Қоғам • 07 Қазан, 2024

«Венчурлік ойлау жүйесі» атты бестселлер қазақ тіліне аударылды

119 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптаның соңында Алматыда  Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стребулаев пен цифрлық стратегиялар жөніндегі сарапшы Алекс Дангтің «Венчурлік ойлау жүйесі: саналы түрде бәс тігу арқылы орасан зор табысқа қалай жетуге болады» бестселлерінің қазақ тіліне аударылған нұсқасының ресми таныстырылымы өтті. Іс-шара «Сәби» қайырымдылық қоры мен Byb Capital венчурлық қорының қолдауымен ұйымдастырылды, деп жазады Egemen.kz.

«Венчурлік ойлау жүйесі» атты бестселлер қазақ тіліне аударылды

Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стребулаев және технологиялар мен цифрлық стратегия бойынша кеңесші Алекс Дангтың бірлесіп жазған «Венчурлік ойлау жүйесі» атты бестселлері қазақ тіліне аударылды.

Кітапты қазақ тіліне аудару идеясын BYB capital басқарушы серіктесі Асқар Білісбеков ұсынды.

«Біз қазақтілді аудиторияның венчурлік салаға қызығушылық танытып жұмыс істегісі келетінін көріп отырмыз, бірақ қазақ тілінде мұндай ақпарат жетіспеушілігінен ол мүмкін болмай отыр. Біздің бастамамыз тек стартапшылар мен кәсіпкерлерге ғана емес, жалпы көпшілікке де мүмкіндік береді»,  деді Білісбеков.

Кітапта инвесторлар мен кәсіпкерлерге бизнесті табысты трансформациялау жолында дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін 9 қағида көрсетілген. Авторлар Amazon және McKinsey секілді компаниялардағы венчурлық капиталистердің ойлау жүйесі мен механизмдері табысты бизнес құруға қалай ықпал ететінін көп жылдар бойы зерттеген.

«Венчурлік ойлау жүйесі: саналы түрде бәс тігу арқылы орасан зор табысқа қалай жетуге болады» кітабы BYB capital мен «Сәби» қорының негізін қалаушылары Кенес Рақышев, Әсел Тасмағамбетова және басқарушы серіктес Асқар Білісбековтің қатысуымен өтті. Кітап солардың қолдауымен жарық көрді. Іс-шараға, сонымен қатар, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев те қатысты.

Жаслан Мәдиев венчурлік инвестициялар нарығын дамыту мақсатында арнайы кеңес құруды ұсынды. Оның аясында жыл сайын венчурлік инвесторлар, мемлекет өкілдері, қаржы секторы, стартаптар мен қорлардың қатысуымен арнайы жиналыс өтеді. Министр бұл іс-шара Алматыда өтетін Орталық Азия венчурлік форумының алдындағы маңызды жиынға айналатындығына сенім білдірді. Оған қоса, 15 аймақтық хабты пайдалану арқылы қазақ тіліндегі техникалық әдебиетті насихаттауға болатындығын жеткізді.

«Венчурлық нарыққа біз үлкен мән беріп отырмыз, сондықтан министрлік ретінде осы экожүйенің дамуына жақсы жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Біз әлі де көптеген жұмысты реттеу, ынталандыру және жаңа институционалдық инвесторларды тарту арқылы атқаруымыз қажет. Бұл маңызды бастамалар осы саланы ілгерілетуге бағытталады», деді министр.

Сондай-ақ Жаслан Мәдиев презентация барысында үш ұсыныс айтты. Біріншіден, ол Digital Nomads қауымдастығын қазақ тілінде техникалық әдебиетті дамытуға белсене қатысуға шақырды. Министрдің айтуынша, шетелдік технологиялық компанияларда жұмыс істейтін отандық мамандар техникалық терминдерді дұрыс аударып, оларды қазақ тіліне бейімдеуде айтарлықтай үлес қоса алады.

Екінші ұсынысы – венчурлық инвестицияларды дамыту бойынша кеңес құру. Бұл кеңес венчурлық инвесторлар, мемлекет өкілдері, қаржы секторы, стартаптар мен қорлар, сондай-ақ өңір елдерінің өкілдерінің қатысуымен жыл сайын жиналыстар өткізуі керек. Министр бұл іс-шараның Алматыда өтетін Орталық Азия венчурлық форумының алдында дәстүрлі іс-шараға айналатынын айтты.

Үшінші ұсыныс - Astana Hub инфрақұрылымын техникалық әдебиетті танымал ету үшін пайдалану.

«Бізде өңірлерде 15 хаб бар, оларды бұл материалдарды университеттер арқылы тарату үшін қолдануға болады», деді министр.

Сондай-ақ Mazmundama жобасының авторы Шыңғыс Мұқанның айтуынша, бұл кітап алғашқы болып қазақ және корей тілдеріне ғана аударылды.

Кітап Mazmundama баспасынан таралымы 2000 данамен шықты. Бестселлер маркетплейстерде сатылымға шықты.