Қазақстанның хоккейден құрамасы соңғы күндері 2018 жылы өтетін қысқы Олимпиялық ойындардың іріктеу турнирінде үш кездесу өткізді. Нәтижесінде команданың Олимпиадаға бара алмайтыны белгілі болды.
Біз осы циклда қазақстандық хоккейшілердің Ослода өткен бірінші ойынында Норвегияны овертаймда 3:2 етіп ұтқанын, содан кейін француз құрамасынан 1:4 болып ұтылып қалғанын хабарлаған болатынбыз. Олар соңғы, үшінші матчты Италия құрамасымен өткізіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Кездесуде бізден Максим Худяков (9-минут), Брэндон Боченски (29) және Роман Старченко (57) шайба салса, италиялықтардан Джулио Сканделло (7) мен Томмазо Траверса (38) мергендіктерімен көзге түсті.
Нәтижесінде Қазақстан құрамасы үшінші орынды місе тұтты. Сөйтіп, олимпиялық үміт жанбай қалды.
Мұрат АЙТҚОЖА