«Заман-ай» әні халықаралық деңгейге шықты
Ел тәуелсіздігінің нәтижесінде Қазақстанның экономикалық субъектілері ғана емес, сонымен қатар, өнері мен мәдениеті де халықаралық қоғамдастыққа кеңінен танымал бола бастағандығының куәсіміз. Жуықта Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған депутаттар делегациясының Жапонияға жасаған сапарын ақпараттық қолдау мақсатында осы елде болғанымызда, Хиросима қаласының тұрғындары қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулетовтің «Заман-ай» өлеңіне жазылған сазгер Төлеген Мұхамеджановтың әнін жақсы білетіндігін байқадық. Бұл әнді осы елдің әйгілі әншісі Томака ағылшын, жапон және қазақ тілдерінде жиі шырқайды екен.
«Заман-ай» – Қазақстандағы Семей полигонының қасіретіне арналып шығарылған ән. Ал Хиросима қаласының тұрғындары әлемде алғашқы болып оның жан түршігерлік зардабын бастан өткерген болатын. Бұл қалада аталған оқиғаға байланысты ядролық қарулармен күрес қозғалысы әлі күнге дейін белсенді сипат алып келеді. Осы мәселе жөнінде жыл сайын ән мен өнер фестивалін өткізіп, оған әлемнің әр елдерінен өнерпаздар шақыру берік дәстүрге енгізілген. «Заман-ай» әні осы фестивальдың негізгі ұранына айналған.
Бұл әннің сөзі мен сазының құдіретін жақсы түсінген Жапонияның ядролық қаруларға қарсы күрес қозғалысының қатысушылары өздерінің жетекшісі Кейчи Сасакидің ұсынысы негізінде оны компакт-дискіге ағылшын, жапон, қазақ тілдерінде бастырып шығарып, халық арасына кеңінен таратуда. Осы оқиғаға байланысты жазылған өз хабарында Жапонияның «Жапон Таймс» газеті «ән 90-жылдары Қазақстан даласындағы Семей ядролық полигонын жабу жөнінде ұсыныс жасаған осы елдің ядролық қаруларға қарсы күрес қозғалысына қатысушылары шырқаған нұсқадан аударылып отыр. Жапон ядролық қаруларға қарсы күрес қозғалысының жетекшісі Кейчи Сасаки компакт-дискінің халық арасында таратылуы осы мәселеге орай үн қосушы адамдардың халықаралық ынтымақтастығын бекіте түседі деп есептейді», деп жазыпты.
Қазақстанның бірінші болып ядролық полигонды жапқан ел екендігі қазіргі күні халықаралық қоғамдастыққа кеңінен танымал бола бастады. Өткен жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ президенті Барак Обаманың арнайы шақыруы бойынша Вашингтонда өткен ядролық қарусыздану мәселесіне арналған саммитке қатысуын ақпараттық қолдау мақсатында осы елде болғанымызда саммитке қатысушылардың, соның ішінде АҚШ басшылығының біздің елге, оның Президентіне ерекше құрмет көрсеткендігінің куәсі болған едік. Сол тұста Қазақстанның ядролық қарусыздану жөніндегі ұсыныстары саммиттің биік мінбері арқылы кең дүниеге тараған болатын. Енді осы іске «Заман-ай» әні де лайықты үлес қосады деп есептейміз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.