«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлібек Қартов БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Н. Назарбаевты қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың құрылып, іске кіріскенін мәлім етті. Штаб төрағасының айтуынша, алда зор міндеттер тұр. Қазіргі басты мақсат – күшті «Нұр Отан» ХДП атынан ұсынылған үміткерді қолдаушылардың дауысын жинауға жұмылдыру. Содан кейін президенттікке кандидаттың сайлауалды бағдарламасын жұртшылық арасында насихаттау ісіне белсене атсалысатын болады. Жергілікті партия ұйымдары 755 сайлау учаскелері бойынша сенім білдірілген адамдардың тізімін ұсынуды аяқтады. Әлібек Намимұлы сегіз бөлімнің құрылып, атқарылатын үгіттік-насихаттық, ұйымдық шаралардың жан-жақты ескерілгенін жеткізді.
Штаб құрамына үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер, жастар, этномәдени бірлестіктер өкілдері енген. Қай-қайсысын болсын облыс жұртшылығы жақсы біледі. Солардың бірі Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, штаб жетекшісінің орынбасары Григорий Кухарь референдум өткізуге байланысты бастаманы солтүстікқазақстандық сайлаушылардың 56 пайызы қолдағанын, кезектен тыс сайлауда да жерлестеріміздің өз әділ таңдауларын жасайтынын жеткізді.
Штаб мүшелері журналистердің сауалдарына жауап берді.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.