16 Қыркүйек, 2016

Әдеттің жаманын әдеп жеңсе...

355 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
chinovnikЗаңға салсақ, мемлекеттік қызметкерден өткен тәртіпті тұлға болмауы тиіс. Тәртібі өз алдына, сөзі майда, қолы таза болмағы да олардан сұралар көп талаптың ішіндегі маңыздылары. Солайы солай ғой, дегенмен осы айтылғандар бүгінгі мемқызметкерге бауыр басып кете алды ма? Міне, әңгіме осында... «Іштен шыққан жау жаман» дейді халқымыз. Егер де қарапайым халықтың өкіліне өктем сөйлеп, тасыр мінез танытса және де өзі мемлекеттің қаржысына қолды салып-салып жіберетін сұғанақ болса, мұндай қызметкердің де елдің досы болмағаны ғой. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап күшіне енген «Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемлекеттік қыз­меті туралы» Заңға «Әдеп жө­нін­дегі уәкілдік», «Әдеп жөнін­дег­і кеңес» сияқты түсініктер енгі­зіл­­­­ген бо­латын. Мұның өзі, сайып кел­­­­­ген­­де, мемлекеттік тәртіпті ны­­­­ғай­­­­ту­­ға бағытталған батыл қадам­дар еді. Әдеп жөніндегі кеңес демекші, бұл институт бұрынғы тәртіптік кеңестің орнын басқан болатын. Тәртіптік кеңестен мұның бас­ты айыр­машылығы – аталған инс­ти­туттардың қызметіндегі басым­дық заң бұзушылықтардың алдын алу, оның себеп-салдары мен жа­салуын терең зерттеуге бағыт­тал­ған. Әдеп жөніндегі кеңес тәртіп­тік істерді ғана емес, тұңғыш рет жемқ­орлық тәуекелдігінің сарап­тама қорытындысын, сыбай­лас жемқорлыққа қарсы мони­торингтің, қызметтік этиканың сақталуын қадағалайтын және мони­торингті іске асыру кезіндегі этика жөніндегі уәкілдердің қыз­метін қарайтын болады. Қарағанды облысындағы Әдеп жөнін­дегі кеңестің дербес құ­ра­­мы мәслихаттың, қоғамдық бір­­лес­­тіктердің, үкіметтік емес ұйым­­­­дар­дың өкілдерінен, сонымен қа­тар, жекелеген мемлекеттік ор­­ган­­дар басшыларынан құралған. Бү­гін­­гі күнде бұл кеңес төрт отырыс өт­­кізіп, 25-ке тарта мәселені қа­­ра­­­­ған екен. Оның 13-і – тәртіптік істер. Зады, сыбайлас жемқорлық деген­нің мемлекет, жалпы қоғам үшін іштен үңгіп жалмайтын жұлынқұрттың нағыз өзі екені рас. Мына бір мысалдың өзі жаға ұстатып, төбе шашты тік тұр­ғы­зады: бір ғана мемлекеттік сек­тор­дың өзінде сыбайлас жемқорлық әлемдік экономикадан 1,5-2 трлн долларды пара түрінде жырымдап шетке шығарады екен. Бұл дегеніңіз – Ішкі жалпы өнімнің 2 пайызы. Ал Қазақстан бойынша ІЖӨ-нің орташа есеппен 2 пайы­зын алсақ, соның өзі 1 трлн 250 мрлд теңгені құрайтын көрінеді. Осы қаржыға біз бір жылдың ішінде жүздеген мектеп пен бала-бақша сала алады екенбіз... Жалпы, сыбайлас жемқорлық сынды батпандап кіріп, мысқалдап шығатын індетке қарсы өңірде небір қатаң шаралар қабылданып жат­са да, заң бұзушылықтан айы­­лын жимайтын мемлекеттік қыз­­меткерлер ара-тұра кездесіп қа­лып жатыр. Мәселен, былтыр және биылғы жылдың жартысын­да Қазақ­стан Республикасы Мем­ле­­кет­­тік қызмет істері бойынша об­лыс­­тық департаменттің әдеп жө­нін­­дегі кеңесінің ұсынысы бо­й­ын­­­ша, сәйкесінше 79 және 21 мем­­ле­кеттік қызметкер тәртіптік жауап­­кер­шілікке тартылған. Өткен жы­лы қаржы бақылау органдары 479 ла­уазымды тұлғаны, ал биыл­­ғы жар­тыжылдықта 40 мем­қы­зметкерді тәртіптік жауап­кер­шілік­тің тезіне салыпты. Осы кезеңде әкім­­шілік жауап­кершілікке 119 лауа­зым­ды тұлға тартылып, бюд­­­жет­ке 10,1 миллион теңге қай­та­рыл­ған. Сыбайлас жемқорлық қыл­мысқа қарсы қызмет орган­дары­ның араласуымен 2015 жылы 129 жемқорлық қылмыс тірке­ліп­ті. Мәселен, Абай ауданы әкімі­­нің бұрынғы орынбасары М.Бимағам­бетовке қызметтік өкілеттілігін пай­­да­­ланып, заңсыз түрде жер те­лім­­­дерін және туыстарына пә­тер бер­­гені үшін 3 млн 674 мың тең­ге айыппұл салынды. Сәтбаев қаласының тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ғ.Сүтбаевқа 240 мың теңге пара алғаны үшін 14 млн теңге айыппұл жазасы кесілді. Бұқар жырау ауданындағы ветеринария бөлімінің басшысы Ш.Бегімова екі қызметкеріне сыйақы жазып, сонан соң олардан өзіне 114 мың теңге үлес талап еткені үшін 1 млн 300 мың теңге айыппұл төлейтін болды. Шет аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Рысбек қарамағындағы қызметкерден 540 мың теңге бопсалағаны үшін үш жарым жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызмет атқарудан өмір бойы шеттетілді. Сонымен қатар, бюджеттің 11 миллионға жуық қаржысын жымқырды деген айыппен істі болған Нұра ауданы әкімінің орынбасары мен білім беру бөлімінің басшысына қатыс­ты қылмыстық іс сотқа жіберілді. Әлбетте, бұл фактілер тоқ­мейіл­суге әсте негіз бермеуі тиіс. Мемлекеттік қызмет жүйесінде тамыр жайған сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күрес ымырасыз жүргізілмесе, ырысымыздан құт қашары айдан анық. Бұл жерде мәселенің бар жүгін жалғыз ғана құқық қорғау органдарының мойнына артып қою әбестік болар еді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қазақстандық қоғамның барша тобы күш біріктірмейінше, мемлекеттік мүдденің аты озбайды. Бір сөзбен айтқанда, заңдық күші бар әдеп жаман әдетке әуес мемлекеттік қызметкерлерді жөнге салып, тәртіпке келтірер болса, қоғам үшін бұдан асқан зор табыс болмас еді. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ