10 Қыркүйек, 2016

Қолы да, жүрегі де алтын адам

632 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
kamal-ormantaevҚазақта жақсы деген атқа іліккендер аз емес. Бірақ сол жақсылар уақыт ауысқанда қайта сұрыпталып, қайсыбірі емтиханнан құлағандай жүген-құрықсыз қатардан шығып қалып жатады. Кешегі кеңес заманында әйгілі болып жүрген атақтылар қазір қайда? Оның орнына сол кезде атын атауға тыйым салынғандар бұл күнде халықтың ең сүйікті адамдарына айналды. Сондықтан қаламгер белгілі бір тұлға туралы жазбақ болғанда, кейіпкерінің ертеңгі абыройын да ойлағанының бөтендігі жоқ. Бірақ тап қазір мен кіпі алатын жоқ секілді. Өйткені менің кейіпкерім елге сіңірген еңбегі, уақыт қалай құбылса да өзгермейтін, замана дауылы қалай соқса да қасқайып тұра беретін алып бәйтеректей ерекше тұлға. Әйгілі академик, елімізде балалар хирургиясының іргетасын қалаған, халықаралық деңгейдегі аса көрнекті ғалым, 14 мыңнан астам күрделі операция жасаған атақты хирург, Мемлекеттік сыйлықтың, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты. Көзі ашық оқырман сезіп отырған да шығар, әңгіме халқымыздың мақтанышына айналған азаматтардың бірі Камал Ормантаев туралы болып отыр. Камал Сәруарұлы туралы қозғалған сөз әуелі рухани құндылықтар туралы ойларға жетелейді. Өмірде ізгілік және соған қарама-қарсы зұлымдық деген ұғымдар бар. Бұл екеуі сонау қадым заманнан бері бірін-бірі жеңе алмай, текетіреспен біздің заманға келіп жетті. Әрқайсысының өз қолдаушысы бар. Әрине мен зұлымдықты қолдаймын деп ешкім де айтпайды. Бірақ кісі өлтірмесең де жағымпаздықпен жалған сөйлесең, шындықты бұрмаласаң, бас пайдаң үшін үлкен принциптерді құрбан ете алсаң, өміріңде бір рет ерлік жасауға дәтің бармаса, күншілдікке, менмендікке, дүниеқоңыздыққа, мансапқорлыққа бой ұрсаң – осының бәрі әлгі айтылған текетіресте зұ­лымдықтың қоржынына ұпай болып қосы­лары анық. Осының бәрін күнде көріп отырып: «Апырай, ізгілік байғұс мынандай заманда қалай күн көріп жүр екен?» деп те ойлайсың. Тіпті оның өмір сүруге мүмкіндігі жоқ секілді көрінеді. Бірақ ізгіліктің жер бетінен біржола құрып кетпегенін білгеннен кейін, оны да қолдап жүрген біреулер бар шығар деген ойға келесің. Әрине, бар. Әрқайсымыз ойлансақ, құдай бойына қабілетті де, адамгершілікті де берген талай жақсылардың еске түсері анық. Соның бірі мен үшін, жалпы қазақ үшін Камал Ормантаев деуге толық негіз бар. «Әркім жәрмеңкені өзінің тапқан затына қарап бағалайды» дейді екен испан мақалы. Жалпы, өмірді әркім өзінің өміріне қарап бағалайтыны рас. Менің де бүгін жер басып, тірі жүруіме немесе бала-шағамның, жақын жандарымның аман-сау болуына себесін болған адамдар баршылық. Олар негізінен дәрігерлер. Есімде, 1990 жылдың 15 наурызында қатты инфаркт алып, «жедел жәрдемнің» ішінде есім кіресілі-шығасылы келе жатырмын. Әлдебір тұңғиыққа батып бара жатқандай және соған өзім ризашылық білдіріп, сол арқылы бар күйзелістен біржола құтылғым келетіндей бір әлім-берім доғалдау түйсікті еміс-еміс сезетін секілдімін. Құлағыма «Открывайте глаза! Открывайте глаза!»  дейді әлдекім ышқына дауыстап. Көзімді аштым. Бас жағымда отырған ақ желеңді жас жігіт қолын маңдайыма тигізіп, әлгі сөзді жалынғандай бір үнмен қайталаумен болды. Кейін білсем, қатерлі сәтте көзді ашудың өзі адамның өлімге деген қарсылығын көтеруге, тіршілікке ұмтылуына себепкер болады екен. Өзгеге төнген қатерді өзіңе төнген қатердей қабылдап, жанұшыруға болады екен ғой дегенге ұқсас бір таңырқау сезімнің санамда қалып қойғанын білем. Әр кезде әлгі бейтаныс жігіттің ышқынған даусы жүрегімді ізгілікке бөлеп, жанымды тазартып отыратындай бір күйге енетін кездерім болады. Әрқайсымыздың тағдырымыздан дәрі­герлердің алатын орыны ерекше. Оларға өзіңді өмір бойы қарыздар адамдай сезінесің. Камал Сә­руар­ұлы біздің отбасымыз үшін осындай адам. Камалдың дәрігерлік атағы зиялы қауым арасында аңызға айналған десем, артық айтқандық болмас. Әлдебір әйелдің: «Біздің отбасымыз үшін екі құдай бар, бірі – көкте, екіншісі жерде, оның аты Камал», деген сөзін естіп қайран қалғаным бар. Енді сол кісіні көруге құмарттым. Ол кезде Камалды біле қоймайтын кезім. Елде мектепте оқитын інім аяғының сүйегі зақымданып, остеомиелит деген (қазақтар «жыланкөз» дейді) ауруға ұшырап, менің де Кәмекеңді іздеп баруыма тура келді. Операция өте сәтті өтті. Мінеки, содан бері қырық жылға жуық уақыт өтіпті. Інім құлан-таза жазылып кетті. Бұдан кейін тіпті Камалсыз күн көруден қалдық. Кенже ұлым Дархан мектепте жүргенде аяғын сындырып алып, тағы да Кәмекеңе келдік. Енді кішкентайларына қиындық болса, Кәмекеңе Дархан жүгіреді. Ол кісіге тірелген ісің өңкей сәттіліктен тұратын секілді. Мақаламыздың басында айтып кеткендей, бұл кісі сәбилерге 14 мыңнан астам күрделі операция жасаған. Құранда «бір адамды құт­қару – бір әлемді құтқарумен бірдей» деген сөз бар екен. Ендеше, бұл кісінің қанша әлемді құтқарғанын есептей беріңіз. Ұлттың болашағы – сәби. Жанкешті жауынгердей ажалға қарсы шығып, сәбилердің өмірін сақтап қалу – ұлттың өмірін сақтап қалу деген сөз. Одан артық қандай абырой болуы мүмкін! Бір ғажабы, бұл кісіде достары мен туыс­қандарының балаларына өзге балалардан ерекше қарау деген болмайды. «Мен балалардың бәріне бірдей қараймын. Бұл – менің өмірлік ұста­нымым. Сендер ол жағынан маған түсіністік­пен қараңдар», деп үнемі айтып отыратыны да содан. Менің ниеттес, тағдырлас достарым аз да, көп те емес. Бірақ солардың ішінде де ерекше жақындары болады. Олар – сенімен пікірлес, дүниетанымы, азаматтық, кісілік ұстанымдары өзіңе ұқсас, рухани туыс жандар. Кәмекеңді осындай жандардың қатарына жатқызамын. Жалпы, қазақтың зиялы қауымын екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – бүгінгі заманның болмысын, мән-мағынасын аңдап, оның жақсысы мен жаманын айыра алатын дәрежеге жетіп, бүгінгі заманның көзі ашық адамына айналып үлгергендер. Екіншісі – баяғы кеңестік санадан, қала берді рулық санадан арыла алмай, ой-пікірлері үнемі сол төңіректен шығатындар. Камал, әрине, бірінші топқа жатады. Ол мен дәрігер екенмін деп, әлеуметтік, саяси мәселелерден тыс қалып көрген емес. Жұртшылықтың есінде бар шығар, тоқ­саныншы жылдардың бас кезінде жүрекке операция жасайтын жас хирургтердің бір тобы өз жобаларына жол бермеген министрлікке наразылық көрсетіп, аштық жариялаған болатын. Аты әйгілі хирургтердің ішінде әлгі жігіттерге қолдау көрсетіп, бірге аштық жариялаған Камал Сәруарұлы ғана болды. Үкімет үйінің қарсы бетіне тігілген шағын шатырдың ішінде басын маңдай тұсынан байлап алған, қабағы түюлі, неден болса да тайын­байтындай шамырқанып отырған Кәмекеңді көріп, әрең танығандай болып едім. Сөз бен іс­тің сәйкес келуі – биік тұлғалардың ғана ен­шісі екенін бізден бұрын да талайлар айтып кеткен. Егер өзінің мамандығын байлық пен мансап үшін пайдаланғысы келсе, бұл іске Кәмекеңнің мамандығынан артық қолайлы нәрсе жоқ шығар. Өйткені бұл кісі билік басында жүргендердің талайының балаларын ажалдан алып қалып, әлгі кісілердің ең сыйлы адамдарының бірі болып жүргенін көргенбіз. Бірақ ондай пысықтық, пайданың иісін сезгіштік бұл кісінің бойында атымен жоқ. Батылдық деген қатыгездік те, әпербақандық та емес. Психологтардың айтуынша, кез келген қатыгездіктің, қаталдықтың ар жағында қорқыныш жатады екен. Батылдық ұрлық-қарлығы жоқ, жалғандығы жоқ шыншылдықтан, ар-ұяттың тазалығынан туындайды. Қашанда былығы жоқ таза адам турасын айтады. Әркімнің тарихтан алатын өз орны бар. Камал Сәруарұлы – ең алдымен аса дарынды хирург, сәбилердің мәселесін әлемдік деңгейге көтеріп, халықаралық конференцияларға қатысып жүрген көрнекті ғалым, талай ұрпаққа тәрбие берген ұлағатты ұстаз. Бұл күнде көз­ге түсіп жүрген белгілі дәрігерлер оған теле­­фон соқса, орындарынан ұшып тұрып сөй­леседі. Бірақ Кәмекеңнің атақ-абыройы қан­ша биік болса да біреуге шалқайып, кісілік көр­сетіп, менменсігенін бір көрген емеспін. Кіші­пейілділік азаматтың көркі ғой. Адамзат тарихындағы ұлылардың бірі болып есептелетін әйгілі Махатма Гандиден: «Сіз неге ең төменгі үшінші класс пойызымен жүресіз? – деп сұрағанда, ол: «Өйткені төртінші класс жоқ», деген екен. Әрине бүгінгі заман адамында ақыл да, қулық та жеткілікті. Өзі табиғатында өркөкірек, тоңмойын, аузынан боқтық сөз арылмайтын найсап, өзінен қызметі төмендерді адам ғұрлы көрмейтін дөрекі болса да сырт көзге бір-екі сағатқа мәдениетті, биязы, кішіпейіл болып көріне алатын атқамінер актерлер баршылық. Бірақ Кәмекеңнің кішіпейілділігі – тума адамгершіліктен, өмірге деген көзқарастан, үлкен принциптен туындап жатқан құбылыс. Кәмекеңмен арадағы достығымды өмірімдегі үлкен байлығымның бірі деп білемін. Ол кісі үйге қонаққа келсе, қуанамыз. Келе алмай жүрсе, сағынамыз. Жұрт сені жақсы көру үшін, сен жұртты жақсы көруің керек. Көңілі кең, жүрегі жұмсақ, «мен кереметпін» деп өзін өзгелерден биік санамайтын, кішіпейіл, достыққа адал, жаны жайсаң, жақсы адамды кім жақсы көрмейді. Айт­қандарыма қарап, мені ол кісінің жалғыз досын­дай көрсеңіз, қателесесіз. Кәмекеңді жақсы көре­тіндер өте көп. Өйткені ол – халықтың адамы. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халық сөзін қайталауға тура келеді. Сәбилердің амандығына кепіл болып жүр­ген аяулы азаматқа біз де амандық тілейміз. Төлен ӘБДІКҰЛЫ, жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты