«Мәңгілік Ел» идеясын байытады
Биыл өңірдің өзгеше һәм терең тарихына үңілген жыл болды. Алғаш рет Шығыс Қазақстан облысының 2016-2018 жылдарға арналған археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді дамыту жоспары жүзеге асырыла бастады. Бағдарламаға сәйкес, Катонқарағайдағы Берел қорғандарында, Зайсандағы Шілікті обаларында, Ұлан ауданындағы Аблайкит қамал-ғибадатханасында, Абай ауданындағы Қырықүңгір ескерткішінде, Тарбағатайдағы Елеке сазында қазба жұмыстары жүргізілді. Аталған зерттеу жұмыстарының нәтижесі Өскеменде өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында қорытындыланды. Алқалы басқосуға Франция, Оңтүстік Корея, Ресей және Моңғолия мемлекеттері елшіліктерінің дипломаттары, Қазақстан, Түркия, Ресей, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Польша, Қытай елдерінің үздік археологтары мен түркітанушылары қатысты. Шара алдында конференцияға қатысушылар мен өңір тұрғындары үш киіз үйге қойылған қазба жұмыстары кезінде табылған бірегей бұйымдарды тамашалады. Ең басты жәдігерлер – «Алтын адам» мен Берел жазығындағы №11 қорғаннан табылған жылқының көшірмелері Мәдениет сарайының дәлізінде жиынға қатысушыларды қарсы алды. Пленарлық отырыс барысында ғалымдар археология ғылымының және Шығыс Қазақстанда табылған тарихи жәдігерлерді сақтау мен оны мұражайға қоюдың өзекті мәселелерін талқылады. Археологтардың пікірінше, бұл – өңірдің мәдени және экономикалық дамуына, туристік инфрақұрылымының қалыптасуына жағымды әсер етеді.
Жиынды ашқан өңір басшысы Даниал Ахметов еліміздің жаңа мәдени саясатының басты стратегиясы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясы екенін атап өтіп, алтын бесік – Алтайдың адамзат мәдениетінің көне ошақтарының бірі екеніне тоқталды.
– Ғылыми-зерттеу жұмыстарын өңірімізде жүргізу қажеттілігі күмән тудырмайды. Мұндай жұмыстар зерттелген нысандарды ЮНЕСКО-ның әлемдік мұраларының қатарына қосу үшін қажетті теориялық негізі мен өңіріміздің мәдени брендін қалыптастырып, туристік әлеуетінің артуына сеп болмақ. Қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған жәдігерлер облысымызда қалып, жастарымыздың патриоттық тәрбиесі үшін қызмет ететін болады, – деді Д.Ахметов. Аймақ басшысы қазба жұмыстары кезінде табылған заттардың облыстық тарихи-өлкетану мұражайына берілетінін айтты. Осы конференциядан бір күн бұрын Катонқарағай ауданының Берел қорғандарында елімізде баламасы жоқ аспан астындағы мұражай ашылғанын атап өту керек. Мұндай мұражай келесі жылы Шілікті жазығында да салынбақ.
– Биылғы қазақстандық археологияның үлкен жетістігі – Берелдегі №2 қорғанның үстіне ашық аспан астындағы музейдің салынуы дер едік. Өңір басшысы Даниал Ахметовтің қорғанмен танысқан сәтте бірден шешім қабылдағанына риза болдық. Облыс әкімі уәдесін орындады. Бұл – археология ғылымына зор қолдау деп білеміз. Өйткені, бір айдың ішінде жедел археологиялық музей салу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өңір мәдениеті үшін ерекше оқиға болған аспанасты мұражайының келер ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеудегі маңызы зор, – дейді Берел қорғандарына 20 жылдан бері зерттеу жүргізіп келе жатқан белгілі археолог Зейнолла Самашев.
Берел бедерлері
Енді биылғы жылдың ғылыми олжасына айналған археологиялық қазба жұмыстарының табысы жөнінде аз-кем сөз. Конференцияда алғашқылардың бірі болып сөз алған Зейнолла Самашев Алтайдағы археологиялық қазбаларды екі топқа бөліп қарауға болатынын айтты. Біріншісі, ерте темір дәуіріндегі сақтар кезеңі. Осы кезеңге тиесілі №2 және №19 қорғанға биыл қазба жұмыстары жүргізілді. №2 қорғаннан егде жастағы әйел мүрдесі мен жеті жылқы табылды. Патша әулетінен шыққандықтан мәртебесіне байланысты адаммен бірге жеті жылқыны қойған. Бірақ қорғандағы алтын бұйымдар тоналған, көп заттар табылмады. Патшайымның алтынмен әдіптелген киімінің кейбір жұрнақтары ғана сақталыпты. Жүздеген әшекейден тұратын алтын киімінің, өкінішке қарай, кейбір бөлігі ғана қалған. Сондай-ақ, қоладан құйылған айна табылды. Оның сабы жыртқыш аңның бейнесінде жасалған. Қасына кендір дәнін ұнтақтайтын арнайы құрал мен ыдыс қойылған. Патшайым көп ауырған қартаң адамға ұқсайды. Өйткені, қорғаннан табылған адамның тістері сиреп, омыртқа сүйегі бір-біріне жабысып қалған. Бүкір адам болуы да мүмкін. Әлгі құралдарды емге пайдаланған сияқты. Осыған ұқсас құрал бұрын қазылған қорғандардың бірінен табылған еді. Қола құтының екі жағында тесігі мен түтігі бар. Ішінде алты-жеті малта тас жатты. Яғни кендірдің дәнін осы ыдысқа салып, тасты қыздырып құтыдағы суға тастап жібереді. Осылайша, буырқанып екі түтігінен шыққан бумен емделген болуы кәдік. Қатты ауырған жан болғандықтан о дүниеге барғанда ем-домына қажет болады деген оймен жанына қойған. Сондай-ақ, бірнеше жылқының басына әшекейлі бетперде кигізілген. Бір аттың басында алтыннан құйған құстың бейнелері шықты. Бұған дейін №10 қорғанда табылған аттың ер-тұрманының әшекейлерінде бірнеше қораз бейнелері бедерленген болатын. №19 қорған да қатты тоналған. Бірақ тонаушылар қабірдегі мүрдені аяғынан сүйреп тартқан кезде бас киімінің бір бөлігі орнында қалып қалған екен. Яғни Есік қорғанындағы «Алтын адамның» бас киіміне ұқсас алтыннан жасалған сәукеле қалдықтары табылды. Өте қызық әрі құнды дүние. Бұл – енді бой жете бастаған жас қыздың мүрдесі.
Ғалымның айтуынша, екінші топқа тиесілі қорғандарда заттар аз табылғанымен, оның ғылыми түйіндерді тарқатудағы маңызы зор. Бұл жерлеу орындарының сәулеттік құрылымы ерекше болып келеді. Мәселен, тастан қаланған дөңгелек шеңбердің ішіне адам мен аттарды жәшікпен де, жәшіксіз де жерлеген. Осы обалардан ғұндар мен көне түркі заманы арасындағы бос кеңістікті толтыруға қажетті құнды материалдар табылды. Бұл шартты түрде сәнби-жужан кезеңі аталады. Түркілерді Орхоннан Алтайға көшірген сәнбилер. Түркілер темір балқытып, одан түрлі құрал-жарақтар құятын. Кейін көбейіп, саны өскен түркілер 555 жылы қожайындарын талқандап, жеке мемлекетін – алғашқы Түрік қағанатын құрды. Міне, екінші топқа жататын қорғандардан ІІ-IV ғасырлар аралығындағы осы сәнби-жужандарға тиесілі мәдениет жұрнақтары табылды. Олар хуннуларды талқандау арқылы тарих сахнасына көтерілген, жергілікті жұртпен араласып, ерекше мәдениет жасаған халық. Сәнбилерді прототүркілер, түркітектес халық деп атауға болады, деді З.Самашев.
Шілікті шежіресі
Шілікті жазығындағы сақ обаларын қазуға жетекшілік жасаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Әбдеш Төлеубаевтың айтуынша, Шілікті даласы – Шығыс өңіріндегі сақ ескерткіштерінің ең көне элитарлық ескерткіштері орналасқан жер. Бұл ескерткіштерді 1949-1970 жылдар аралығында кеңестік археолог С.С.Черников зерттеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін Шілікті обаларын зерттеуді 2003 жылдан бастап «Мәдени мұра» жобасы шеңберінде қазақстандық ғалымдар қолға алды. 2012 жылы мемлекеттік тапсырыс тоқтап қалғандықтан, төрт жылдық үзілістен кейін Шіліктідегі зерттеу жұмыстары археологияны дамытудың өңірлік бағдарламасы арқылы қайта жалғасты. Ә.Төлеубаев мұнда ерте темір дәуіріне жататын 200-ге жуық сақ обалары бар екенін айтты. Оның ішінде 50-ге тарта элитарлық немесе патша обалары бар.
Еуразия даласында дәл Шілікті жазығындағыдай элитарлық обалар тығыз топтасқан аймақ өте сирек кездеседі. Біздің мақсатымыз – осы обаларды зерттеу. Биыл №16 обаны қаздық. Обаның биіктігі – 8,6, диаметрі – 88 метр. Қазақстанда осы іспетті биік, орасан ірі оба сирек. Қазу барысында топырақ обаның астынан тас оба шықты. Шіліктідегі бұрын қазған обалардың да сырты топырақ болғанымен, астынан тас оба шығатын. Тас оба астында ағаш қабірхана орналасады. Бұл сәулеттік жағынан өте ерекше құрылымға ие қорған. Мен осы орайда тарихи сәулет жобаларын зерттеумен шұғылданатын белгілі ғалымдарды шақырғанымды айтайын. Олар оба құрылысының күрделі әрі жіті есепке құрылған құрылымына таңғалғандарын жасырмады. Облыс әкімі Даниал Ахметов осы обаның сәулеттік ерекшелігімен және жәдігерлерімен таныса келе, оны сақтап қалу үшін аспан асты музейін салуға уәде беріп отыр. Егер біз бір жыл аясында обаны жаппасақ, алдағы уақытта оның ғасырлар бойы сақталған бет-бейнесі бұзылатын болады, деді Ә.Төлеубаев.
Ғалым обаның ортаңғы бөлігінде тас үйіндінің жоқтығы – обаның тоналғандығын көрсететін бірден-бір белгі екендігін жеткізді. Қазу жұмыстарын жалғастыру барысында ағаш қабірхана шықты. Оңтүстіктен солтүстікке 6 метр, шығыстан батысқа 4 метр болатын қабірхананың ағаш бөренелерінің диаметрі 60 сантиметрді құрайды. Бөренелердің арасы тастармен бітелген. Бұл бұрын біз қазған обаларға да, Черников зерттеген обалар құрылымына да ұқсас, деді ол. Қатты қиратылып, тоналғаны белгілі болды. Қираған соң су өтіп, ағаш шіруге шақ қалған. Қабірде екі адам қойылған екен. Оның бірі жақсы сақталған. Алтын бұйымдар осы қабірден табылыпты. 2 мыңға жуық өте ұсақ, микроскопиялық қоңыраушалар іспетті алтын моншақтарды топырақтан аршып алуға бір ай уақыт кетті. Одан ірілеу алтын әшекейлердің саны 200-ге жуық. Бұл әшекейлер шашылып қалғандықтан, оны жерлеу кезіндегі үлгісіне келтіру мүмкін болмаған. Ал оң жақ қабірханадағы адам алдыңғыдай сән-салтанатпен жерленбеген. Оның үстіне, басы шығысқа қарап жатыр. Сондай-ақ, бас сүйегі бөренемен жаншылған. Болжам бойынша, ол патшаның құлдарының бірі болуы мүмкін немесе обаны тонаушылар сүйекті аударып тастаған. Бұл сүйектің жөнді сақталмауының себебі, төбесінің шыммен қалануы деуге болады. Шым ылғал өткізетіндіктен ағашты шіруге алып келеді. Жалпы алғанда, бұл обада өте ірі сақ билеушісі жерленгені анықталды.
Сонымен бірге, Шілікті жазығындағы шағын обалардың бірі саналатын №7 қорғанда жылқымен бірге жерленген адам мүрделері табылды. Ә.Төлеубаевтың айтуынша, жылқымен бірге жерлеу дәстүрі Шіліктіде бұрын-соңды кездеспеген болатын. Обаның үстіңгі бөлігінде қолы мен аяғы байланған әйел мүрдесі, одан 70 сантиметрдей төменде ерінің жерленгені анықталды. Бұл да зерттеуді қажет ететін тың жаңалықтың бірі.
Атағы алысқа кеткен Аблайкит
Белгілі ғалым Карл Байпақов ортағасырлық Аблайкит ескерткішінің ерекшеліктері жөнінде әңгімеледі. Ол жоңғар шапқыншылығы кезінде Шығыс өңірінде бой көтерген қамал-ғибадатхананы зерттеу үрдісін еліміздегі буддистік ілімнің таралуы аясында қарастыру керектігін жеткізді. Бір жарым мың жыл бұрын Үндістанда пайда болған буддистік ілім Жібек жолы арқылы таралып, Қытай және Орта Азия арқылы Қазақстанға да келді. Еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы жағрафиялық көпірлік міндеті сауда-экономикалық байланыстарға ғана емес, дінаралық қарым-қатынастар үшін де маңызды рөл атқарды. Қазақстанда орта ғасырлардағы буддистік кешендердің болғанына біз жазба деректер арқылы да, археологиялық қазба жұмыстары арқылы да қол жеткізіп отырмыз, деді К.Байпақов. VII ғасырда Батыс Түрік қағанатының бірқатар билеушілері буддизмге қолдау көрсеткен. Жетісу жеріндегі ортағасырлық қалалардан да буддизм белгілері көптеп табылғанын, ойрат тайпалары салған будда ламаларының ғибадат орындары «кит-хит» аталғанын айтқан ғалым оның кірпіштен, сабаннан салынып, ғибадат орны бекініс, шаруашылық-тұрмыстық және тұрғын-жай ретінде пайдаланылғанын жеткізді. Мұндай орындар Павлодар облысы мен Семей қаласы аумағында да болған. Ал Аблайкит бекінісін 1654 жылы Жоғарғы Ертістің сол жағалауында, Қалба тауларының арасына ойрат билеушісі Аблай тәйжі салдырды. Буддалық ғибадатхананың қысқаша тарихы осы. Аблайкит – XVII ғасырдың 50-60 жылдарында будданың ірі орталықтарының бірі болды. Кейіннен Өскемен бекінісінің негізін қалаушы И.М.Лихаревтің жетекшілігімен келген орыс отряды ғибадатхана орнынан тибет пен ойрат қолжазбаларының, будда икондары мен қола мүсіндерінің мол қорын және тибет-моңғол қолданбалы-сәндік өнер бұйымдарын тауып, Ресейге алып кетеді. Бұл еуропалық тибеттану ғылымының негізін қалаған құнды дүниелер болатын. Жалпы, Аблайкит туралы көптеген саяхатшы-ғалымдар жазба деректер қалдырған. Оның ішінде қазақ даласын Азияға ашылатын қақпа санаған І Петр де осы кезеңде Қазақстан мен Орта Азияны танып-білуге күш салған. Кешеннің сақталып қалған жобасынан оның сол кездегі ең әдемі ғибадатханалардың бірі болғанын көруге болады. Бұл кешен қорғаныс мақсатын көздегендіктен сыртқы дуалының барлығы тастан қаланған. Оның біршама бөлігі бүгінге дейін сақталған. Будда ілімін таратушы Зая-Пандитаның ықпалымен салынған Аблайкит ғибадатханасы аумағында биыл мамыр айынан бері облыс әкімінің бастамасымен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Бекініс қабырғасы мен кешеннің кіреберісіне жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде оңтүстік бөлігіндегі жалпы аумағы 520 шаршы метр болатын жер аршылды. Бұл кешеннің қорғанысқа арналған құрылымының жалпы ұзындығы – 2125 метр. Ғибадатхана астында оңтүстік және шығыс жағындағы тұрғынжай мен шаруашылыққа пайдаланған алаңдар тас қабырғамен бөлінген. Қабырғадан 50 метр жерде арық өтеді. Осылайша, қамалдың қорғаныс қабілеті табиғаттың тосын мінездеріне де төтеп беруге негізделген. Яғни, солтүстік батысқа қарай таулы жота, ал шығыстан оңтүстікке қарай арық пен батпақ бөгеттері бар. Қамалдағы тас қабырғаның қалыңдығы әр жерде әрқалай болып келеді. Жазық жерде 3,5 метрге дейін қалыңдаса, жау өтуі қиын таулы беткейлерде 1,5 метрге дейін жұқарады. Ғибадатхана аумағы қирату мен тонаудан қатты зардап шеккен. Жердің беткі қабатында шатыр мен кірпіш, тас қирандылары өте көп. Қазба жұмыстары кезінде 5 гранитті бағанның түбірі сақталғаны белгілі болды. Жанып кеткен діңгек ағаштың қалдығынан қызыл түспен боялған ұсақ фрагменттер кездесті. Сондай-ақ, ғибадат орнының шаруашылық бөлігі мен басқа да инфрақұрылымдары бүге-шігесіне дейін зерттелуде.
Жиында сөз алған философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім Шығыс ойшылдарының бастауындағы Анахарсистің Алтайда туғанын, сондықтан ата-баба тарихын тану өңірде Анахарсис тұлғасы мен мұрасын және Алтай атауын тиімді насихаттаудан басталатынын атап өтті.
Шетелдік ғалымдар не дейді?
Конференция жұмысына алыс-жақын шет елдерден ғалымдар қатысқанын жоғарыда айттық. Олардың да пікірі сан-алуандығымен құнды. Лондон университеттік колледжінің қолданбалы археология институтының директоры Доминик Перринг: «Бұл баяндамаларда қазіргі қоғамның археологиялық мұраларды басқаруының күрделілігіне назар аударылып отыр. Археологиялық табыстардан келелі нәтиже күтеміз. Біз Ұлыбритания мысалында және Қазақстандағы зерттеу тәжірибелері негізінде Шығыс Қазақстан облысындағы бай мұраны пайдалану мен сақтаудың тиімді жолдарын талқыладық. Аблайкит нысанындағы жаңа ашылымдар мен өңірдегі басқа да археологиялық ескерткіштер археологиялық мұраларды басқаруды жоспарлаудың ұзақ мерзімді талқысына өзек болады деп ойлаймын», деді.
Ал Санкт-Петербург қаласындағы Материалдық мәдениет тарихы институтының профессоры Николай Боковенко Еуразия жазығындағы көшпелі халықтар мәдениетіне тоқталды. Ол Орал маңынан табылған айрықша алтын бұйымдардың І Петрге жолдануы көшпенділердің көне өркениетіне күллі әлем назарын аударған оқиға болғанын, осыдан кейін қазақ даласына экспедициялар жіберіле бастағанын жеткізді. XVIII ғасырдағы, әсіресе, І Петрдің Сібір жинағынан басталатын археологиялық материалдарды саралай келгенде, Оралдан Сібірге дейінгі аралықта тұрмыстық мәдениет бір-біріне ұқсағанымен, Жетісу, Арал және Шығыс Қазақстандағы сақтар мәдениеті, тасмола мәдениеті, майемер-пазырық мәдениеті мен Орта Енисейдегі тағар, Тува, Моңғолияның бұғылы тас, Солтүстік Қытайдағы көшпелілер, Еділ бойындағы сармат және Солтүстік Қара теңіз маңындағы скиф мәдениетінің жерлеу ғұрыптарында өзіндік ерекшеліктер байқалады, дейді Н.Боковенко. Ресейлік ғалымның айтуынша, Қазақстандағы сақтар дәуіріне жататын археологиялық мәдениет Орталық Азия мен Еуропа мәдениеттерінің арасын жалғауда ғана емес, беғазы-дәндібай іспетті қола дәуіріне тиесілі мәдениетпен де генетикалық тұрғыдағы ортақ дүниелері көп. Соның ішінде Ресейдің Сібір өлкесіндегі Пазырық, Аржан мәдениеті мен Шығыс өңіріндегі Берел қорғандарының бір кезеңге тиесілі археологиялық табыстары ғылыми түрде дәйектелді. Сақтардың көне металл балқыту, қару-жарақ соғу шеберлігі мен тұрмыс-салты, зергерлік мәдениеті, жерлеу ғұрпы таңғалдырмай қоймайды. Сондықтан көшпенділіктің өркен жайған ошағы ретінде Қазақстан аумағы мен Батыс Алтай, Тянь-Шань тауларына дейінгі аралықтың қарастырылуының негізі бар. Н.Боковенко мәдениеттердің қалыптасуында алғашқы мыңжылдықтың маңызы өте үлкен екенін, Алтайда халықтардың зор дүмпуі болғанын, осы жерден басталған ұлы қозғалыс пен көштің себебі әлі белгісіз болып отырғанын, оның негізі климаттың өзгеруі мен жаңа қоныс іздеуде болуы мүмкін екенін атап өтті.
Түркияның Измир қаласынан келген түркі фольклорының докторы, Эгей университеті жанындағы түркі әлемін зерттеу институтының профессоры Метин Екичи көне түркі танымындағы түстердің алатын орны мен оның философиялық нышандары туралы әңгімеледі. Түркі әлемінде бастапқыда наным ретінде пайдаланылған түстерді қолдану аясы уақыт өте тарылып, әдеби еңбектерде ғана кездесетін болды. Мәселен, көне түркі ұғымындағы алқызыл түс – қан, күн шапағы, от жалыны сияқты тіршілік белгісі. Одан барлық дүниені өзгертетін жаратылыс жылуы мен жарығын көруге болады. «Диуани-лұғат ат-Түрік» еңбегінде ғұндардың байрағы мен әскерінің нышаны алқызыл түс болғаны айтылады. Аталған сөздің «ал» түбірі де шешімді және құпия мәнге ие, дейді түркиялық ғалым. Түркілік таным негізінде «ал» түбірін жіктеген Метин Екичи Адам ата мен Хауа ана қол созған алма жемісінің де алғашқыда «көк» аталғанын, күннің нұрымен піскен кезде «алқызыл алмаға» айналғанын, осы сияқты «Алтай» топонимінің де «алтынды тау» сөзінің мағынасын беруі мүмкін екенін жеткізді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты, венгриялық Вероника Хорват Мажарлар еліндегі, Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы көне темір ғасырына тиесілі ескерткіштерді өзі басы-қасында болған қазақстандық қазба жұмыстарының нәтижелерімен салыстыра баяндады. Оның айтуынша, бұл көшпенділер мәдениетінің кең жағрафиялық кеңістікті қамтығанын көрсетеді.
Әлбетте, Қырықүңгір ескерткіші мен Елеке сазындағы археологиялық қазба жұмыстарының да ғылыми ерекшеліктері бар екенін айта кеткен абзал. Біз алдағы уақытта ондағы қазба жұмыстарының нәтижесіне тоқталатын боламыз. Ең бастысы, археология биылдан бастап Шығыс өңірінің негізгі бойтұмарына айналатын болады. Бұл облыс аумағындағы этнотуризмнің дамуына да қолайлы жағдай жасайды деп күтілуде. Осы мақсатта «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» ғылыми-тәжірибелік конференциясы дәстүрлі түрде археологиялық табыстарды жариялайтын халықаралық мінбер болмақ.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы