қарым-қатынас керек
Қытай біздің ежелгі көршіміз, онымен қарым-қатынаста халықтық үлкен дәстүрлеріміз бар. Қазақта «бармасаң, көрмесең жат боларсың» деген мақал бар ғой, сол айтқандай көрші елдермен тығыз қарым-қатынаста болу біздің еліміздің мүддесін қорғауда, экономикалық, қорғаныстық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен септігін тигізеді. Міне, осындай қағиданы басшылыққа алған Елбасы Н.Назарбаев сыртқы саясатымызда көршілес елдермен үзбей, тығыз және өсімді түрде қарым-қатынас жасап тұруды өзінің мақсаты еткен және соны берік ұстанып келеді. Соның бір көрінісі – Қытаймен арадағы қарым-қатынас.
Біз тәуелсіздік алғанға дейін ҚХР-мен ешқандай қарым-қатынасымыз болмаған елміз. Оның саяси жағдайлары тарихтан белгілі. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылдың 3 қаңтарында екіжақты қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қойылды. Міне, содан бері екі елдің арасындағы қарым-қатынас өте жүйелі түрде және бұрын-соңды біздің тарихымызда болмаған мазмұнмен дамып келе жатыр.
Елбасының осы жолғы сапары өте маңызды кезеңде болып отыр. Біріншіден, биыл біздің Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, екіншіден, келер жылдың басында екі елдің арасында дипломатиялық қатынас орнағанына да 25 жыл толады. БАҚ хабарларына қарағанда, біздің елдеріміз көшбасшылары соңғы 2-3 жылда 14 рет кездескен екен. Әрбір кездесу қарым-қатынасымызды жаңа кезеңге көтеріп отырғанын экономиканың барлық саласынан көруге болады. Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәлізі, Қорғастағы құрғақ порт құрылысы, ашылып жатқан өндіріс орындары біздің елдеріміздің болашағына қызмет етеді.
Елбасының Қытайға барғандағы сапары ғаламдық G20 шеңберіндегі кездесуге ұласты. Бұл да біздің мемлекетіміз үшін үлкен құрмет, әріптестік сенім. Аталмыш форумға әлемнің ең алдыңғы қатарлы дамыған алып елдерінің басшылары қатысатынын білеміз. Сондай форумға біздің Елбасымыз осымен екінші рет шақырылып отыр. Әрбір шақырылған сайын оған G20 мінберінен сөз беріледі. Нұрсұлтан Назарбаевтың сондай сенімге татитын аса маңызды ұсынымдары назарға алынды.
ҚХР-дағы саммитте Елбасы БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыру қажеттігі жөнінде ұсыныс жасады. Сөйтіп, жалпы ғаламдық экономикалық мәселелерді зерттеу қажеттігін алға тартты. Соның ішінде ғаламдық экономикалық дағдарыстарға сараптау жасау қажеттігіне екпін түсірді. Бүгінгі күні «санкциялар соғысы» барлық жақтарға да зиянын тигізіп отыр, соның ішінде халықтардың әлеуметтік жағдайына қиыншылық туғызып, зардап шектіруде. Сонымен қатар, айырбас бағамын тұрақтандыру мәселесіне де назар аударды. Қазақстанда құрылған, барлық қатынасушылар үшін ашық – G-Global ақпараттық-коммуникативтік алаң нұсқа ретінде қарастыруды ұсынды. Оны ЭКСПО-2017 көрмесімен байланыстырып, оның аясында жаңа энергетика пайдалану жөнінде өте сүбелі ұсыныстар жасады. Міне, осы мәселелерге Елбасы қатысушы мемлекеттер басшыларының назарын аударды.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты