06 Қыркүйек, 2016

Бетпе-бет

453 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
A26J1475Жайықтағы жарқын жүздесулердің сипаты осындай «Нұр Отан» көпірме, қызыл сөздердің емес, нақты істер­дің партиясы екеніне ешкім талас туғыза алмайды. Партия жетекшілерінің өмір мен өнді­рістің қайнаған ортасында болып, ел ырысын еселеген ауыл еңбеккерлерінің және өнді­ріс пен өнеркәсіптің қаза­нын қайнатып жүрген құрыш қолды маман-жұмысшылардың ортасынан жиі табылуы – оның халықпен біте қайнасып кет­кенін көрсетеді. Сондай-ақ, ел ішінде қандай күрделі мә­селе болсын, тұрғындармен бет­пе-бет келіп, олармен ортақ ұйғарымға келген жағдай­да ғана мәселе толықтай шеші­летінін нұротандықтар жақсы түсінеді. «Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің рес­публикамыздың батыстағы қақ­пасы – Орал өңіріне сапары бары­сында да осындай іскерлік ахуал айқын аңғарылды. Кейін­гі кезде бірқатар сарапшы-ма­мандар Ақжайық аймағы астық өсіруге қолайсыз, мұнда егін шаруашылығы тиімді нәти­же көрсете алмайды деген түйінге келіп жүргені белгі­лі. Тіпті қажет десеңіз, жоғары­дан айтылып қалған осын­дай ойдың салмағы басым түскен­діктен, соңғы жылдары облыс­та егістік алқаптың көлемі әжептәуір қысқарып кеткен-ді. Алайда биылғы көрініс мұндай тұжырым мен көзқарастың тым біржақты екенін айқын көрсетіп берді деуге болады. Айталық, Зеленов ауданындағы «Матевосян» шаруа қожалығында күздік егістің әр гектарынан орташа есеппен 48-52 центнерден өнім жиналды. Мұнда жаздық дәнді және күнбағыс, сафлор және рапс секілді майлы дақылдардан жиналған өнімнің орташа көлемі де мол. Сонымен бірге, жиналған астықтың сапасы мен қамырлылық мөлшері де жоғары. Осы шаруашылықтың қызметімен танысқан Мұхтар Абрарұлы бұл Батыс Қазақстанның арғы-бергі тарихында бұрын-соңды бо­лып көрмеген рекордтық өнім екенін риза­шы­лық сезіммен жеткізді. Оның айтуынша, мұн­­дай биік нәтиже еліміздің ең астықты деп са­на­латын өңірлерінде де кездескен емес. Әрине бұған бұрынғы егіс ору техни­касымен салыстырғанда өнімділігі 5-6 есе жоғары «Джон-Дир» комбайндарының қолданылуы, егіс салу технологиясының сақталуы мен одан әрі жетілдірілуі, сондай-ақ биылғы ауа райының астық өсіруге біршама қолайлы болғаны да әсер еткені анық. Облыста жоғарыда айтылғандай «Джон-Дир» секілді алымды да шалымды бүгінгі заманғы астық ору техникасын «Матевосяннан» өзге 18 шаруашылық қолданатыны да егістік технологиясының өңірдегі өрісін өсіре түседі. Қазір егінді жинап алдың ба, оны қамбаға тапсырдың ба, осымен іс бітті дейтін бұрынғы кез емес. Бүгінде мұндай шикізаттық көзқарас өлшемі келмес­ке кетіп барады. Бұған аталған шаруа қожалығындағы бүгінгі қарбалас іс-қимыл айқын айғақ. Мұнда «Егістіктен – дүкен сөресіне дейін» деген қағида қалыптасқан. Соған сәйкес шаруашылықта ұн мен макарон өнімдерінің жиырма­дан астам түрлері өндіріледі. Сондай-ақ қожалық иесі «Желаев нан өнімдері ком­бинаты» АҚ Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны акционерінің бірі болғандықтан – өңдеу ісінде кідіріс жоқ. Бұл әзір азық-түлік өнімдерінің экспорттық әлеуеті де жылдан-жылға өсіп келеді. Қазіргі күні шаруашылық өнімдері Ауғанстан мен Арменияға және барлық Орталық Азия елдеріне жол тартуда. Шаруа қожалығының жетекшісі Александр Матевосян «Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедке мұндай жетістіктер «Нұрлы Жол» секілді мемлекеттік бағдарламалардың көмегінің арқасында мүмкін болғанын мәлімдеді. Ал тұтастай алғанда биыл облысқа агробизнес саласын дамыту үшін республикалық бюджеттен 7 миллиардқа жуық қомақты қаражат бөлінгені өз алдына бөлек әңгіме. Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Жуырда Мемлекет басшысы Қытай Халық Респуб­ликасында өткен G20 саммитіне қатысып, әлемнің ең алпауыт мемлекет­тері­нің басшыларымен кездесті. Сол кез­десулердің нәтижесінде алдағы 5 жыл­да Қазақстан экономикасына 26 мил­лиард долларды құрайтын инвестиция тар­ты­латын болды. Бұл дегеніңіз, ел эконо­ми­касының дамуына жаңаша серпін беретін өте қомақты қаражат. Сондай-ақ бұл – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдік аренадағы абырой-беделінің арқасында мүмкін болған Қазақстанның кезекті жеңісі». Мұхтар Абрарұлы облыстағы тағы бір іргелі агрофирма – «Шканов» шаруа қожалығының қызметімен танысқан кезінде де мемлекеттен бөлінген қара­жаттардың тиімді түрде жұмсалып жүр­геніне көз жеткізді. Әрі Мұхтар Құл-Мұхаммед шаруа қожалығының жетекшісі, істің көзін таба білетін азамат Бекболат Шкановтың жерге деген жанашыр көзқарасы мен оның жермен жұмыс істей білетін толымды тәжірибесіне үлкен ықылас танытты. Өңірдегі агросектор жүйесінің даму барысымен жан-жақты танысып, тауар өндірушілермен емен-жарқын ой бөліскен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Батыс Қазақстан азық-түлік өнімдерін өндіретін республикадағы жетекші аграрлық өңірлердің бірі болып қала беретіні жөнінде түйін түйді. Ең бастысы, Ақ­жайық аймағында жерге лайықты түрде қожайын бола алатын жандар мен азаматтар бар екен. Жер рефор­масының басты мәні де осында деп қорытты ол өз ойын. Мұхтар Абрарұлы Орал өңіріне сапа­ры­ның екінші кезеңінде «Бизнестің жол­ картасы-2020» және «Нұрлы Жол» мем­лекеттік бағдарламалары қалай жүзеге асып жатқанына көңіл аударды. Жеке кәсіп­керліктің көкжиегін көтеру үшін рес­пуб­ликалық бюджеттен бөлінген қара­жат­тардың игерілуі бүгінгі күні қандай деңгейде екенімен жете танысты. Ол әсіресе, облыста қадамдарын жаңа бастаған кәсіп­керлерге жан-жақты қолдау жасалып отыр­ғанына ризашылық білдірді. Атап айт­қанда, Ақжайықта оларға белгіленген грант­тардың берілуі мен бөлінуі жүз пайыздық мөлшерді құрайды. Қаржылай қолдау мен несиелеудің биылғы жылдың бірінші тамызына дейінгі көрсеткіштері де көңілге қонады. Соның басты бір көрінісіне, партия Төрағасының бірінші орынбасары, Орал қаласындағы «Квант» ЖШС жиһаз фабрикасы мысалында көз жеткізді. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылында құрылған кәсіп­орын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес өткен жылы өз тұтынушыларына қызмет көрсете бастады. Индустрияландыру картасы­на енгізілген отандық кәсіпорынға жаңаша жобалау нормасына сәйкес миллиард теңгеден астам қаражат бөлін­ген. Мемлекеттің осындай қаржылай қол­дауы­ның нәтижесінде фабрика ұжымы бүгін­гі күні он төрт мың сапалы да сәнді жиһаз бірлігін шығарып үлгер­ді, – деді М.Құл-Мұхаммедке аталған кәсіп­орын­ның директоры Михаил Пшеничный. Одан әрі Төрағаның бірінші орын­ба­сары Елбасының тікелей бастамасы­мен өмірге келген аталмыш бағдар­лама 2010 жылдан бері табысты жүріп жатқаны­на тоқталды. Осы орайда республика бойынша сегіз мыңнан астам жоба іске қосылған. Осыдан он жыл бұрын тұтастай Қазақстанның бюджеті осыншама сома құраған екен. Бағдарламаның игілігін көріп отырғандардың бірі – Оралдағы осы жиһаз өндірісі. Сондай-ақ өңірде «Нұрлы Жол» мем­лекеттік бағдарламасы шең­берінде шешімін тапқан жобалар да жеткілікті. Оның бірі – «Арман» шағын ауданында пайдалануға берілуі күтіліп отырған 144 пәтерлік және «Марасан» ЖШС-іне қарасты тұр­ғын үй кешендері. Құрылыс-монтаж жұмыс­тарының белгіленген кес­тесінен сәл кешеуілдеп қалған екенсіздер. Дегенмен құрылыс сапасы жақсы болса, бұған түсіністікпен қарауға болады, – деді өз ой-пікірін «СВ-Плюс» ЖШС-нің директоры Сабит Өтебәлиевке бағыт­таған Мұхтар Құл-Мұхаммед. «Нұрлы Жол» бағдарламасы арқылы бөлінген қаражаттың жұмсалуына «Нұр Отан» партиясы фракциясы құрамындағы об­лыстық мәслихат депутаттарының тобы бақылау жасап отыр екен. Бұған қолдау көрсеткен Төрағаның бірінші орынбасары бұдан әрі «Нұрлы Жол» бағдарламасы әлем­дік экономикалық дағдарыстың бас­тауы кезінде шешуші рөл атқарғанын айтып берді. Бұл – жаңа өндіріс орындары, автомобиль, теміржол және тұрғын үй құрылыстары және жаңғыртылған әлеуметтік инфрақұрылымдар деген сөз. Солардың бірқатары Орал қала­сындағы тұрғын үй кешендері, – деді одан әрі ол. Кеше Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясы филиалы ғимаратында облыстағы партия активімен де кездесті. Оны партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгінов ашып, жүргізіп отырды. Активте облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен, «Нұр Отан» партиясы Зеленов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатыров, «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары, мұн­дағы бастауыш партия ұйымының төр­ағасы Владимир Ткачев сөз сөйлеп, партиялық жобалар және қоғам­дық қабылдау кезінде тұрғындардан түсе­тін өтініш-тілектердің орындалу барысы туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Кездесуде «Нұр Отан» партиясы Төр­аға­сының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед облыстық филиал қызметінің деңгейін одан әрі көтеру, мемлекеттік бағ­дарламалар бойынша бөлінген қара­жаттардың тиімді жұмсалуына қатаң партиялық бақылау орнату, «Жас Отан» жастар қанатының қызметін жаңа саты­ға көтеру, партия қатарына тек оған лайық­тыларды ғана қабылдау және бастауыш партия ұйымдарының жұмысын одан әрі жаңғырту туралы ой қорытты. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы