Жиын мақсаты – сайлауды талап деңгейінде ұйымдастыру және өткізу
Кеше Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын әзірлеу және өткізу мәселелеріне арналған республикалық семинар-кеңес болып өтті. Оған Астана және Алматы қалалық, сондай-ақ облыстардағы сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, Орталық сайлау комиссиясының өңірлердегі өкілдері, еліміздегі саяси партиялардың, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Кандидаттардың тізімі Жиын барысында сайлау науқанын материалдық-техникалық қамтамасыз етуге, сондай-ақ сайлау комиссиялары, жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы өзара тиімді әрекеттестікке байланысты мәселелер талқыланды. Семинар-кеңесте Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын ұйымдастырып, өткізудегі сайлау комиссияларының міндеттерімен, ОСК төрағасының орынбасары Владимир Фоос сайлауды өткізудің ережелері және құқықтық нормаларымен, ОСК-нің хатшысы Б.Мелдешов сайлауды өткізуді құжаттармен қамтамасыз ету мәселелерімен, ОСК мүшесі Татьяна Охлопкова қазақстандық және халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдерінің сайлауға қатысу тәртібі және өкілеттіктері жайымен, ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен сайлау өткізуді ақпараттық жағынан қамтамасыз ету, ал ОСК қаржылық бақылау бөлімінің меңгерушісі Маржан Мұхаметова сайлауды өткізуді қаржылық жағынан қамтамасыз ету мәселелерімен таныстырды. Қуандық Тұрғанқұловтың атап өткеніндей, сайлау науқанын қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Үкімет резервінен сайлау науқанына жалпы көлемі 4 миллиард 706 миллион теңге бөлінген. Бұл 2005 жылғы президенттік сайлауға қарастырылған қаражаттан 1 миллиард 697 миллион теңгеге көп. Негізінен бұл инфляцияға, сондай-ақ сайлау комиссиялары қызметін қамтамасыз етудегі шығындардың артуына байланысты. 2009 жылы «Сайлау туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мемлекеттік қызметшілері болып табылмайтын мүшелеріне кемінде ең төменгі үш жалақы мөлшерінде еңбекақы белгіленген. Оның сыртында сайлау комиссиялары мүшелерінің барлығының үстеме жұмысына, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысына да ақы төлеу көзделіп отыр. Заңның бұл нормасы шығындарды 1 миллиард 681 миллион теңгеге арттырған. Ал президенттікке кандидаттардың сайлауалды үгітіне бөлінетін қаржы сомасы 2005 жылмен салыстырғанда 435 400 теңгеге ұлғайған. Егер 2005 жылы бір кандидаттың үгіт шараларына 5 миллион 856 мың 600 теңге бөлінген болса, биылғы жылы бұл сома 6 миллион 294 мың теңгені құрайды. Аталған сомаларды есептеулердің негізіне Байланыс және ақпарат министрлігі ұсынған мәліметтер алынған. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сөз барысында президенттікке кандидаттарды ұсыну үдерісінің аяқталғанынан да хабардар етті. Оның мәлім етуінше, президенттікке 22 кандидат ұсынылған. Олардың 3-еуі саяси партиялардан, біреуі қоғамдық бірлестіктен, 18-і өзін-өзі ұсынған азаматтар. Ұсынылған кандидаттардың 4-еуі әйелдер. Ел Конституциясы мен «Сайлау туралы» Заңда белгіленген талаптарға сәйкес деп табылған кандидаттардың барлығына Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардан қол жинау үшін қол қою парақтарын берді. Бұл кандидаттар 26 ақпаннан кешіктірмей қол қойылған парақтарды аумақтық сайлау комиссияларына оның растығын тексеру үшін табыс етулері тиіс. Ал қол қою парақтары расталған соң, кандидат Орталық сайлау комиссиясының шотына 799 950 теңге көлеміндегі сайлау жарнасын төлеуі қажет. Ұсынылған кандидаттарды тіркеу 2 наурызда аяқталады. Төраға сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы тарапынан атқарылған жұмыстарға және алдағы уақыттағы міндеттерге де тоқталып өтті. Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, сайлау науқаны басталған кезден бері ОСК сайлау өткізуге қажетті құжаттарды, нормативтік-құқықтық актілерді, негізгі шаралардың күнтізбелік жоспарын дайындап, жергілікті жерлерге жіберген. Сонымен қатар, сайлауға ақпараттық қолдау көрсетуге қатысты ақпараттық бейнероликтер дайындалып, олар қазіргі кезде республикалық телеарналардан көрсетіліп жатыр. Сайлау науқаны барысында барлығы 23 бейнеролик шығару жоспарланып отыр екен. Бұдан бөлек ол Мемлекет басшысының 2011 жылғы 4 ақпандағы Жарлығы бойынша Үкіметке кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастырып, материалдық-техникалық және қаржылық жағынан қамтамасыз етуге байланысты нақты тапсырма берілгендігінен де хабардар етті. Бұл мәселелерде жергілікті атқарушы органдардың көмегі аса қажет. Жиын барысында қозғалған өзекті мәселелердің қатарында сайлау үдерісін құқықтық және құжаттамалық қамтамасыз ету, сайлаушылар тізімдерін жасау, нақтылау және түзету бойынша жұмыстарды ұйымдастыру, отандық және халықаралық байқаушылардың сайлау комиссияларымен, жергілікті атқарушы органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, азаматтық қоғам институттарымен өзара әрекеттестігін қамтамасыз ету екендігі атап өтілді. Сайлаушылардың нақты тізімдерін жасау маңызды мәселенің бірі екендігі жасырын емес. Бұл жерде жергілікті атқарушы органдардың барлығына ерекше жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан да учаскелік сайлау комиссиялары сайлаушылар тізімін сайлау тағайындалған күннен 15 күн бұрын, дәлірек айтқанда, 18 наурызға дейін тапсырулары тиіс. Өйткені, бұл сайлаушылардың өздерінің тізімдегі мәліметтерінің дұрыстығын тексерулері үшін қажет. Ал әкімдіктер сайлаушылар тізімін жасап, оларды тиісті сайлау комиссияларына 13 наурызға дейін ұсынулары керек. Жиында отандық және халықаралық байқаушыларды тіркеу, олардың сайлау үдерістеріне қатысуын, сондай-ақ қажетті ақпараттармен қамтамасыз ету мәселелеріне де назар аударылды. Сонымен қатар, президенттікке кандидаттардың және олардың сенімді өкілдерінің сайлаушылармен кездесулері үшін ғимараттардан орын қарастыру, тағы басқа да мәселелер жөнінде әңгіме қозғалды. Жиын кезінде Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне қатысушылар тарапынан да сұрақтар қойылды. Оның барлығына ОСК басшылары тарапынан нақты жауаптар қайтарылды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.Алматыда емхана есепшілері ірі көлемде ақша жымқырған
Оқиға • Бүгін, 17:00
Ольга Сафронова мәре сызығын соңғы болып кесті
Олимпиада • Бүгін, 16:27
Геннадий Головкин ХОК Olympism365 Комиссиясының өкілдерімен кездесті
Спорт • Бүгін, 16:10
Биыл әскерге шақырылушылар саны артады
Әскер • Бүгін, 15:55
«Тәшенов тартуы»: Талапкерлерге тағы 150 білім гранты бөлінді
Білім • Бүгін, 15:35
Париж-2024: Бүгін өтетін грек-рим күресін қайдан көруге болады
Олимпиада • Бүгін, 15:15