16 Қыркүйек, 2016

Ақиқаттың бел ортасында жүрдім

390 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
dsc03463-2Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи Жарлығының арқасында әлемдегі ең ірі бес полигонның бірі өз жұмысын тоқтатты. Адамзатқа қатер төндірген қауіптің бұлты ең алдымен қазақ жерінде сейілді. Бұл – ел Тәуелсіздігімен де, «Семей-Невада» қозғалысының бастау алуымен де тығыз байланысты оқиға. Осы қозғалыстың басында болған Олжас Сүлейменовті қолдаған ең алдымен Абай ауданының халқы еді. Төменде «Семей-Невада» қозғалысының сенімді өкіл-дәрігері, осы тарихи оқиғаның куәгері Болат СЕРІКБАЕВПЕН болған  әңгімені ұсынамыз. – Ядролық сынақ полигонына қарсы тұру, осы Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған қасиетті жерде бас­тау алды. Бірінші күннен Олжас Сү­лейменов бастаған қозғалыстың эпи­центріндегі сенімді дәрігер болдым, – деп бастады әңгімесін сұхбаттасым. Радиация әсерінен, ауыр жарылыстардан қаншама адам қатерлі дерттерге ұшырады. Дәрігер ретінде осының бәрі полигонның әсері екендігін дәлелдеуге тырыстым. Көп адам сол кезде маған қарсы шықты. Полигон жері таза, сенікі бос әурешілік дегендер де кездесті. Тынысты тарылтқан сол бір көзге көрінбейтін шаң-тозаң, айлап, жылдап емес, ғасырлап кетпейтін радиация әсері адамзатқа ғана емес, қоршаған ортаға шектен тыс зиян әкелді. 1991 жылғы 4 тамыз күні Абай ауданының орталығы – Қарауылда рұқсат етілмеген екі митинг болды. Бұл митингтерге 7 мың адам жиналды. Ол кезде полигонды жабамыз-ау деген үмітпен, жабылмауы да мүмкін-ау деген шарасыздық үрейі қатар жүрді. Митингте оншақты адам сөз сөйледік. «20 килотонналық жарылысқа жол бермейміз және халыққа жәрдем үшін өтемақы төлеу керек» деген пікірді ұстандық. 1991 жылы 9 тамызда аудандық прокуратура маған жазбаша ескерту жасады. Ал 12 тамызда Кеңес Одағының және Қазақ КСР-інің заңдарын бұзып, рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды деп, ҰҚК менімен әңгіме жүргізді. 29 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен полигонды жапты. Сол жылғы 19 қа­рашада Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Н.Назарбаевтың Абай ауданына арнайы келгенде айтқан сөзі әлі есімде: «Сіздер эпицентрде маңызды көзқарас қалыптастыра білдіңіздер. Сіздердің ауызбіршіліктеріңіздің арқа­сында мен полигонды жаптым». – Сізге полигон жабылғанға дейін қандай жағымсыз жағдайлар белгілі еді, өзіңіз қандай келеңсіз жағдайлардың куәсі болдыңыз? Бұл бір нағыз арпалыс пен күреске толы жылдар емес пе еді? – Тағы да қайталап айтайын, мен сол қиын-қыстау кезеңде халықтың сенімді дәрігері болдым. Өйткені, полигоннан зардап шеккен өңір адамдарының мұңын тыңдау өз алдына, емдеу, сауықтыру керек еді. 1989 жылғы қыркүйек айында аудандық кәсіподақ ұйымының есеп беру-сайлау жиналысы өтті. Сонда полигондағы халықтың денсаулығы нашарлап, түрлі қатерлі дерттер белең алғандығын айттым. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы сөзімді бөле берді. Онымен бірге келген обкомның медицина сала­сының маманы: «Қазір уақыт жаман, байқап сөйлеу керек, мына жігітті кәсіподақ ұйымынан шығарып тастайық!» – деді. Сөйтіп, жиналыс менің жалғыз қалуыммен аяқталды. Сөйтсе де, мен халықтың мұңын жоғары жақтағы медицина саласының мамандарына жеткізуге белімді бекем будым. Полигон жабылғанға дейін, яғни 1990 жылы аудандық «Абай ауылы» газетінде «Атом – адам жауы» деген мақала да жариялаған едім. Оны оқыған біраз дәрігер «Хромосомдық абберация түсінікті жазылған» деп менің жағыма шыға бастады. – 1989 жылы халықтың толқуы өршіп кетті, өйткені, уланған жер жарасы ушыға бастаған еді. 1990-1991 жылдарға келсек, Мәскеудегі «көсемдер» түрлі бомбалық жарылыстар жасар алдында, ауылда мал бағып жүрген қаймана қазақтың, бір сөзбен айтқанда, 40 жыл бомбаның астында қалған абайлықтар мен абыралылықтардың қарсылығына тап бола бастады. Абай ауданынан басқа, Семей қаласында да жиындар өтіп жатты емес пе? – Иә, әрине. Сондай бір жиын, барлық деңгейдегі депутаттар бас қосқан әрі әскерилер қатысқан мәжіліс 1991 жылы маусым айында өтті. Олар, яғни басшылар мен әскерилер 20 килотонналық жарылысты жасауға халықты қалай көндіреміз дегенге ақылдасты. Мінбер біраз уақыт бос тұрды. Ешкім ештеңе демеді. Содан мінберге шықтым да: «Біз ұрпағымыздан айырыламыз. Түрлі қатерлі дерттер, ақ қан ауруларынан алдыңғы орынға шықтық. Бұл – полигонның әсері», – дедім. Қысқаша сөйледім. Менен соң мінберге полковник Вялых көтерілді. «20 килотонналық жарылыстың ешқандай зияны жоқ, бұл – еліміздің қуаты, біздің әскери қалқанымыз. Біз жарылыс жасауға тиістіміз...», – деді ол. Оның сөзіне ешкім ештеңе айтпады, мақұлдаған да, қарсы шыққан да жоқ. Шыдамай орнымнан қайта тұрдым. «Бізге бірінші кезекте осы жерде зертхана ашу керек. Сонда бәрі де анықталады...», – деп келе жатыр едім, тағы біреулер қарсы шықты, бір дәрігер орыс әріптесім ғана: «Ол дұрыс айтады!» – деп мені қолдады. Жиыннан осылай тарадық. 25 жыл өтсе де, проблемалар әлі де баршылық. Полигон жабылғаннан кейін Мәскеу түбіндегі Обнинск қаласынан келген профессор А.Савен­каевтың басшылығымен ауыл және қала тұрғындарының қаны цитогене­тикалық тексеруден өткізілді. Тексеру атом бомбалары жарылысынан болған радиацияның шектен тыс әсерін көрсетті. Қазір және алдағы уақытта да қала тұрғындарының денсаулықтарын тексеруден өткізіп, оларды емдеуді жалғастыру керек. – Сіз өз әңгімелеріңізде үнемі осы Абай ауданын ұзақ жыл басқарған, бүгінде абыз ақсақал Хафиз Матай­ұлын ерекше құрметпен атайсыз... – Хафиз Матайұлына деген елдің құрметі әрқашанда айрықша болып қала бермек. Мен Абай ауданына Алматы медицина институтын бітіріп жолдама алып келген кезде Хафиз аға 27 пәтердің біреуін жас маманға көмек болсын деп бергізді. Осыдан кейін үй жағынан қиналған жоқпын. Ол қашанда халықтан көмегін еш аямайтын. Бүгінде полигонды жабуға мен атсалыстым деушілер көп. Сол полигон орналасқан Абай, Абыралы өңірлеріндегі зардап шеккен халықты ең алдымен кім түсінді?! Әрине, Хафиз аға, ол кісінің сол қиын-қыстау кездері тездетіп шешімге келе алуы, халық қамын ойлауы да ерекше болды. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист  СЕМЕЙ