13 Қыркүйек, 2016

Паралимпиада: Раушан Қойшыбаева – күміс жүлдегер!

397 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
serebro-raushanҚазақстан пауэрлифтингішісі Раушан Қойшыбаева Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Паралимпиялық ойындарда күміс медаль­ды жеңіп алды. Жерлесіміз оған 67 килоға дейінгілер арасындағы таласта қол жеткізді. Сайыста біздің атлет 113 кило салмақ көтерді. Ал алтын медальды 135 кило салмақпен әлем рекордын жаңартқан қытай­лық Тан Юяо алып кетті. Үшінші орынға египеттік қыз Амал Махмуд көтерілді. Раушан Қойшыбаева – 1966 жылы Алматы облысында туған. Ол 1990 жылы жарақат алып қалу нәтижесінде екі аяғын тізесінен төмен кестірген. Пауэрлифтингпен 2010 жылдан бері айналысып келеді. 2012 жылы «Спорт шебері», 2013 жылы «Халықаралық дәре­же­дегі спорт шебері» атақ­тарын алған. Тұрмыс құрған. Үш бала тәрбиелеп-өсіріп отыр. Осылайша Паралимпиялық ойындарда Қазақстан қоржы­нына екінші күміс медаль түсті. Мұның алдында 100 метрге ер­кін жүзуде тараздық Зүлфия Ғаби­дуллина жеңіп алған болатын. Қазір Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс медальмен коман­да­лық есепте 38-орында тұр. Ал топтың басында 39 алтын, 30 күміс және 23 қола медаль жинаған Қытай спортшылары келеді.