16 Қыркүйек, 2016

Тарихи шындық жайлы шығарма жарық көрді

1124 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
555-001Қыстың көзі қырауда, сақылдаған сары аязда ел көшуші ме еді? Бұл дегеніміз атан түйеге жүк артып, амалсыз көшкен жұртты ажалдың аузына шыбықпен айдағанмен бірдей емес пе? Міне, өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының аумағындағы Түгіскен деген жерден Сарыарқа деген аудан құрылып, іле-шала оның халқы Бетпақдаланы бетке алып, сол кездегі басшылықтың пәрменімен жаппай қоныс аударуында осындай жауыздық саясаттың жатқаны анық. Онсыз да кәмпескеге ұшырап, қолындағы малынан айырылып, әбден әлсіреп, әрең күнін көріп отырған 5 болыс тама, 2 болыс тарақты елін түгелдей Жамбыл облысының Шу жағына қарай көшіру туралы қаулы қабылданады. Аш-жалаңаш ел Бетпақдаланың сақылдаған сары аязында әбден қорлық көріп, Сарысу ауданының орталығы болған Саудакентке дейін 700 шақырым жолда қынадай қырыл­ды. Шұбатылған көштің бір бөлі­гі ғана әрең жетіп, жол-жөнекей қан­шама адам, қаншама бейкүнә бала аштық­тан өліп, суықтан қатып қалған. Ресми деректерге қарағанда, 1932 жылдың 24 қарашасында Әулиеата өңіріне қарай көшкен 2000-нан аса отбасыдан Саудакент ауылына аман жеткені 500-дей ғана түтін екен. – Сол ашаршылық жылдары ел жаппай босып кеткенде, жұрт­та қалған Рәзия әжеміз де бесіктегі баласын сүйрелеп, атасы Ықылас­тың қасиетті қара қобызын көтеріп, жаяу-жалпылап, көшкен елдің шұбырған ізіне түседі, – дейді осынау тарихтан сыр шерткен Асаубай Майлыбаев. – Өзі аш, әл-дәрмені құрыған күйеуі Ақынбай «Осы қу ағашты арқалаймын деп өлетін болдым ғой», деп қобызды лақтырып жібергенде, сексеуілге соғылып басы сынып қалыпты. Сонда Рәзия әжеміз: «Өй, мұның не, Ақынбай? Қасиетті қобыздың киесі атады ғой» деп, қобызды жерден көтеріп алып, сынған жерін шүберекпен таңып, тағы алға жылжиды. Бірақ діңкелері құрып, қарға адым жер жүру мұң болады. Ақыры екеуі қобызды алады да, сәбиін бесігімен далаға тастап кетеді. Жарты шақырымдай жылжыған кезде Рәзия әжеміздің аналық жүрегі шыдамай, емшектегі баласына қайта барады. Барса, бесік орнында тұр, бірақ қасқыр жеп кеткені болмаса, я, адам алып кеткені белгісіз, бала жоқ. Осындай сұмдық оқиғалар болған. Бүгінде Рәзия әжейдің немерелері Тараз қала­сы­ның айналасында тір­шілік етуде. Ал талай қасіретті бас­тан кешкен Ықы­лас Дүкенұлының қасиет­ті қара қобызы қазір Тараз мұра­жайында тұр. Міне, жақында ғана жарық көрген белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың ашаршылық құрбандарына арнап жазған «Тамакөшкен» поэмасының көтерген жүгі, мән-мағынасы өте күр­делі екенін осыдан-ақ байқауға болады. Ашар­шылық жылдары Сарыарқадан Қаратауға қарай ұлы шұбырындыға ұшыраған халықтың тағдыр талайын суреттейтін дүниенің кітап болып шығуына Жамбыл облысының құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі кәсіпкер, Сарысу ауданының төл перзенті Асаубай Майлыбаев демеушілік жасады. Айырылып ана ұлынан, аға достан, Мына қос хабар алмай ана қостан. Қар жауған қарашада ұбап-шұбап, Бетке алып, Қаратауды Тама босқан. ... Қар борап, қарашада, Күн бүлінді. Сен бірақ, айтпайсың-ау, шындығыңды. Баурыңда көктей солған көп Таманың – Көк тасы өзің шығар, Мұңлы, Қулы! – деп қаймана елдің трагедия­лық халін жеткізе жырлаған осынау кітап­тың тұсаукесері Саудакент ауылында өтті. Жиналған қауым Арқаны мекен еткен тама, жағалбайлы, алшын және тарақты руларының қызыл им­перияның қол­дан жасаған қыр­ғын­ға ұшырауы поэ­ма тілінде сәтті бей­не­ленгенін кеңінен әң­гі­ме етті. Бір ғана рудың немесе бір жүздің емес, бүтін­дей қазақ хал­қы­ның ашаршылық жыл­­дарын­дағы көр­ген қайғы-қасіреті туралы тебі­рене толғады. Кітап авторы Ғалым Жайлы­бай да ашаршылық құр­бандары рухына тағзым ету шара­сын ұйымдастырып отырған А.Майлы­баевқа және осы бір иманды тірліктің басы-қасында жүрген азаматтарға алғы­сын білдірді. Қазақстан Жазушылар одағы об­лыс­тық филиалының директоры, жазу­шы Несіпбек Дәутайұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, бел­гі­лі қаламгер Жұмабай Шаштайұлы, ақын Маралтай Райым­бекұлы, қоғам қай­рат­кері Мұха­метқасым Шәкенов, Сары­су ауданы­ның құрметті азаматтары, еңбек арда­герлері Орынтай Дүй­сенов, Талас Алтай­баев поэма тура­лы тұщым­ды пікірлерін білдіріп, ашар­шы­лық­тың ащы шындығын әңгімеледі. k-sh– «Тамакөшкен» поэмасы – жоғал­ған кітаптың жалғыз беті. Сондықтан, ашаршылық жылдары бір ғана ру­дың басынан кешкен азапты тағды­рын көрсете отырып, барша қазақ хал­қы­ның отызыншы жылдардың басын­дағы көрген зұлматты суреттеді деп ойлаймын. Поэма орыс тіліне де аударылған. Ондағы мақсат – ал­дағы уақытта осы тіл арқылы шетел тілдеріне аударып, әлем оқырмандары назарына ұсыну. Осы қаны сорғалаған трагедияны бүгінгі ұрпақтың миына шегеленіп қалатындай етіп суреттеген ақын Ғалым Жайлыбай ініме ел атынан алғыс айтсам артық болмас. Түптің түбінде әлем халықтары түсінде шошып оянатын осы бір қазақ халқын қынаша қырған қанды ойранға арнап, бір ескерткіш орнатпай, аруақтар назасы басылмас. Қалай дегенмен, әлгі олқылығымыздың орнын әзірге Ғалымның «Тамакөшкен» поэмасы толтыра тұратынын тағы да естеріңізге салғым келеді, – деді Асаубай Майлыбаев. «Тамакөшкен» поэмасы – тарихи шындық. Бұл шындық – тарихтың жүзіндегі мәңгі өшпейтін қара таңба. Айтылмай жатқан ақиқатты айтып, ашылмай жатқан шындықты жазған Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал», «Тамакөшкен» туындылары – ұрпақтың санасына сәуле түсірер дүниелер екені анық. Жиын соңынан Саудакентте ашар­шы­лық құрбандарына ас беріліп, Құран бағышталды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»  Жамбыл облысы