Өткен жылы көктемде елді дүрліктірген Қызылағаштағы су тасқынына жақын күндері бір жыл болады. Ауыл қайта қалпына келтірілгенімен, 45 адамның өмірін жалмаған апатқа кінәлі ретінде айыпталғандарға қатысты қылмыстық іске нүкте койылып, жақында кінәлілерге қатысты сот үкімі шығарылды.
Талдықорған әскери гарнизонының соты Дамир Ахтямов шығарған үкімде «Қызылағаш» табиғат пайдаланушылар ауылдық тұтыну кооперативі басқармасының төрағасы Қ.Бекеев Қылмыстық кодекстің 232-бабымен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айрылып, жазасын қоныс колониясында өтейтін болып, белгіленді. Оған үш жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынды.
Қызылағаш ауылдық тұтыну кооперативі басқармасының атқарушы директоры М.Жүнісов жоғарыдағы бап бойынша айыпты деп танылып, 5 жылға қоныс колониясында жазасын өтеумен қатар 3 жыл кәсіпкерлікпен шұғылданбайтындығы атап көрсетілді.
Қызылағаш селолық округінің әкімі Е.Жүнісов ҚР Қылмыстық кодекстің 316-бабының 2-бөлімімен кінәлі деп танылды. Ол 5 жылға бас бостандығынан айрылып, 3 жыл басшылық қызметтерде жұмыс істемейтін болып шешілді. Ол жазасын қоныс колониясында өтейді. Ақсу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы К. Байзақов 316-баптың 2-бөлімімен 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылды.
Айыптылар орындығындағы Алматы облыстық су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы А.Сабиров, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Б.Тынышбаев және облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Е.Енинге тағылған кінә сотта дәлелденбегендіктен кінәсіз деп танылып, сот залынан босатылды.
Күмісжан Байжан, Алматы облысы.