06 Қыркүйек, 2016

Болса керек бүгіннен ертең нұрлы

383 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ПірназарБүгін әлемнің 206 елінің спортшылары мен босқындар құрамаларының басын қосып, ұзын саны 974 медальді сарапқа салдырған, табаны күректей 16 күн бойы Жер шары жұртының басым бөлігін өзіне көз тігіп, құлақ түргіздіріп қойған Олимпиаданың аяқталғанына тура 16 күн толып отыр. Рио-де-Жанейроның төрінде жарыс көрігін қыздырған бұл аламанның қызығы мен қызуы әлі басыла қойған жоқ. Керісінше, 2020 жылы Токиода өтетін келесі Ойындарға дейін айтыла беретін оның мәні мен маңызы, салмағы мен сарабы туралы әдіпті әңгімелердің кезегі алдағы күндердің еншісінде жатыр. Енді олимпиялық уақытпен бірдей мезгіл өткеннен кейін біз де оған қайта бір оралып, Ойындар қорытындылары турасында қысқаша сөз қозғап көрейік. Бірден айтып қояйық, Қазақстан спортшыларының Риода қол жеткізген табыстары шын мәнінде ересен ерлікпен пара-пар болды. Мұны пайымдау үшін бізге бұдан бұрынғы Олимпиадалардағы көрсеткіштер мен есеп-қисапты безбен басына тағы бір салып өтуге тура келеді. Бәріңізге белгілі, Қазақстан дербес команда ретінде алғаш рет қатысқан 1996 жылғы Олимпиялық ойындарда 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль жеңіп алған болатын. Мұны спорттың 14 түрі бойынша сайысқа түскен 96 спортшымыз алып келді. Міне, бұдан кейінгі кезеңдерде біздің Олимпиялық ойындарға қатысқан саңлақтарымыздың саны мен олардың жарысқан бәйгелерінің қатары ұдайы өсіп отырды. Осылайша, біз 2000 жылы Сиднейге 17 спорт түрі бойынша 130 тарланымызды апардық. Олар «жасыл құрлықтан» 3 алтын және 4 күміс медаль алып қайтты. 2004 жылы Афинада жалау желбіреткен келесі Ойындарда спорттың 17 түрі бойынша 119 саңлақ еліміздің намысын қорғады. Бұлардың еншісіне 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль жазылды. Бұдан кейін 2008 жылы Бейжіңде керуен керген аламан 22 спорт түрінен біздің 132 спортшымызды жарыс жолдарына шығарды. Олар елге 2 алтын, 4 күміс және 7 қола медальмен оралды. Сөйтіп, жалпы медаль санын бірінші рет 13-ке жеткізді. 2012 жылы Лондонда тап осы медальдар саны жөніндегі үздік көрсеткіш және бір қайталанды. Бірақ бұл кездегі ең басты табыс спортшыларымыздың алтын медальдар санын 7-ге жеткізуі еді. Сол сияқты қоржынға тағы 1 қола және 5 күміс медаль түсті. Бұларды спорттың 20 түрі бойынша сайысқа шыққан 115 өреніміз жүзеге асырды. Ал Бразилия жеріне 104 намысты ұл-қыздарымыз аттанып, 17 түрлі сайыс бойынша жүлделер үшін күреске қатысты. Бұлардың алып қайтқандары 3 алтын, 5 күміс және 9 қола медаль болды. Осының негізінде жалпы медальдар көрсеткіші жөнінен 17-ге тоқтап, тағы бір рекордқа құлаш ұрдық. Ал тап Ойындар басталар алдында төрт бірдей Олимпиада чемпионымыздың жолдарына тосқауыл қойылмағанда, жүлделер санының бұдан да көп болатынында ешбір күмәніміз жоқ. Осылардың бәрі біздің елімізде спорттың көптеген түрі бойынша алған бағыт пен бағдардың дұрыс екенін байқатады. Біз бұл жерде, ең алдымен, ауыр атлеттерімізге ризашылық білдіруіміз керек. «Қанаты қайырылып, тұмсығы майырылып» барған сол ұжым қорытындыда командалық есепте бесінші орынға тұрақтады. Ал таяу күндерде бұл сапқа тағы бір қола медальдің қосылып қалуы әбден мүмкін. Өзінің қайсыбір Ойындардан да алтын медаль алып келу үрдісін жақсы жалғастыра білген боксшыларымыз да әспеттеуге тұрады. Оның үстіне, бұған дейін ең жоғары көрсеткіші 4 медальдан асып көрмеген былғары қолғап шеберлерінің бұл жолы 5 жүлдемен оралып отырғанын да ұмытпау керек. Сол сияқты әйелдер күресінің өкілдері де айды аспаннан бір-ақ шығарды. Осы сапта суда жүзу спортынан тұңғыш рет алтын медальдың алынуы бұл салаға соны серпін беретін болса керек. Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Қазір ма­мандар мен жанкүйерлер арасында Ойын­дарға барып қайтқан спортшыларымызбен жаттық­тырушыларымызды жөнді-жөнсіз сынаушылар көбейіп кетті. Әлбетте, сын айтылуы керек. Ол ендігі жұмысты жақсарту үшін де қажет. Бірақ сын сынау үшін ғана айтылмауы тиіс. Біздіңше, тиісті федерациялар мен бапкерлер штабтары өздерінің жіберген кемшіліктері мен олқылықтарын сырт көзден де артық біледі. Тек олардың сол кемшін тұстары мен олқы жақтарын жүйелі де жоспарлы түрде жөндеулерін тілейік. Біздің бала күнімізде «Бүгіннен де болады ертең нұрлы» деп келетін ән жолдары болушы еді. Ал біз спортымыздың келешегі бүгінгіден де әлеуетті бола түсетініне, оның бұрын өзіміз үшін өгей көрініп келген көптеген түрлерінің өркен жая бастайтынына сенімдіміз. Бұған Елбасының тікелей тапсырмасымен қазір біраз уақыттан бері әртүрлі облыстар орталықтарында салынып келе жатқан алуан сипатты спорт сарайлары толық дәлел.  Серік  Пірназар, «Егемен Қазақстан»