22 Ақпан, 2011

Мұңы сейілмеген актер

429 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жуырда Астанадағы «Фо­­­­­лиант» баспасынан жур­­­­налист-жазушы Қай­­сар Әлім­нің «Сейілмейтін мұң» атты трагедиялық хикаяты жа­рық көрді. Онда Қазақ­станның халық әртісі Әнуар Боран­баев­тың өжет өнері мен шыр­қаулы, шытыр­ман­ды шы­ғар­машылық кезеңі алуан қырынан жарқырап ашылған. Көрнекті театр және кино актері Әнуар 51 жас қысқа ғұ­мы­рын­да соңына өшпестей із қал­дырып кеткен дара тұлға еді. Ол сом­даған бейнелерде әлдебір зия­лы­лықтың нәзік сезімі жүрек қы­лын тербейтін. Ұлттық дәс­түрдің кенішіндей ол тіл құді­ре­тін терең сезіне білген. Рухани зердесі ұшқыр, көрермен жа­нын баурап алған ол әманда хал­қының ыстық ықыласына бө­леніп жүре­тін. Оның театр жә­не кино сала­сын­да жасаған образдары ұмы­тыл­мас­тай мұра болып қал­ғаны белгілі. Әлі де халқына мінсіз қыз­мет етіп келе жатқандай және ұрпақтар кәдесіне де қалт­қысыз жарай беретініне кәміл сенімдіміз. Тағдыр Әнуарды талай сынға салды. Бірақ ол мойымады, қайта шарболаттай шыңдала түсті. Бір аяғынан айырылса да сахнамен қоштаспай, өнер айдынында өжеттене өрге жүзді. Араға біраз уақыт салып, 1994 жылдың сәуірінде «Ана – Жер – Ананың» 30 жылдық мерекелік қойылы­мына шықты. Көрермендер сүйік­ті актерін көздеріне жас іркіп тұрып қарсы алған еді... Әнуар өнер үшін жаралған тұлға болатын. Оның сәні театр­дың ажарын ашатын. Ұлтының рухани кемелденуіне қалтқысыз қызмет еткен хас таланттың адами болмысы мен мазмұнды да абыройлы өнер жолы кейінгі ұр­паққа әдемі үлгі болып қалғанын медет тұтамыз. Міне, автор «Сейілмейтін мұң» трагедиялық хикаятында Ә. Бо­ранбаевтың осындай қайта­лан­бас тағдыр, талайын шеберлікпен әрі көркем өре біліпті. Кітап бы­лай аяқталады: «Актердің мұңы сейі­ліп көріп пе? Әсіресе, тумы­сынан талант сыбағасын еншілеген сах­на­гердің маңдайының бес елі соры бар, болар-болмас бағы бар, мәң­гілік сейілмейтін мұңы бар... Не туса да мұңнан туады. Шыншыл ғұмыр мұңнан сүзгі­леніп, еленіп, жаратылатын секілді...» ... Иә, осы тұжырымдар Әнуар ғұмырының тылсымын аша түсетіндей! Сәбит  НҰРБЕКОВ.