Кеше Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда президенттікке кандидаттар – Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы Ғани Қасымовтың, өзін-өзі ұсынған кандидат Адалбек Құнанбаевтың мемлекеттік тілді меңгергендігін анықтау туралы және өзін-өзі ұсынған Амантай Асылбекті үміткерлер тізіміне қоспау жөнінде мәселе қаралды.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтің хабардар етуінше, Ғани Қасымовтың Конституцияда және «Сайлау туралы» Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкес келетіндігі анықталған. Енді оған қол жинау үшін қол қою парақтары беріледі. Егер кандидат кем дегенде 91010 сайлаушының қолын жинап, ол расталса, Ғани Қасымовты Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидат ретінде тіркейтін болады.
Орталық сайлау комиссиясы Адалбек Құнанбаевты кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулы қабылдады. ОСК хатшысы Бақыт Мелдешовтің отырыста хабарлағанындай, кандидаттың Лингвистикалық комиссияның отырысында оның мемлекеттік тіл – қазақ тілін еркін меңгермегендігі туралы қабылдаған шешімі басшылыққа алынған. Өйткені, ол Лингвистикалық комиссияның отырысында берілген тапсырмаларды талап деңгейінде орындай алмаған. Мұны кандидаттың өзі де мойындаған.
Орталық сайлау комиссиясы Лингвистикалық комиссияның отырысына үш рет келмеген Амантай Асылбекті президенттікке кандидаттар тізіміне қосудан бас тарту туралы қаулы қабылдады. Қаулыда былай делінген: «...ҚР президенттігіне кандидат А.Х.Асылбектің Лингвистикалық комиссияның отырысына келмеуіне байланысты оның ҚР Конституциясының және «Сайлау туралы» Конституциялық заңның мемлекеттік тілді еркін меңгеру бөлігіндегі талаптарына сәйкестігі анықталмады деп көрсетілсін».
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.