07 Қыркүйек, 2016

"Бірінші телеарна атына сай болуы керек" – Дәурен Абаев

250 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

02_0

Қазмедиа Орталығы» ғимаратында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен «Қазақстан» РТРК» АҚ-тың кеңейтілген алқа мәжілісі өтіп жатыр. Мәжіліске «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова мен корпорацияның департаменттері мен бөлімдерінің және құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысуда.

«Қазақстан» РТРК» АҚ еліміздегі телехабар тарататын бірінші арна. Сол себепті оның жұмысы да соған сай болуы керек. Ол үшін министрлік тарапынан қашанда қолдау көрсетіліп келеді және алдағы уақытта да солай болады. Бүгінгі таңда Сіздердің алдыларыңызда қоғамды сапалы әрі тың ақпараттармен қамтамасыз ету бағытында үлкен міндеттер тұр. Осы ретте біз әсіресе Корпорацияның аймақтардағы өкілдіктерінің  жұмыстарын жетілдіруге күш салу қажеттігін айтқымыз келеді. Аймақтарда материалдық-техникалық базаның жағдайы да назарға алынғаны жөн», - деді министр Дәурен Абаев. Бұған қоса министр хабар тарату барысында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы ерекше назарда болуы қажеттігін ескертті. Сондай-ақ ол министрлік пен құзырлы органдар тарапынан Головкин-Брук кездесуі сияқты айтулы шараларды көрермендерге жеткізу бағытында да тиісті жұмыстар жүргізіліп, алдағы уақытта қалың көпшілік көптен күткен осы сайысты тамашалай алатындықтарын жеткізді. «Министрлік тарапынан елімізде хабар тарату ісіне барынша көңіл бөлініп келеді. Ендігі кезек тек Сіздердің жұмыла жұмыс істеулеріңізге байланысты», - деп атап көрсетті Д.Абаев.

Жиында баяндама жасаған «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова өзі басқарып отырған ұжымның жұмысы мен жетістіктері туралы есеп беріп, алдағы жоспарлары жайлы айтты.  Оның сөзіне қарағанда, "Қазақстан" ұлттық телеарнасы жасаған телехикаялар шетелде жоғары сұранысқа ие. «Көрермендер ықыласына бөленген «Сырғалым», «Қасым», «Жамбыл» көркем телехикаялары бүгінде Ресей, Татарстан, АҚШ, Кипр мен Словения елдерінде көрсетілуде», - деді Нұржан Жалауқызы.

Кеңейтілген алқа мәжілісі кезінде «Kazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин де баяндама жасады. Ол «Ақпаратты Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасының  насихатталудағы маңызын, саламатты өмір салтын негіз еткен мақсат-міндеттердің, отандық және шетелдік спорттық оқиғалармен ақпараттандырудың маңыздылығына тоқталды. Ең бастысы – қазақстандықтардың назарын спортқа аудару екенін айтты.

«Телеарна спорт саласы бойынша 7 бағытта қызмет етеді.  Көбіне эфирде кәсіби спортпен байланысты контент беріледі. Олардың қатарында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған жарыстардың жылдық жоспарына және  қазақстандық атлеттердің қатысуымен өтетін  халықаралық сайыстардың кестесіне сәйкес түрлі чемпионаттар мен турнирлерден трансляциялар бар», - деп атап өтті П.Цыбулин.