Әулиекөл кентінің қақ ортасында ұлтымыздың рухани ұстазы, Алаш ардақтысы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаған, түркітанушы Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш-бюст ашылды. Ескерткіштің жамылғысын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, академик Кенжеғали Сағадиев және Ахмет Байтұрсынұлының туысқаны Қазымбек Спанов ақсақал сыпырғаннан кейін таласа-тармаса гүл қойған, тас мүсіннің тұғырын сипалаған әулиекөлдіктердің ұмтылысы кемеңгер тұлғаға құрметтен бұрын Ахаңа деген сағынышты білдіргендей жиналған қауымды ерекше сезімге бөледі. Әулиекөлге Ахаңның өзі келіп қалғандай қуаныш көңілдерді аралап кетті. Ахмет атамыздың немересі Айман апа да көз жасына ерік берді.
Ахмет Байтұрсынұлы тек әулиекөлдіктерге емес, исі қазаққа, тіпті жалпы түркі жұртына ортақ тұлға. Бірақ әулиекөлдіктерге Ахаңның есімі тым ыстық. Орынбордан білім алған жас Ахмет 1905 жылы Әулиекөлдегі мектепте ұстаздық жолын бастаған болатын. Ел аузында қалған әңгіме бойынша бозбала Ахмет жары Бәдрисафаны да осы жерден тапса керек. Ахаңның бұл өңірде осылай табанының ізі қалған. Сондықтан болар, қызыл саясат кезінде Семиозер атанып кеткен поселкенің Әулиекөл аты тәуелсіздіктің елең-алаңында қалпына келтіріліп, осындағы орталық ұзын көшеге Ахмет Байтұрсынұлы есімі берілген еді. Сол көшенің бойында ұлт ұстазы ескерткішінің болуы сұранып тұрғандай еді.
– «Көп түкірсе – көл» деген, мұны қазынаның қазанына қаратпай, Ахаң ұрпақтары қаржы жинап, өзіміз орнаттық. Ескерткішті Арқалық қаласында тұратын белгілі мүсінші Әбілбек Ұзақов жасады, – дейді осы игі істің бастамасын көтеріп, басы-қасында жүрген Ахмет ұрпақтарының бірі Ибрагим Ағытай.
Ескерткіш тұғырында Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – 1872 жылғы 5 қыркүйек, атылған күні – 1937 жылғы 8 желтоқсан деп көрсетілген.
– Осыған дейін Ахмет атамыздың туған күні 28 қаңтар деп жазылып келді. Ескерткішке ақиқат туған күні жазылып, оның ашылу салтанаты да осы күнге орайластырылғаны үлкен жаңалық болып тұр. Кемеңгер тұлғаның өміріне қатысты деректердің барлығы да кейінгі ұрпаққа бұрмаланбай дұрыс жеткені мақұл, – дейді Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музейінің директоры Райхан Имаханбетова.
Салтанатты шара «Ахмет Байтұрсынұлы және Мәңгілік Ел мұраты» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға ұласты. Онда А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзагелді Малбақов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов баяндама жасады, қоғам қайраткері, академик Кенжеғали Сағадиев сөз сөйледі. Ұлтымыздың рухын оятқан күрескер, ғалым, ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы туралы ғалымдардың мазмұнды, терең пікірлерін жұртшылық ұйып тыңдады. Ахаңның экономикалық және философиялық ойларын ортаға салған Кенжеғали Сағадиев оның әлемдік деңгейге көтерілген тұлға, данышпан екенін тұжырымдады. Ақын Серік Тұрғынбеков жырдан шашу шашты.
Конференцияға жиналған жұрт Алматыдағы және Торғай кентіндегі А.Байтұрсынұлы музейлерінің ұйымдастыруымен Ахаң өмірі мен қызметінен деректер беретін құжаттар көрмесін тамашалады. Мұнан кейін Әулиекөл жерінде Ахмет атамызға ас беріліп, рухына құран бағышталды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Әулиекөл ауданы