Кеше Орталық сайлау комиссиясы Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркеу мәселесін қарады. ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов кандидатты тіркеп, Н.Назарбаевқа президенттікке кандидат ретінде тіркелгені туралы куәлік беріліп және ол бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс табуы қажеттігін қарастыратын қаулы жобасын жария етті. Қаулыға Орталық сайлау комиссиясының барлық мүшелері бірауыздан дауыс берді.
Сайлау заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат облыстардың кем дегенде үштен екісінің, Астана мен Алматы қалаларының атынан теңдей өкілдік ететін сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде 1 пайыздық қолдауына ие болуы тиіс. Осы жерде сәл шегініс жасайтын болсақ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Президенттің өкілеттігін ұзарту туралы референдум өткізу бастамасын көтергені белгілі. Бес миллионнан астам қол жиналуымен қатар, «Қазақстан-2020» демократиялық күштердің коалициясы да қалыптасып үлгерді.
Алайда Елбасы референдумнан бас тартып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешім қабылдағаннан кейін сайлау додасы басталып кетті. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезекті ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев аталған бастамаға қолдау көрсеткен қазақстандықтарға ризашылығын білдіре отырып, өзінің осындай шешім қабылдағанын жеткізген еді. Өз ұстанымын Нұрсұлтан Әбішұлы былай түсіндірді: «Мен үшін ел Президенті ретінде халықтың сенімі бәрінен де жоғары. Тек еліміздің жоғары мүдделерін басшылыққа алған мен референдумның орнына мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы шешім қабылдадым».
Осы құрылтайға қатысқан Ерлан Сыдықов сайлау мен референдумның екеуі де халық билігін жүзеге асырудың заңды жолы екендігін айта келіп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Нұр Отан» ХДП атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынған болатын. Мұндай ұсыныс партияластары тарапынан қызу қолдауға ие болғаны белгілі. Ұсынылған құжаттарды қарай келе, Орталық сайлау комиссиясы олардың сайлау заңнамаларына сәйкес келетіндігін анықтап, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.