08 Қыркүйек, 2016

Мәжіліс іске кірісті

235 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
era_8562Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен Парламенттің екінші сессиясы ашылғаннан бергі алғашқы жалпы отырысы болды. Ол Мәжілістің парламенттік сайтында (www.parlam.kz), сондай-ақ Bnews.kz және Tengrinews.kz. ақпараттық агенттіктерінде алғаш рет тікелей көрсетілді. Жалпы отырыстың күн тәртібіне 10 мәселе шығарылған екен, соның төртеуі Мәжіліс жұмысын жетілдіре түсу мен ұйымдастыру шараларына арналды. Алдымен Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева 8 депутаттың өз өтініштері бойынша тұрақты комитеттердің бірінен екіншісіне ауысуы туралы өтініштер бергенін баяндады. Алтыншы шақырылымның алғашқы сессиясынан  кейін кейбір депутаттар өздеріне оң жамбасқа келетін мәселелермен айналысуды қалап, осындай өтініш түсірген екен. Жалпы отырыс арнайы қаулымен оларды қалаған комитеттеріне ауыстырды. Өткен сессияның соңына қарай Эконо­микалық реформа және өңір­лік даму комитетінің төрағасы, мем­лекеттік тілде таза сөйлейтін пав­лодарлық Роман Скляр Президенттің Жарлығымен Ұлттық экономика вице-министрі қызметіне ауысқан болатын. Комитет төрағасының бос тұрған лауазымына палата депутаттары байырғы депутат, қаржы және бюджет саласының білгірі Нұртай Сабильяновты сайлады. Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин оның көп жылдар бойы Мәжілісте белсенді қызмет атқарып келе жатқанын атап өтіп, жаңа қызметінде табыс тіледі. Сонымен қатар, палата депутаттары Мәжіліс Регламентіне толықтырулар енгізу туралы мәселені қарап, оны жаңа нормалармен толықтырды.  Соның ішінде жарыссөз тоқтатылған кезде, саяси партия фракциясының, депутаттық топтың атынан сөз сөйлеу талап етілген жағ­дайда, депутатқа міндетті түрде сөз беру нормасы енгізілді. Бұл депутаттар мен депутаттық бірлестіктердің рө­лін күшейтумен қатар, Мәжіліс жұ­мы­сының ашықтығы мен жария­лылы­ғын толықтай қамтамасыз етуге тың серпін бермек деп бағаланып отыр. Регламентке жаңа нормалар енгізу туралы бастама көтерген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулинге «Ақ жол» фракциясының төрағасы, де­путат Азат Перуашев өзінің риза­шы­лығын айта келіп, енгізілген өзгеріс дамыған демократиялық жол­ға түс­кен елдердің парламенттік тәжі­ри­бесіне сәйкес екендігін атап өтті. Сон­дай-ақ, палата депутаттары екінші сессия­ға арналған Негізгі іс-шаралар жос­пары тура­лы қаулыны да бекітті. Сес­­сия жұмысының шең­берінде екі пар­ламенттік тыңдау, коми­тет­тердің 15 көш­пелі отырысы ұйымдастырылады екен. Отырыс­­тардың 14-і өңірлерде өтіп, 12 облысты қамтиды. Сон­дай-ақ, жоспарда 7 Үкімет сағаты, 4 конференция, 20 дөңгелек үстел өткізу белгіленген. Күн тәртібінде қаралған мәселелердің арасында экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша және жергілікті өзін өзі басқаруды дамытуға бағытталған аса маңызды заң жобалары арнайы қаулымен жұмысқа қабылданды. Депутаттардың талқысына түсіп ұзақ қаралған: «1994 жылғы 15 сәуірдегі Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, басқа мем­ле­кет­тердің аумағындағы ұрыс қи­мылдарына қатысу­шылар­ға, қаза тапқан әскери қызмет­шілердің отбасыларына ар­налған жеңілдіктер мен кепіл­діктерді өзара тану туралы келісімге өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы хат­таманы ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Соғысқа қатысушылар мен мүге­дектер туралы дегенімен, бұл келісім кейінгі соғыстарға қаты­су­шылар мен мүгедектік алған құқық қорғау саласы қыз­меткерлеріне де қатысты екен. Сондықтан, ол біздің еліміз­де 222 мың адамды қамтып, заң жобасының шеңберінде бюджеттен бір жылда 24 млрд теңге таратылатын көрінеді. Осы хаттамаға қол қоюшы елдердің бәрінде жеңілдікті алуға тиісті адамдар бірдей құқылы деп танылғанымен, оларға көрсетілетін жәрдемақылар көлемі сол елдің ұлттық заңнамасында қарастырылған шеңберде беріледі. Келісімге өзгеріс енгізу туралы аталмыш хаттамаға 2015 жылғы 30 қазанда Душанбе қаласында қол қойылған. Бұларды заң жобасы туралы баяндама жасаған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова хабарлады. Депутаттар біршама анық­тамалық сұрақтар берген соң заң жобасы толықтай мақұл­данды. Жалпы отырыста күн тәрбіне енгізілген бірнеше рати­фикациялық құжаттар бойынша, атап айтқанда, Қазақстан Үкі­меті мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агент­тік арасындағы Қазақстанда Атом энергиясы жөніндегі халық­аралық агенттіктің Төмен байы­тылған уран банкін құру, Қазақ­стан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстанда Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын құру (2-санат) туралы келісімдерді, сондай-ақ,  Қазақстан мен Ресей арасындағы қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенция шеңберінде екі елдің уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталар алмасу нысанындағы үкіметаралық келісімді ратификациялауға қатысты бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»