16 Қыркүйек, 2016

Биыл Көкшетауда 350 комбайн конвейерден шығады

344 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
dsc_3341   Еліміздегі ірі аграрлы аймақ­тардың бірінен саналатын Ақ­мо­ла облысында жыл сайын дән­ді дақылдардан тұрақты өнім алы­нуға қол жеткізіліп келеді. Об­лыс бойынша соңғы үш жылда жылына орташа есеппен 4,7 мил­лион тонна астық жиналып, әр гектардың шығымдылығы 11,6 центнерден айналды. Ал дәл бүгінгі дерек бойынша, гек­тар түсімділігі 13 центнерден айналып отыр. Бұл жалпы өнім­нің 5,5 миллион тоннаға жете­тініне негіз қалайды. Мұның барлығы агрокешеннің озық үлг­і­дегі техникалық жарақта­нуына тікелей байланысты екен­­дігі белгілі. Осы орайда, Көк­шетаудағы комбайн құрастыру зауыты диқандар қолын ұзартып отырғанын айтуға болады. Бүгінгі күні өндірісті игеруде жаңа технологияларды қол­данатын, өнімділікті тұрақ­ты арттыратын, үздік әлемдік стан­дарттар негізінде жұмыс істей­тіндерге табыс көзі ашылмақ. Бұған Көкшетау кәсіпорны өз үлесін қосатыны анық. Өйткені, қазіргі кезде осы бағытта ау­қымды шаралар қолға алынып, тиісті қайтарымын беруде. Дала кемелерін Ақмола облысының ғана емес, еліміздің бүкіл егістік алқаптарынан көруге болады. Бұл сұраныстың жыл санап артып отырғанын білдіреді. Көкшетау қаласының индустрияландыру картасында «Вектор» комбайн зауыты 2011 жылы пайда болды. Кәсіпорын директоры Юрий Башуровтың айтуынша, алдымен қаңырап бос тұрған ғимарат бәссауда арқылы сатып алынған. Көп ұзамай құрастыру цехы ашылды. Бүгінгі таңда «ҚазАгроҚаржы» және «Ростсельмаш» комбайн зауыты» акционерлік қоғамдары арасындағы мәміле негізінде құрылған Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны «Вектор-410 KZ» маркалы дала кемелерін құрастырып, кепілдендірілген сер­вистік қызмет көрсетумен айна­лысуда. Қажетті бөлшектер Ресей және Беларусь елдерінен жеткі­зіледі. Зауыттың қуаты жылына 300 комбайн құрастыруға мүмкіндік береді. Директордың келтірген дерек­теріне қарағанда, «Вектор-410 KZ» комбайнының Қазақстан нарығындағы үлес саны жыл санап артып келеді. Нақтылай айтсақ, республикамыздағы егін жинау техникасының 50 пайызға жуығы осы комбайндардың еншісінде. «Вектор-410 KZ» өңі­рі­міздің климаттық ерекше­ліктеріне бейімделген, жеңіл бас­қарылады әрі жергілікті жағдайда жөндеп те алуға болады. Ал өнім­ділігі жағынан шетелдік ком­байндардан қалыспайды. Өнім­нің өткізілу мәселесінде де қиындық жоқ сияқты. Бұл іс «Ростсельмаш» компаниясымен он жыл бойы әріптестік байла­ныстағы «ҚазАгроҚаржы» акцио­нерлік қоғамы жүйесі арқы­лы жүзеге асырылады екен. Яғни, мемлекеттік мүддедегі кепіл­дік бар. Қазіргі күні зауыттың өнді­ріс­тік алаңдары жаңғыртылып, қуат­тандырылған. Осының нә­ти­же­сінде өндіріс көлемі де ұлғай­тылған. Ең бастысы, жа­ңа кеден режімі талаптарына сәй­кес, техниканы қосымша құн са­лы­ғынсыз босату арқылы ком­байнның бағасы арзандап, ауыл еңбеккерлері үшін айтарлықтай жеңілдіктер туып отыр. Мәселен, 2015 жылы зауытта барлығы 222 дана «Вектор-410 KZ» комбайны құрастырылды. Үстіміздегі жылы конвейерден бесжүзінші комбайн шығарылды. Айта кетерлік жағдай, қазірше комбайн бөлшектерінің 70 пайызы ше­телден тасымалданса, жыл соңын­да оның деңгейі 10 пайызға төмен­демек. Демек, өндірістік кезең­дегі қазақстандық үлес арта түспек. – Өзімізде сервистік қызмет көрсету орталығы бол­ған соң, өңірдегі көптеген шаруа­шылықтарға қызмет көрсету­деміз. Алдағы уақытта оны да ке­ңейтетін боламыз. Біздің жұмыс мұнымен шектеліп қалмайды. Алдағы жоспарларымыз да ауқымды. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылымды дамыту көзделген. Оның ішінде, алдағы 2017 жылы зауыт аумағында қазіргі заманғы сервистік қызмет көрсету орталығын, 2018 жылы №2 өндірістік цех пен қосымша қойма салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, өндірістік желіні кеңейту арқылы өнімнің отандық үлесін 40 пайызға жеткізетін боламыз. Қазірдің өзінде көптеген қажетті қосалқы бөлшектерді отандық зауыттардан алып отырмыз. 2015-2016 жылдары өндірісті әртараптандыру бағытында нақты шаралар қолға алынып, қазіргі заманғы «Агросоюз-Хорш» тұқым себу кешендері мен комбайндарын шығару жобасы да қолға алынуда. Осы мақсатта мамандарымызды Ростовтағы зауытта оқыту үстіндеміз. Жобаның жүзеге асырылуы өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылуы­на септігін тигізетін болады. Осылайша, өндірісті игеруде жаңа технологияларды қолданатын, өнімділікті тұрақты арттыратын, үздік әлемдік стандарттар негізіндегі техникалар қатарға қосылатын болады, – дейді «Вектор» комбайн зауыты» ЖШС директоры Юрий Башуров. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы