Суға кеткен біреу тал қармап, өлдім-талдым дегенде бір аралдың жағасына шықса, алдынан «Бұл жердің қожайыны мен. Осында келсең, алдымен менен рұқсат алуың керек!», деген жазу шығыпты. Оң-солына қараса ешкім жоқ. Аралды әрі кезеді, бері кезеді, алайда, ешкімді кезіктіре алмайды. Басына үйшік тұрғызып, тіршілік ете бастайды. «Сен қайдан келдің?» деген ешкім жоқ. Бірақ, әлгі адам өмір бойы «Аралдың иесі қашан келер екен» деген ойдан арыла алмапты...
Заң мәселесінде де әрбір азамат өзін әлгі аралға шығып қалған жандай сергек те сезімтал ұстаса игі еді деген ойға қаласың. «Ең мәдениетті қоғам – заңмен өмір сүретін қоғам» деп бекер айтылмаса керек. Эммануил Канттың да «Мемлекет дегеніміз – құқыққа бағынған адамдар ұйымы» деген сөзі бар. Иә, біз де құқықтық мемлекет құруды алдымызға мақсат тұтқан елміз және бұл бағытта жасалып жатқан шаруа да баршылық.
Алтыншы сайланған Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Н.Ә.Назарбаев депутаттарға үлкен міндеттер жүктеді. Бұл ретте, бірінші кезекте, Елбасы ел қауіпсіздігінің заңнамалық негізін нығайтуды тапсырып отыр. Әлемнің өзге елдері сияқты Қазақстан да тікелей террорлық қауіп-қатерге кез болды. Ақтөбе мен Алматыдағы террорлық актілердің салдарынан бірнеше адамның қазаға ұшырағаны әлі есімізде.
Ұлт Жоспарын жүзеге асыруды заңнамалық қамтамасыз ету де басты міндеттердің бірі. Бұл 5 институттық реформа, индустрияландырудың екінші бесжылдығы, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты аясында экономика өсімінің жаңа драйверлерін жүйелі түрде қалыптастыру үшін мейлінше қажет. Елбасы ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне де кеңінен тоқталды. Жер реформасы бойынша кейбір мәселелердің орындалуына бес жыл мораторий жариялануына байланысты, мұны заңмен нақтылау қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, Жер кодексіне және басқа да заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң қабылданбақ. Бұл өзгерістер жерді жалға беру жүйесінің тетіктерін жетілдіру, кез келгенге бере салмай, оны тек игеруге мамандығы, тәжірибесі, қаржылық мүмкіндігі бар адамдарға беру, жалға берген жердің шекті мөлшері болу керектігі тәрізді қадау-қадау мәселелерді қамтитын болады.
Парламенттің алдында үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын қарап, қабылдау мәселесі де тұр. Мемлекет басшысы заң қазақстандықтардың өмір деңгейін төмендетуге жол берілмейтін жағдайда түзілуі қажеттігіне ерекше назар аударды. Яғни, зейнетақылар, жәрдемақылар, стипендиялар, өзге де әлеуметтік төлемақылар барынша қорғалады деген сөз.
Өз сөзінде Елбасы қандай да болсын заңның барынша жетілдіріліп, барлық мәселені оң шешетіндей жағдайда қабылдануы керектігін білдірді. Расында, кез келген заң тек өзінің орындалуымен ғана құнды әрі маңызды. Осындайда еске түседі. Француз Мишель де Монтеннің айтуы бойынша, көне заманда фурийлердің заң шығарушысы ескі заңды мансұқ еткісі немесе жаңа заңды іске кірістіргісі келетін әрбір заңгерге халық алдына мойнына арқан байлап шығып, егер өзінің ұсынып отырған заңы бірауыздан мақұлданбаса, сол жерде асылып өлуін талап етеді екен. Заман басқа, заң басқа дегендей, әрине, бізге мұндай құрбандыққа барудың қажеті жоқ. Дегенмен, қабылданған заңды іске кірістірудің тетігін ойластырумен қатар, заңды қабылдар алдында оның мән-жайын халыққа жан-жақты түсіндіру қажет.
Мұны Президент те өз сөзінде «Жер туралы» заңның қоғамдағы әртүрлі пікірлерді ескермей қабылданғандығын мысалға ала отырып атап өтті. «Жыл сайын аграрлық секторға айтарлықтай қаражат жұмсалады, бірақ ол өзін ақтай бермейді. Нарықтық экономикада олай болмайды. Мұның басты себебі, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің төмендігінде жатыр, ал оны арттыру үшін қосымша қаражат салу керек. Бүкіл әлем аграрлық секторға инвестиция тарту ісімен айналысуда. Біздің мемлекетіміз де ауыл шаруашылығын дамыту үшін көбірек капитал тартуды қалады. Егер бұл жұмыс түсіндіруден басталып, тек содан соң ғана заңдар қабылданса, онда ахуал басқа болар еді», – деді Мемлекет басшысы.
Бір сөзбен айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев заң шығарушылық үдерісінің шеңберлерін кеңейте түсу қажеттігіне ерекше көңіл бөліп отыр. Яғни, қоғам үшін өте өзекті мәселелер бойынша заң қабылдар тұста асығыстық жасауға болмайды. Елбасы тым асығыстық жақсылыққа апара қоймайтынын ескерте отырып, жобаларды дайындау сатысында оған қоғамдық сарапшыларды, ҮЕҰ, парламенттік емес партиялардың және БАҚ өкілдерін тарту қажеттігіне назар аударды. Иә, заң сапасы жоғары болуы үшін жан-жақты талқылаудан өткізу қашанда ұтымды шешім болмақ. Парламент депутаттары Елбасы тапсырмасын қалай орындайды? Бар мәселе осында.
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
саясаттанушы