Бүгінгі күні отандық экономиканың, соның ішінде агроөнеркәсіп кешенінің ең өзекті мәселесі – ауыл шаруашылығын дамыту, ауылдағы еңбек өнімділігін арттыру. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл бағытта жеке және ұсақ фермер шаруашылықтарын ірілендіріп, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерін құруды қолға алғаны қуантады. Өкінішке қарай, әлі де сол баяғы «ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» деген ескі түсініктен арыла алмаған ағайын, мұрнына бұйда салып сүйресең де кооперативтерге бірігуге асықпай отыр. Мұны біз өз тәжірибемізде анық сезіндік. Сонда мәселе қалай шешілмек?
Жуырда Алматы қаласында Ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институты, Агроөндірістік кешен экономикасы және ауылдық жерлерді дамыту ғылыми зерттеу институты, «Қазақстан агроодағы» ауылшаруашылық кооперативтерінің республикалық қауымдастығы, «Қазақстан фермері» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасында ауылшаруашылық кооперациясын дамытудың түйткілді мәселелері» деген тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті. Өзекті тақырыпқа арналған ауқымды шараға аграрлық сала ғалымдары, халықаралық жобалар мен бағдарламалардың өкілдері, фермерлік қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың жетекшілері, шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.
Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Сүйіндік» шаруа қожалығының басшысы Болат Райымжанов қазіргі ауыл шаруашылығындағы ұсақ және жеке шаруа қожалықтары мен фермер қожалықтарын біріктіріп, ірілендіруге бағытталған шаралардың дұрыс екенін, бірақ ол тиімді жүргізілмей жатқандығын жеткізді. «Шын мәнінде кооперацияның ең озық үлгісі – баяғы колхоздар еді. Өкінішке қарай тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сол колхоздар мен совхоздарды таратып алып, енді олардың орнына тиімді ауылшаруашылық ұжымдарын құра алмай отырмыз. Биліктің тұтқасын ұстағандар мен соларға жақын жүрген адамдар құнарлы жер мен техниканың басым бөлігін, тіпті келе-келе пайға берілген жерлерді де иемденіп алып, ауылда аядай жерсіз қалған азаматтар да жетерлік. Сондықтан кооперация мәселесі ауылдық жерлер үшін бүгінгі күні өте өзекті», – деді.
Ал Қапшағай қаласында жуырда ғана құрылған «Ақ өзек» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы Думан Майлыханов бұл кооперативті Шеңгелді массивінде негізінен пияз өсірумен айналысатын шаруалар бірігіп, кооперативтерге Үкімет тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі, жеңілдікті несие, демеуқаржыға қол жеткіземіз, алқаптарды сумен қамтамасыз етуде көмегі болады деген үлкен сеніммен құрғандықтарын айтты. «Іс жүзінде әліге дейін ешқандай көмек жоқ, мұның бәрі тек жоғарыға «пәленбай кооператив құрдық» деген есеп беру үшін ғана ұйымдастырылған науқаншылдық сияқты. Өйткені бір біз емес, Алматы аймағындағы жаңадан құрылған кооперативтердің бәрі де осы күйді кешуде», – деп бұл бастаманың әлі көп жағдайда тек бастама күйінде қалып отырғанын ашына әңгімеледі.
Сондай-ақ Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Ерман Мир» шаруа қожалығының басшысы Еркін Көшербаев, Іле ауданындағы «Қажы» АШӨК басқарма төрағасы Қабылбай Әлімбаев, осы аудандағы «Ақ сүт» АШӨК басқарма төрайымы Нелли Салиханова, Еңбекшіқазақ ауданынан шаруа қожалығының басшысы Васип Исмайлов және басқалар баяғы колхоз-совхоздар таратылып, жекешелендірілген кезде отбасымызбен бірге тіршілік етеміз деп үлеске алған малдарды құртып алған ауыл өз-өзімен қалып, жеке және шаруа қожалықтарының жұмысы өрге баспай, жоғарыдан мардымды қолдау болмаған соң елдің көпшілігі ішіп-жеп қойғанын, жастар жұмыс іздеп ауылды тастап кеткенін күйіне жеткізді. Олардың пайымдауынша, «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңды дайындау кезінде өзге елдердің тәжірибесі жеткілікті деңгейде ескерілмеген. Дамыған елдерді, жоспарлы экономика мен нарықтық қатынастарды үйлесімді ұштастыра білген ҚХР-ды былай қойғанда, жиынға қатысушылардың барлығы дерлік Қазақстанда ауыл шаруашылығын кооперациялауда Белоруссияның тәжірибесін қолдану керек деген пікірлерін білдірді.
Ең бастысы, жергілікті жерлерде мемлекеттің экономикалық саясатын жүзеге асыратын облыс, аудан әкімдері мен ауылшаруашылық басқармаларының басшылары ауылды кооперациялау мәселесіне бейжай қарап, жауапсыздық танытып отыр.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Ғалижан Мәдиев елімізде шын мәніндегі нарықтық экономиканың қалыптаспағанын, әлі күнге бағаны тауар өндірушілер емес, олардан су тегінге сатып алып, бірнеше есе бағасына өткізетін делдалдар белгілеп отырғанын айтты.
«Қазақстан агроодағы» ауылшаруашылық кооперативтерінің республикалық қауымдастығының президенті Алик Сағындықовтың айтуынша, бүгінгі күні еліміздің ауыл шаруашылығында кооперацияның дамуын негізінен мынадай себептер тежеп тұр. Олар кооперация мәселесінде нормативтік-құқықтық базаның жетілмегендігі; мемлекет тарапынан қаржыландыру және ынталандыру шараларының жеткіліксіздігі; ауылдық жерлердегі құқықтық мәдениеттің төмендігі, кооперацияның артықшылығы жөнінде фермерлерде жеткілікті ақпараттың жоқтығы; фермерлерде жаңадан ұйымдастырылып жатқан құрылымдарға, мүлікті, өндіріс құралдарын әділ пайдалануға деген және өзара сенімсіздіктің, жерден айырылып қалу қаупінің жоғарылығы; кооперацияның тиімділігіне және жұмысты нәтижелі ұйымдастыруға болатынына шаруалардың көзін жеткізетін кәсіби менеджерлердің жоқтығы.
Біз де Елбасының бастамасын жүзеге асыруға нақты үлес қосып, өзгелерге де қозғау салармыз деген оймен төрт шаруа қожалығының басын қосып, Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы Талғар аудандық филиалының директоры Ләззат Күмісбаеваның тікелей қолдауымен «Алға Нұра» ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құрып едік. Енді ауылдағы басқа шаруалар «бұларға қандай қолдау көрсетілер екен» деп бізге қарап отыр. Егер Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нақты нәтижесін көрсе, көпшілігінің бізге қосылмақ ойлары бар. Өкінішке қарай әділет басқармасында тіркеліп, банкте есеп-шотымызды ашып, барлық құжаттарымызды реттесек те Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан ауылшаруашылық кооперативтерін қолдау мақсатында бөлінген қаржыдан әлі бақыр тиын да берілген жоқ. Негізгі кедергі – кепілзаттың жоқтығы мен кооператив мүшелерінің несие тарихының таза еместігі. Ал мұндай жағдай тек бізде ғана еместігі анық. Олай болса, мың жерден кооперативке біріккенмен, әлгіндей себептермен қаржылық қолдау болмаса, мұның пайдасы көк тиын.
Ендеше бұл түйткілді тарқатудың ең тиімді жолы қандай? Дөңгелек үстелге қатысқан көпшіліктің ортақ пікірінше, мұның бір ғана тиімді жолы бар.
Елбасының арнайы Жарлығымен әр ауылдық округтің аумағында мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде міндетті түрде бір ауыл құраушы ауылшаруашылық өндірістік кооперативі ұйымдастырылып (бұған ауылдағы барлық жеке және фермер шаруашылықтары кіру міндет емес), оны басқару жауапкершілігі ауыл әкіміне жүктелуі тиіс. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан мол қаржы сол кооперативтің есеп-шотына аударылып, оның қайтарымына жергілікті билік өкілі ретінде тағы да сол әкім жауапты болатын тетік енгізген жөн. Осылай ауыл тұрғындарының негізгі бөлігі сол өздері тұратын жерлерде жұмыспен, сәйкесінше тиісті табыспен қамтамасыз етілуі керек. Бұған белгілі бір деңгейде «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң да мүмкіндік беретіні сөзсіз. Сондай-ақ ауылдық округтің аумағындағы барлық ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерден, мейлі ол жалға берілді ме, пайдаланылмай бос жатыр ма – міндетті түрде тиісті салық өндіру мәселесін заңмен бекіту керек. Ал жер салығы мен оның кадастрлық құнын қазіргідей тым төмен мөлшерде қалдырмай анағұрлым көтеру қажет. Сонда жергілікті әкімдер жердің бос жатпай, мейлінше толық пайдаланылуына тек бір ғана кооператив емес, өндірілген өнімді сақтайтын, өңдейтін, тиімді бағада өткізетін басқа да кәсіпкерлік нысандардың ұйымдастырылуына мүдделі болады. Жергілікті жердегі биліктің ештеңеге жауап бермейтін жай ғана өкілі емес, тіршіліктің негізі саналатын ауылдағы өндірісті ұйымдастыруға жауапты менеджерге айналады. Оның үстіне әкімнің жұмысы жерді қалай пайдаланып, ауылда қанша өнім өндірілгеніне, қанша жұмыс орындары құрылып, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына қарай бағаланатын болса, нұр үстіне нұр! Біздің ойымызша, бұл әлеуметтік тұрғыда көп ұзамай-ақ өзінің оң нәтижесін береді. Сөйтіп кооперативтік қозғалыс серпінді қарқын алып, сенімсіздік танытып отырған шаруалар енді саналы түрде бірігуге ұмтылатын болады. Тұрғындардың әлеуметтік тұрмыс деңгейі көтеріледі. Саяси тұрғыдан да демократиялық даму көрсеткіштеріміз күрт жақсарады. Мемлекеттің мақсаты да осы емес пе?!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Алматы облысы