16 Қыркүйек, 2016

Алматының «өкпесі»

278 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
tsҚоңыр күздің әдеттегідей керімсал әдемі күндерінің бірінде Алматы күні аталып өтетін ежелгі дәстүр бар. Биылғы қала күнінің ерекшелігі сол – Алматы өзі өз болғалы, көйлегі бөз болғалы алғаш рет 1000 жылдығын атап өтпек...Тарихшылардың да, ЮНЕСКО-ның да, әрине,  халықтың да шешімі осылай! Бұдан дәл 1000 бұрын шаһардың қандай мекен болғанын мен білмеймін, бірақ, сүйікті қаламыздың тарихының ғасырлар қойнауы­на кеткеніне сүйсінемін. Талантты тарланбоз тарихшыларымыздың дәлел-деректеріне сүйсінемін... Алматылықтардың бүгінгі қуанышына сүйсінемін. Менің білетінім – Алматы қай кезде де ақындардың жырына, ғашықтардың сырына айналған сұлу шаһар! Ақындар дегенде алдымен ауызға Олжас Сүлейменов ағамыздың есімінің оралғанын қараңызшы! Сонау 80-ші жылдардың басы еді. Халқының саны миллионға тола қоймаған, көлігінің бүгінгідей нөпірі жоқ болғанмен, Алатаудың құшағында жатқан Алматының өкпесін қысқан көк түтіні болатын! КСРО халық депутаттығына кандидат өр мінезді ақын ағамыз сол күні күллі «Қазақфильм» шағын ауданындағы дүйім жұрттыңа алдында өзінің зор дауысымен күркірей сөйлеп, депутат болып сайлана қалса ең алдымен Алматының ауасын тазартамын деген уәде берді. Сүйікті ақын сол жолы аспанға он сан дирижабль-желдеткіш ұшырып сірескен көк түтінді Талғардан асырып қуып шықпақ та еді. Халық шапалақ ұрды. Халық мінезді азаматтың айтқанын орындайтынына сенген де еді... Бірақ, сол сайлауда  жалпы дауыста қарапайым алматылық құрылысшы депутат атанып, Олжас ағамыздың  «ғасырлық жобасы»  жүзеге аспай қалды. Одан бері Үлкен Алматы мен Есентай өзендерінен Алматыны бойлай талай су ақты, уақыт алға озды. Халқының саны екі еседен артқан қаланың автокөлігінің саны 800 мыңға таяп қалды! Түтін қоюлана түскен... Бірден ашып айтайық, ақын, бүгінгі Қазақстанның Еңбек Ері, қоғам қайраткері Олжас Омарұлынан кейін шаһардың «өкпесін тазалап, тынысын ашуға» бүгінгі қала басшысы Бауыржан Байбектің әрекеттенуі қуантады. Әкім ең алдымен Алматы агломерациясының (тұрындарды шоғырландыру) өңіраралық сызбасын (схемасын) жасады. Ол Қазақстан Республикасының сəулет, қала құрылысы жəне құрылыс қызметі саласындағы заңнамасына, аумақты ұйым­дастырудың экологиялық, əлеуметтік-эконо­микалық мəселелерін реттейтін норма­тив­тік-құқықтық жəне нормативтік-техникалық құжат­тарға сəйкес əзірленді. Бұл – әзірше құжат. Ал іс жүзінде ше? Іс жүзінде қала әкімі амалды көктен емес, жерден іздеді.  Яғни, біреуге жағар, біреуге жақпас – қала басшылығы жекеменшік көлік­тердің жолын кесіп, олардың қала ішін­дегі қозғалысына мейлінше шектеу қоюға кірісті. Автобустарға арнайы жолақпен жол ашты. Жекеменшік көліктердің бір сағаттық тұрақтануы 100-ден 300 теңгеге дейін көтерілді. Болашақта одан да ұлғаюы әбден мүмкін. Ал кеше Алматының өкпесін тазарту идеясының алғашқы пионері Олжас аға италия тілінде шығатын кітабының тұсауын кесуге Римге ұшып кетті...  Айтпақшы, сол Рим  өкпесін қысқан көк түтіннен бүгінгі таңда қалай құтылып жатыр, білесіз бе? Дирижабль-желдеткіш, автокөліктер сериялары бойынша кезекпен жүру, тұрақ бағасын көтеру секілді он сан амалдар Римде де пайда болған. Қаланың соңғы әкімі мен жергілікті басқару органдары Римде аптасына  үш күн, Миланда үш күн жекеменшік автолар жүрмейтіндей етті. Қалада үш күн ешқандайда жеңіл көлік жүрмейді. Бітті. Халық үшін дәл осы күндері автобуста, троллейбус пен трамвайда, метрода жол жүру бағасы арзандатылады. Жұрт сүйсініп қолдап отыр. Тамаша емес пе? Алматы қаласының өкпесі қысылған сайын әртүрлі ойдың жетегінде біресе Рұмды, біресе Қырымды шарлайды екенсің! Амал нешік! Үмітіміз де жоқ емес! Дәл бұдан 1000 жыл бұрын шаһардың саф ауаның, салқар табиғаттың құшағында болғанына мен кәміл сенемін. Дәл ондай болу қайда, дегенмен... Рим мен Миланда ауа тазарып келеді ғой...  Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ