«Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» жобасы шеңберінде қабылданған «Серпін-2050» бағдарламасы облыста ойдағыдай орындалып келеді. Жастарды жан-жақты қолдауға арналған бағдарлама қолданысқа енгелі оңтүстік өңірлерден келген бір мыңға жуық талапкер жоғары және арнаулы оқу орындарында білім алып жүр. Ынталы жастар болса, заман талабына сай мамандық алып шыққаннан кейін теріскейде қалып, жұмыс істеуді басты мақсат етіп отыр.
– Алғашқы лек Петропавл теміржол көлігі колледжіне орныққан болатын. Содан бері олардың қатары толығып, серпінді күшке ие болды. Студенттердің басым бөлігінің көп балалы отбасылардан шыққаны ескеріліп, әлеуметтік қолдау мақсатымен мемлекет тарапынан арнайы қаражат бөлінген. Онда жатақханада тұру, үш мезгіл тамақтану, біржолғы киіну, шәкіртақы төлеу мәселелері қамтылған. Бұдан бөлек М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде күнгейден арман қуып келген жүздеген талапты жастар бар, – деді сөйлескенімізде облыстық білім басқармасы кәсіптік-техникалық білім беру және кадрлар даярлау бөлімінің басшысы Алма Құсайынова.
Жуырда ең жоғары ұпай жинау арқылы тегін оқу құқына ие болған үміткерлер жоғары және арнаулы оқу орындарына салтанатты жағдайда қабылданды. Елбасының «Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер. Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда. Сендер тәуелсіз Қазақ елінің перзенттерісіңдер. Тәуелсіз елде туып, тәуелсіз елде тәрбие алдыңдар. Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің – елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш» деген қанатты сөздерін ту еткен олар жақсы оқып, сапалы білім алып, алдыңғы лектен көрінуді басты мақсат санайды. Солардың бірі Қарашаш Жеңіс «Серпін» бағдарламасы арқасында грант ұтып алып, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенті атанды. Болашақта әлеуметтік қызметкер болуды армандайды.
Петропавл құрылыс-экономикалық, теміржол көлігі, Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылық, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледждеріне сұраныс мол. Аталған білім ұйымдарында оқу-материалдық база жақсы жабдықталған. Білім берудің дуальды технологиясы қолданылады. Бір сөзбен айтқанда, білім беру стандарттары талапқа сай. Алма Мұхамедқалиқызының айтуынша, аталмыш бағдарлама бойынша мамандық алып шыққан түлектердің кедергісіз жұмысқа тұруы мекеме-кәсіпорындармен екіжақты ынтымақтастық келісім-шарт негізінде жүзеге асатын болады.
«Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» мемлекеттік бағдарламасы жұмыс күші аз теріскейде кадр жетіспеушілігін азайтуды, демографиялық ахуалды реттеуді діттейтінін ескерсек, жыл өткен сайын серпіндіктер серпілісінің артып келе жатқаны қуантады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы