Ізденген жетер мұратқа дейді халқымыз. Шындығында істің ыңғайын тапқан адамға алынбайтын қамал жоқ. Айталық, Абыралы өңіріндегі Таңат ауылының тұрғыны Өміржан Жақыпов деген жасы жетпістен асып бара жатқан ақсақалдың осы жасында туған жеріне жасап отырған жақсылығы туралы жазған болатынбыз. Соны қысқаша ғана қайталап айтатын болсақ, осы кісінің бастамасымен Таңат ауылында халқымыздың айтулы ақыны Төлеужан Ысмайыловтың мұражайы ашылды. Ауыл мектебіне қамқорлық танытып келе жатқан да Өмекең. Ауыл ақсақалы ауыл шаруашылығын көтеру мәселелерінен де сырт қалып отырған жоқ. Ол соның бәріне түрлі мазмұндағы халықаралық гранттарды жеңіп алып келе жатқан алғырлығы арқасында қол жеткізуде.
Енді, міне, осы өңірден Өмекеңнің жолын қуған және бір азаматтың шыққандығын естіп, біліп отырмыз. Яғни, осындағы Ақбұлақ ауылының тұрғыны Әділет Төкенов те БҰҰ-ның Даму бағдарламасы бойынша бір грантты ұтып алған екен. Халықтың қамын жеген әлгі азамат осы бағдарламасы аясында жарияланған құны 3 мың долларлық жобаны әкімдік ғимаратындағы бос тұрған төрт бөлмені ауыл клубы ретінде пайдалану мақсатымен іске кірісіп кетеді. Және оны жөндеп, қатарға қосуға жергілікті тұрғындар тартылады.
Ал ауыл клубын жабдықтап, штатпен қамтамасыз етуге қалалық мәдениет бөлімі көмекке келді. Оның себебі сол, Абыралы өңірі қалаға қарайды. Сонымен, салтанатты жағдайда ашылған ауылдағы өнер ордасы іске қосылды. Қазір мұнда домбыра үйірмесі, бокс секциясы тездетіп ашылып үлгерілді. Алда басқадай үйірме, секциялар ашылмақ.
– Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай түрлі мәдени шараларды қолға алып жатырмыз, – дейді клуб басшысы Ж.Сәдуақасов. Іске сәт дейміз біз де!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы.