Бойы бір қарағанда аласа көрінгенімен, мүсіні сом болаттан құйылғандай шымыр да нық, балуан пошымдас, жанарынан жігер мен қайсарлық оты ұшқындап тұрған осы бір жігіт ағасымен танысқаныма 3-4 жылдың ғана жүзі болыпты. Алайда аузын ашса жүрегі көрініп тұратын ақкөңіл, адамды жатырқамай, өзіне еріксіз тартып тұратын ерекше бір қасиетінен бе, әйтеуір ә дегеннен шүйіркелесе сөйлесіп, бірі-бірімізді бұрыннан білетіндей жақындасып кеткен едік.
Әкем Кенжебай Ұлы Отан соғысынан мүгедек болып оралғандығына қарамастан, қан майданнан келе салысымен еңбек майданына қызу араласып кетіпті. Колхозда бригадир, мал дәрігері, басқарма басшысы болып қызметтер атқарды. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» ұранымен, барлық күш-қаражат жеңіс жолына жұмылдырылған елдің хал-жағдайы белгілі емес пе? Соғыс тұралатып кеткен сол колхозда біздер – оқушылар кәдімгідей-ақ жұмыс күші едік. Сол шаруалардың бәрін «қыңқ» демей атқарып, мектептегі оқуымыздан да шет қалғанымыз жоқ. «Оқысам, білсем» деген талпыну қасиеттері менің ғана емес, қатарластарымның бәрінің бойында жетіп-артылатын.
Иә, Мұсекеңнің әңгімесінен ұққаным «жаттығуда ауыр болса, майданда соғысу жеңіл болады» деген қағиданы берік ұстанған Кенжекең баласының еңбекке ерте төселіп, шынығуына, үйренуіне баса көңіл аударған екен. Мұсекеңнің қай істі қолына алса да содан нәтиже шығарғанша тыным көрмей еңбектеніп, қажырлылық танытуы, әр істің ыңғайын таба білу қасиеттері әкенің тәлімі, үлгі-өнегесі мен тәрбиесінің жемісі екендігі анық. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген халық мәтелі осындайдан айтылса керек. Кенжекеңнің: «Жұмыстың жаманы жоқ. Еңбекте ерінбесең – жемісін жейсің. Кімнің алдында болмасын, мерейің үстем болады. Қиындыққа мойымасаң – жеңіске жетесің» деген қағидасын кейіпкеріміз бала кезден миына сіңіріп, берік ұстанды.
Мұсекең кеңестік кездегі социалистік жоспарлы экономика мен жаңа замандағы нарықтық экономика талабының айырмашылығын ерте түсінді. Жергілікті жердің ерекшелік, сұраныс, талаптары ескерілмей, қарабайыр тәсілмен еңбек етудің уақыты өткенін анық білді. Сондықтан өмірлік тәжірибесі мен оқыған, тоқыған білімін пайдаланып, талдау арқылы істі ғылыми-техникалық прогресс бағытында жүргізуді алдына мақсат етіп қойды. Өркениетті елдердің заманауи еңбек үдерістерін өндірісте қолдануды көздеді. Істі неден бастады? Сонау 1990 жылдың басында елдегі жоспарлы экономика күйреп, ел не істерін білмей дал ұрып, шаруашылықтар шашылып қалған тұста «Маржан» ауылшаруашылық кооперативін құрды. Әр жерден қой, ірі қара сатып алды. Алғашқыда алған суармалы, біраз жайылым жерлері аздық еткендіктен, оны кеңейтіп, көлемін 12 мың гектарға жеткізді. Кәсіпкерлігі кең қанат жаюы үшін кооперативін «Көктөбе», «Нұрлан», «Шахида» шаруа қожалықтарына бөлді. Олардың әрқайсының өзіндік бағыты, бекітіліп берілген міндеттері бар. Мәселен, әр шаруашылықтың қарамағында 1800 гектардан жері, оның 60 гектары суармалы, 300 гектары өңделіп, 1500 гектар шабындық алқапта малдың қыстық жем-шөбі әзірленеді. Жаз жайлау, қыс қыстау болатын иелік жерлер заңдастырылып, малдардың қотыр, аусыл сияқты жұқпалы аурулардан аулақ болуы үшін кірәлинге тоғыту, егу алаңдары салынып, сақадай сай етіп жасалды. Тәубе, Мұсеке Кенжебайұлы басқарған «Талдықорғанет» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің шұжық, консерві, ет пен кеспе өнімдері облысымызда ғана емес, Алматы, Қапшағай, Текелі қалаларында үлкен сұраныспен өтеді. Сол малдәрігерлік, санитарлық сақтық шаралардың мемлекеттік стандартқа сай жүргізілуінің нәтижесінде, түліктердің төл басы көбейіп, өніп-өсіп отыр. Мысалы, Мұсекеңнің иелігіндегі алқапта 750 бас зеңгі баба ұрпақтары маң-маң басып, желіндері жер иіскеп сәнімен жайылса, 2000-нан астам қой бабымен бағылып, 300-ден аса мал асылы жылқы жайлаудың көркі болып, қыста көк мұзда көбік шашып, ойнақ салып жүр.
Мал тұқымын асылдандыру мәселесін бүкіл еліміз бойынша мемлекет деңгейінде жүргізуді Президентіміз тапсырма етіп белгіледі. Асыл тұқымды малдарды сонау Америка, Канададан алдыру қаншалықты тиімді екені қайдам, өзіміз сиырдың асыл тұқымды «Әулиекөл», қойдың «Еділбай» тұқымын құп көріп отырмыз. Бұлар жергілікті жерге, табиғатымызға, өзіміздің жем-шөпке үйренген ең қолайлы тұқымдар. Қазір бізде «Әулиекөлден» 180 бас, «Еділбайдан» 1000 бас асыл тұқымды аналық малдар бар. Бұйырса, мал тұқымын асылдандыруды әрі қарай жалғастырып, төрт түлігімізді түгел асылдандырмақпыз. Асыл тұқымды мал дегенің – сапалы, мол өнім алудың кепілі. Яғни, өзіндік құнын төмендетіп, тұтынушыға бағасы арзан сапалы ет өнімдерін алуға мүмкіндік туғызу дейді Мұсекең.
«Кешегі жеткен жетістігің ертеңгі күнге норма бола алмайды» қағидасымен өмір сүретін Мұсекең қол жеткен табысына «болдым, толдым» деп тоқмейілсімей, әр ісін әрмен қарай жетілдіріп, кәсіпкерлік аясын кеңейте түсуді алдына мақсат етіп қойған жан.
Өйткені нарықтың, уақыттың талабы солай. Мал бордақылау кешені, бүкіл құрал-жабдықтарымен ветеринарлық лаборатория, күніне 300 бас қой, ешкі, 70-80 басқа дейін ірі-қара малын сою мүмкіндігі бар қасапхана, әр ауысымда 1000 бөлке нан, қалаш-тоқаш пісіретін наубайхана, сол сияқты ауысым сайын 500 кило әртүрлі сұрыптағы кеспе өнімдерін шығаратын шағын зауыттан басқа, әр жұмыс күнінде 500-600 кило құмық, ақталған арпа, 10 тоннаға дейін ұн шығару мүмкіндігі бар диірмен ел игілігіне жұмыс жасап тұр. Одан басқа, әр ауысымда бір тоннаға шейін шұжық, 3,5 тонна өндіретін консерві цехы, сыйымдылығы 15 тонна тоңазытқыш ет-консерві өнімдерінің бұзылмай, тұтынушыға өз сапасымен жеткізілуіне қызмет етеді.
«Нарық талабы» демекші, Мұсеке Кенжебайұлы Президентіміздің «Инновациялық индустриялық жобаларды іске қосу арқылы экономиканы көтеруді мақсат етіп қоюымыз керек», деген сөзін өзіне берілген тапсырмадай қабылдаған еді. Міне, осы талапты жүзеге асыру, нарықтың сұранысын қанағаттандыру үшін құрылыс индустриясына да ден қойған болатын. Алдымен, көрші Қытай еліне кірпіш шығару зауытының технологиясымен танысуға барып, зауыттың жобасын, техника-экономикалық құжаттарын жинап әкелді. Ең бірінші есеп-қисап жөніндегі білімді де сенімді көмекшісі, жан-жары Шахидамен ақылдасты. Ертеңінде технолог, инженер, механик, кеңесші сияқты мамандарды жинап, «плюс-минустардың» бәрін есептеді. Жергілікті табиғат жағдайын, шикізатпен қамтамасыз ету, көлік шығындары, тұтынушыларды тауып, сату мүмкіндіктерін бүге-шүгесіне шейін шотқа салып, кеңесті. Бәрі бірауыздан «мақұл» дескеннен кейін ғана кірпіш зауытының құрылысына кірісті. Зауыттың қазіргі таңдағы өндірістік қуаты күніне 25-30 мың дана болса, әр маусымда 5 миллион данадан астам күйдірілген кірпіш шығарып отыр. Айта кетерлігі, бұл өнімге сұраныстың көптігі сонша, алушылар алдын ала кезекке жазылып қояды екен.
Иә, Мұсекең басқарған көпсалалы кәсіпорында еңбеккерлерге өздері өндірген өнімнің өзіндік құны бойынша ет, ұн, кеспе, консерві, шұжық сияқты азық-түліктері арзан бағамен босатылады. Әр жұмыс орнында, мәселен, егін, мал азығын дайындау жұмысындағылар үшін, дала қосынында, сондай-ақ, шағын зауыт, кірпіш индустриясында еңбек ететіндерге үш мезгіл тамақ, бір мезгіл бел суытып, тынығу үшін демалыс орындары жабдықталған. Ардагерлердің мерейтойын тойлау, еңбеккерлердің балаларын үйлендіру, тұрмысқа ұзату, тағы да басқа қуанышты шараларға Мұсекең тұрақты түрде қаржы бөліп, қамқорлық танытып отырады. Сондықтан, әр адам өз жұмыс орнын бағалайды. Адал еңбек етіп, басшының сенімін ақтауға барын салады. Ауылында өз қаржысына мешіт салуы, мүгедектер мен тұрмысы төмен жетім-жесірлерге қайырымдылығы, аудан, облыста өтетін спорт, мәдени шараларға демеуші болып, көмек көрсетуі – нағыз азаматқа тән қасиет. Жүзден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, олардың «әлеуметтік пакет» шарттары мен міндеттемелерін бұлжытпай орындап отырған, қолға алған қай шаруаны болсын дөңгелетіп алып кететін бесаспап басшы Мұсеке Кенжебайұлын облыс жұртшылығы «өз ісінің майталманы» деп біледі.
1974 жылдың көгілдір көктемі. Облыс орталығы – Талдықорған төріндегі «Жетісу» тойханасында өтіп жатқан екі жастың үйлену тойы үстінде орта бойлы, талдырмаш келген, ақсары әдемі қыз Мұсекеңдей сымбатты, қылшылдаған жас жігіттің қырағы көздеріне оттай басылды. Арудың көктемнің күніндей шуақ шашқан қос жанарынан мейірім шуағы айналаға тарап, жүріс-тұрысынан аса бір инабат пен мәдениеттілік, әдептілік пен тәрбиелік лебі есіп тұр.
– Қарындас, сізді биге шақыруға болар ма екен?
– Неге болмасын... – деп жылы жымиған қыздың әдемі күлкісі жігіттің жүрегіне ыстық шоқ түсіріп жібергендей, бұрындар басынан өткеріп көрмеген ерекше толқыныс сезімге бөледі. Қыпша белді, сұлу мүсін аруды вальс әуенімен шыр айналдырып, осы ләззат сәттің таусылмауын жан-жүрегімен қалаған Мұсеке құшағындағы қызға имене тіл қатты:
– Бұл Қыз Жібектей арудың аты кім болды екен?
– Есімім – Шахида – деп наздана күлген сұлудың қоңырау сыңғырындай даусы да әдемі екен.
– Менің атым Мұсеке...
«Осындай әдемілік пен үйлесімдік бір адамның талбойынан табылады екен-ау», деп ойлап үлгерген жігіт сол күні көңілін баурап, жүрегін жаулап алған хас сұлуды той соңынан үйіне жеткізіп салды.
Біраз уақыт кездесіп, бірін-бірі жақсы білісіп, түсінісіп, сыралғы болған жадыралы жаздың айлы түнінде Мұсеке қолындағы бір бума раушан гүлімен қоса қызға өзінің жүрек кілтін ұсынды.
«Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демекші, мәдениетті, өзі сері де мәрт, аңқылдаған абзал азаматты Шахида да шын көңілмен қалап, кездесіп жүрген 3-4 айдың жүзінде оған жүрегінің төрінен орын берген-ді. Гүлдері жайқалып, құстары махаббат жырын төккен тамыздың бір тамылжыған кешінде бір-біріне ынтық екі жас үйленіп, шаңырақ көтерген болатын.
– Қос қарғамның екеуі де заңгер болып жемісті еңбек етіп жүр. Нұрланымнан Әмір есімді, Маржанымнан Кәмила, Әлихан, Темірлан атты немерелер сүйіп отырмыз. Тәубе, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ұрпақтарымыз – өміріміздің жалғасы ғой. Атасы да, өзім де осыларға тәлімді тәрбие беріп, үлгілі өнеге көрсетуге барымызды саламыз. Бала деген жас өскін тал іспеттес. Қалай тәрбиелеп өсірсең – солай болып қалыптасады. «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» демекші, «Қазақстан» атты тәуелсіз елдің бір кірпіші болып қаланса – сол біздің еңбегіміздің, тәрбиеміздің текке кетпегені», – дейді Шахида ана шуақ шашқан ойлы көздерін алысқа тігіп.
Ғабдул-Сәбит ЮСУПОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Алматы облысы