар мен құрылысшылар іске білек сыбанып, ылдым-жылдым кіріскенде ғана үш ауысымның азабынан құтыларына көздері жетіп, көңілдерінде үміт оты оянған. Зәулім сарай іспеттес екі қабатты білім үйі пайдалануға берілгенде қалың жұртшылық аудан орталығындағы жалғыз ұлттық шаңыраққа қарай ағылған. Ортақ қуанышты бөліскен тұрғындар балаларымыз екі ауысымда оқитын болды десіп, арқаларынан ауыр жүк түскендей жеңілденіп сала берген.
Салтанатты жиынға келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құрылыс жұмыстарын дер кезінде бітірген «Основание» ЖШС басшылығына алғысын арнап, жиналғандарды айтулы оқиғамен құттықтады. Жас ұрпақтың жоғары білім жетістіктерімен қуантарына сенім білдіріп, «Газель» көлігінің кілтін табыстады.
Біз аудандық оқу бөлімінің басшысы Еркін Оразовты сөзге тартқанымызда ол бұрынғы мектеп үйі 100 ғана орынды болса, жаңа ғимарат 300 орынға лайықталғанын, оқушылар саны 440 болғанын, үш бірінші сынып ашылғанын, 26 кабинет, 30 орынды интернат жұмыс істейтінін жеткізді. 46 мұғалім өскелең ұрпақ тәрбиесіне атсалысатын болады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы