06 Қыркүйек, 2016

Кеншілерге керек мекеме

286 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ERA_3823Жезқазғанда медициналық орталық ашылды Кенші кәсібі әсте оңай шаруа емес әрине. Тау қопарып, тас жару, шыңырауға түсіп, кен жынысын қырға шығару орасан күшті қажет етеді. Сонысына қарай кеншілердің әлеуметтік жағынан қорғалу мә­селесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бұл орайда «Қазақмыс корпорация­сы» ЖШС көп іс тындыруда. Жуырда Жезқазғанда дәрігер Сер­гей Михайлович Бубновскийдің бірегей әдістемесі бойынша кинезите­рапия орталығы салтанатты түрде есігін келушілерге айқара ашты. Ор­талықты құруға «Қазақмыс» кә­сіп­­орны 82 миллион теңге бөліп, қа­жетті жабдықтармен қамтамасыз етті. Дәрігерлерді оқытуға да мұ­рындық болды. Жезқазған қала­сындағы медициналық орталықтың аумағында орналасқан емдеу ме­кемесі енді корпорацияның жұ­мыскерлерін ғана емес, сондай-ақ өңір тұрғындарына да толыққанды қызмет көрсетеді. Орталықта остеохондроз, жарық, артроз, артрит, сколиоз және омыртқа аурулары мен буындарды Бубновскийдің авторлық әдістемесімен емдеу мүмкіндігі туды. Биылғы жылдың соңына дейін 200-ге жуық шахтерді емдеу жоспарланып отыр. Мұндай орталықты іске қосу арқылы тірек-қимыл сырқаттарынан зардап шегетін компанияның қызметкерлерін және аймақ халқын сауықтыруға жол ашылып отыр. Осы тақылеттес аурулардан «Қазақмыс» қызметкерлерін емдеу бойынша іс-шаралар белсенді жүргізілмек. Нәтижесінде науқастанушылар санын 30 пайызға дейін төмендету көзделуде. Медициналық орталық ита­лиялық «PANATTA S.R.L.» және Ресейде жасалған Бубновскийдің көпсалалы тренажерлерімен жарақ­тандырылған. Тиімді әрі нәтижелі жұмыстар істеу үшін дәрігерлер мен спорт нұсқаушылары Мәскеуде және Қарағандыда орналасқан Бубновскийдің орталықтарында тағылымдамадан өтіп, біліктіліктерін арттырды. Орталықтың ашылу рәсіміне Сергей Бубновский келіп қатысты. Ол Қазақстанның түрлі қалаларынан келген әріптестерімен бірге Жез­қазғанның тұрғындарына ашық шеберлік сыныптарын өткізді. Ал Сергей Михайлович Бубновскийге келетін болсақ, ол есімі көпке бел­гілі медицина ғылымдарының докторы, профессор, адам ағзасын сауықтыру жөніндегі сандаған кітаптардың авторы. Тәжірибелі дәрігер дәрі-дәрмексіз және операция жасамай-ақ науқастарды ем­деудің тың тәсілін енгізді. Ең­бекке қабілеттілікті қалыпқа кел-тірудің жаңа жүйесін ұсынды. Сон­дай жүйенің бірі – кинезитерапия емдік дене тәрбиесінің ажырамас бағытына айналып отыр. Бұл әдіс арнайы тренажерлік жабдықта жүргізілетін жаттығулардың күр­­делі кешенін орындауға не­гізделген. Аталған тренажердің ар­қасында омыртқа дерттерін дер кезінде емдеуге мүмкіндік туды. Емдеу циклы мамандардың қатаң бақылауымен жүргізіледі. Әрбір емделушіге әдіс­теме түрі жеке таңдалып алынады. Міне, содан да болар, оның тиімділігі де жоғары болып отыр. – Жалпы Жезқазған өңірі және медициналық орталық үшін – бұл ауқымды оқиға. Тірек-қимыл аппаратына байланысты барлық күрделі ауруларды емдеудің және алдын алудың бірегей мүмкіндігі туды. Енді өндірісте жарақат алған шахтерлер тез сауығып кетуге ем-дом алып, қатарға қосылары хақ. Сөйтіп, компанияда жұмыс іс­теуді жалғастыра бермек, – дейді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқармасы төрағасы Бақтияр Қы­­рықпышев. – Біз алдағы кезде де еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіп­сіздік мәселелеріне жіті қарап, жұ­мыскерлердің денсаулығын сақтау мен нығайтуды жалғастыра береміз. Өйткені кеншілер тәуекелмен жұмыс істейтін топқа жататындығы белгілі. Сондай-ақ, кәсіби аурулар санын азайтып, жұмыскерлердің еңбекке қабілеттілігін ұзартуды ұдайы назарда ұстаймыз. Иә, сан мыңдаған адам еңбек ететін алып кәсіпорында әлеуметтің әлеуетін көтеруге арналған игі істер атқарылу үстінде. Оның нақты кө­рінісі ретінде кеншілер шаһарында ашылған заманауи медициналық орталық көпшіліктің көзайымына айналды. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»