06 Қыркүйек, 2016

Қарышты Қазақстанның жаһандық биік беделі

294 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

0d872062e2887a23e1c442f3d894fbde

Абыройымыз арта түсті

Сөз жоқ, Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен G20 саммиті еліміздің әлем елдері алдындағы беделінің биік екенін байқатты. Иә, әлемнің жетекші елдері Қазақстанмен санаса бастады деп айтуға болады. Елбасы Қазақстан қазіргі уақыттағы ең өткір мәселелерді шешудегі өз көзқарасын «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде ұсынғанын еске салып, G20 тарабынан ядролық қарудан және өзге де жаппай қырып-жою қаруынан азат әлем құруда әрі манифест идеяларын жүзеге асыруда қолдау болатындығына сенім артатындығын баса айтты. Бүгінде қоғамды терроризм қаупі қатты алаңдатып отыр. Бұл тұста бізге біріге күресу қажет. Бірліктің алмайтын асуы жоқ. Бұл бағытта Елбасы Н. Назарбаевтың терроризмді толығымен жеңу үшін G20-ның барлық мүшелерінің және басқа мүдделі елдердің күшін біріктіру туралы бастамасы үлкен қолдауға ие болатыны анық. Шынында, мұны барша әлемдік қоғамдастық күтіп отыр. Әрине, әр жиынның өз мақсаты мен міндеті болады. G20 саммиті еліміздің беделін биіктетіп қана қой­май, 2017 жылы Астанада «Бола­шақ­тың энергиясы» тақыры­бымен өткізілетін ЭКСПО халық­аралық көрмесі аясында G20 қам­қор­лығымен сәйкесінше іс-ша­ра­лар өткізуге болатыны көңіл қуантты. Бұл ЭКСПО-2017 көрмесінің табысты өтуінің бір кепілі болатыны анық. Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Жамбыл облысы

Бұл – Қазақ елінің мойындалуы

Елбасымыз Н.Назарбаев Қытайға жұмыс сапары аясында G20 саммитіне  қатысты. Қытайдың сыртқы саясатында айрықша басымдық беретін мемлекеттердің қатары біршама көп. Алайда, Бейжің өзіне берілген екі орынның біріне мәртебелі қонақ ретінде  Қазақстан Президентін шақырып отыр. Шынында да, Қытай үшін «Үлкен жиырмалық» кездесуі  тек ат-атағын шығаруға арналған шара ғана емес, қайта әлемдік қоғамдастықтың ықпалды ойыншыларына жаһандық экономиканы дамытудағы мүмкіншіліктерін таныту орайы болып отыр. Демек, Қытай тарапының біздің Елбасын G20 саммитіне шақыруын Қазақстанның халықаралық саясаттағы орнын, салиқалы ұстанымы мен өңірлік үдерістерге ықпал ету мүмкіндіктерін мойындауы деп түсінген жөн. Қытай – біздің тарихи көршіміз. Ата-бабамыздың осынау ірі елмен қарым-қатынас жасауының өзіндік мол тарихы мен дәстүрлері бар. Ол – өте сезімтал және мәнді қатынас. Қытай мен Ресей сынды екі бірдей алпауыт мемлекеттің арасында тұрған біздің географиялық орналасуымыз тым қолайлы бола қоймағанымен, бүгінде осы тиімсіз факторды тиімді факторға айналдырудың кезегі келіп тұрғандай. Бұл ең әуелі Қазақстанның осы екі алпауыт елдің арасында тұрып-ақ олардан көптеген озық нәрселерді үйрене алатындығы. Ірі державалардың Орталық Азия мен Қазақстандағы мүдделері мен күш тепе-теңдігі бізді олардың әрқайсысымен болған қарым-қатынасымызды жүйелі әрі ақылды түрде ұйымдастырып, оны еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қызмет еттірудің мол мүмкіндігін береді. Елбасының ойлап жүргені осы мәселе. Бүгінгі таңда қытайлық сарапшыларды біздің АҚШ-пен, Ресеймен қарым-қатынасымыз, Орталық Азиядағы жетекші ойыншылар қарым-қатынасының теңгерімін қалыптастыру, екіжақты әрі көпжақты өңіраралық ынтымақтастықты дамыту тәуекелдері мен мүмкіншіліктері қызықтыруда. Мұндай қызығушылық басқа елдерге де тән. Демек, тоғыз жолдың торабындағы Қазақстан халықаралық саяси және экономикалық ықпалдастықтан сырт қала алмайды. Тұрсынхан ЗӘКЕН, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Көрші елдер ықпалдастығының үрдісі

 Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың Шы­ғыс­тағы көршімізге «Үлкен жиырма­лық­тың» сам­­митіне арнайы ша­қырылған қо­нақ рет­індегі сапары Қы­­тай Халық Рес­пуб­ли­касының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуден бас­талды. Мұнда Қытай тарапы әлем алпауыттарының алқалы жиынын өткізуші төр иесі екені белгілі. Екіжақты кездесу барысында  Си Цзиньпин келесі жылы тараптар дипломатиялық байланыс орнауының 25 жылдығы аталып өтілетінін айтты. Оның айтуынша, бұл тату көршілік және достық қатынастарды әрі қарай дамытуға, сонымен қатар, түрлі бағыттағы өзара әріптестікті нығайта түсуге жақсы мүмкіндік. Қытай жағының мәлім­­деуінше, олар Қазақстанмен бірге Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда-саттық, инвести­ция және қызмет көрсету бойын­ша ресімдеу шараларын ықшам­дауға ықылас білдірмекші. Сон­дай-ақ, Қытай 2017 жылы Шан­хай ынтымақтастық ұйымының сам­митін Қазақстанда табысты өткізу бойынша да жан-жақты әріптестік байланыстар орнатуға ниетті екенін білдіріп отыр. Бейжің Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне де толық қолдау көрсететінін мәлімдеді. Екі елдің Мемлекет басшылары «Үлкен жиырмалықтың» саммиті жаһандық экономиканың даму бағдарларын айқындауда айтарлықтай рөл атқара алатынына сенім білдірді. Алпауыт елдер лидерлерінің алдында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономика мен қаржы саласын халықаралық реттеуде жетекші маңызға ие біртұтас жаһандық ұйым құруды ұсына отырып, өзінің осы бағыттағы ойларын кеңірек түсіндіріп берді. Оның айтуынша, мұндай құрылымды БҰҰ жанындағы Экономикалық және әлеуметтік кеңесті қайта ұйымдастыру жолымен Жаһандық даму кеңесіне айналдыру арқылы құруға болады. Осылайша қайта құрылған ұйым Жаһандық экономи­каны реттеуші рөлін атқаруға тиіс деп санайды Елбасы Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы бұдан бөлек дамушы елдерді қоса алғандағы әлем бойынша валюта айырбас­тау курстарын тұрақтандыратын тиімді тәсілдерді іске қосуды ұсынды. Қазақстан басшысы осы орайда G20 елдері мен дамушы елдер арасындағы үнқатысуды дамытуды жөн санайды. Мұндай міндетті Қазақстанда құрылған бүгінде 140 елден 30 мыңнан астам сарапшыны біріктіретін G-Global ақпараттық-байланыс алаңы атқара алады, дейді ол. Бұдан әрі Н.Назарбаев барлық елдерді терроризмге қар­сы күш біріктіруге үндеді. Бұл ретте «Әлем. ХХІ ғасыр» мани­фесі арқылы Қазақстан ұсынып отырған қазіргі заманғы өзекті мәселелерді шешу жолдарын жүзеге асыру «Үлкен жиыр­малық» тарапынан қолдау табатынына сенім білдірді. «Терроризмді толық жеңу үшін G20-ның барлық мүшелері мен басқа да мүдделі елдердің күштерін біріктіру жақсы қадамның басы болары анық. Бүкіл әлем осындай қадамды күтеді», деді ол өзінің сөзін қорытындылай келе. G20 саммиті алаңына Қазақ­стан Көшбасшысы Түркия Пре­зиденті  Режеп Тайып Ердо­ған­мен, Сауд Арабиясының мұра­гер ханзадасының орынбасары Мұхаммед бен Салманмен, Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен, Канада Премьер-министрі Джастин Трюдомен, Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкермен, тағы басқа бірқатар белгілі әлемдік саясаткерлермен екіжақты кездесулер өткізді. Кедесулер барысында күн тәртібінде тұрған барынша өзекті аймақтық және жаһандық мәселелер бойынша пікір алысты. Данияр ҚОСНАЗАРОВ, саясаттанушы

Келелі де керекті кездесулер

Елбасының G20 саммитіне екінші мәрте шақырылуы біздің еліміз үшін экономикалық тұрғыда да, саяси тұрғыда да үлкен маңызға ие. Әлемдік экономиканың жартысын құрайтын елдердің басшылары бас қосатын жиынға қатысуын үлкен мәртебе деп санауымыз керек. Бұл, біріншіден, еліміз бен Елбасының әлемдік аренадағы беделінің биік екендігін білдіреді және оның одан әрі артуына ықпал етеді. Мұны Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы мен еліміздегі саяси реформалардың тиімді жүзеге асырылып жатқанының бір көрінісі деуге болады. Осы саммиттегі Қазақстан Президентінің сөзі әлемдік сарапшылардың назарын айрықша аударды. Жалпы, Н.Назарбаев айтқан Жаһандық экономикалық және қаржылық реттеуші ұйым қалыптастыру мәселесі қазіргі таңда өте өзекті. Монетарлық, фискалдық саясатты үйлестіру туралы ұсынысы да өте маңызды. Себебі, жаһандық экономикалық дағдарыс барлық елдерді, дамыған елдерді де шарпыды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік кеңесі бар. Егер оны Жаһандық даму кеңесіне айналдырсақ, онда осы кеңестің аясында мемлекет басшылары кездесіп, өзекті тақырыптарды талқылауға, шешуге мүмкіндік туады. Ол жерде тек экономикалық қана емес, саяси мәселелер де қамтылады. Нұрсұлтан Назарбаев пен әйгілі «Alibaba Group» интернет компаниясының басшысы Джек Маның кездесуі де экономикалық жағынан үлкен рөл атқарды деп есептеймін. Себебі, өзге елдермен экономикалық қатынастарды күшейте отырып, интернет технологияларды дамыту – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.  Ал «Alibaba Group» АҚШ, Қытай сияқты елдерден кейінгі әлем бойынша 5-ші экономика атануға ұмтылып отырған компания. Ол үшін өз нарығын кеңейту қаншалықты маңызды болса, бұл Қазақстан үшін де соншалықты тиімді болмақ. Ұлы Жібек жолы белдеуінің ортасында орналасқан Қазақстан да Еуропа, сондай-ақ, Қытай, Түркия сынды елдер үшін маңыздылығын жоғалтпайды. Сол үшін де басқа мемлекеттер Қазақстанмен санасады, оған жаһандық экономиканың маңызды ойыншысы ретінде қарайды. Біздің экономикамызға инвестиция салуға, екіжақты байланыстарды нығайтуға олар да мүдделі деп ойлаймын. Осы орайда, G20 саммиті сынды алқалы жиынды біздің еліміз тиімді пайдаланып жүр. Осы саммиттің басқа жиындардан бір айырмашылығы, көптеген мемлекеттер басшыларының бір-бірімен жүздесуіне, көкейіндегі мәселелерді өзара талқылауға өте ыңғайлы. Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық Комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкермен кездесіп, Еуропа елдеріне визасыз жол ашу мүмкіндігін ұсынды. АҚШ Президенті Барак Обамамен екі ел арасындағы ынтымақтастық, ядролық қаруды таратпау мәселелері бойынша пікір алмасты. Бір-екі күннің ішінде Елбасымыз Ресей Федерациясының, Кореяның, Мысырдың, Аргентинаның және басқа да елдердің басшыларымен, Германия канцлерімен кездесіп, көптеген мәселелерді шешті. Бұл кездесулердің экономика, сыртқы саясат сынды салалардағы маңызы зор, еліміздің экономикасы мен саяси тұрақтылығы үшін берері  де көп. Қысқасы, қонақ ретінде шақырылғанымен, Қазақстан өзіне керекті алып жүр. Марат БАШИМОВ, заң ғылымдарының докторы, профессор