Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасына жұмыс сапарымен барып, Бішкекте өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдердің Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысты.
25 жылдық деп ерекшелей айтылғанымен биылғы жиынның айтарлықтай артықшылығы болған жоқ. Тек ауа райының қолайсыздығынан ұшағы ұшпай, екі сағатқа кешігіп келген Ресей Президенті В.Путинді БАҚ өкілдері жаңалық қып жарысып жазып жатты. Жиынның басталу уақыты онсыз да сәл кешірек, түстен кейінгі төртке жоспарланған еді, сөйтіп көршінің қолайсыз ауа райы салдарынан сағат тілі кешкі алтыдан асқанда ғана отырыс басталды. Әдеттегідей, президенттерді «үй иесі» А.Атамбаев «Ала-Арча» резиденциясының алдында қарсы алды.
Отырыста сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД ұйымы бүгінде біздің елдерді біріктіретін бірегей алаңға айналып отырғанын атап өтті.
– Достастық жоспарларын жүзеге асыру арқылы өзінің тұрақты, мақсатты және келешегі зор ұйым екенін дәлелдеді. Сондай-ақ, Достастықтың тәжірибесі ЕАЭО мен ШЫҰ сынды интеграциялық ұйымдарға септігін тигізді. 1991 жылдың 21 желтоқсанында құрылған ТМД тарихи мағынаға ие. Бүгін менің бастамам бойынша ТМД-ның 25 жылдығы туралы үндеуді қабылдап жатырмыз. Ол жаңа мақсаттарды анықтап, болашаққа тың міндеттер қояды, – деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы жақында өткен G-20 саммитінде айтылған мәселелерге де тоқталып өтті.
– Саммитте дамудың ескірген моделі мен сандық экономикаға өту мәселелері талқыланды. Бұл – қоғамдық өндірістің пайда болуына нұсқайтын жаңа үлгі. Бұл мәселелерді шешу мақсатында біз ТМД аясында өзара тығыз байланыс орнатып, бірлескен жобаларды қайта жандандыруымыз қажет, – деді Елбасы.
Бүгінгі таңда Достастық 2008 жылы қабылданған ТМД экономикалық даму стратегиясының үшінші кезеңіне көшті. Әлемдік экономикадағы жағдай қазіргі таңда айтарлықтай өзгерді. Сондықтан Қазақстан Достастық елдеріне экономикалық өсімді ынталандыру бойынша шаралар топтамасын жандандыруды ұсынып отырғаны айтылды. Мемлекет басшысы ТМД елдерін дамытуда көліктік-транзиттік әлеуетті қолданудың тиімділігін де атап өтті.
Шағын құрамдағы басқосуда негізінен төрт мәселе қаралды. Мәселен, алдымен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері басшыларының ТМД-ның 25 жылдығына орай мәлімдемесі талқыланды. Мәлімдемеде ТМД қызметінің 25 жылдық қорытындысы шығарылып, достастықтың бірегейлігі мен әмбебаптығы, халықаралық қарым-қатынастағы маңызды рөлі айтылды. Сонымен қатар, ТМД форматындағы ынтымақтастықты заманауи сын-қатерлерге қарсы бағыттау туралы ортақ шешім қабылданды. ТМД-ның замануи жағдайларға бейімделуі бойынша ұйымдастырушылық және тәжірибелік шаралары қарастырылды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығында 2017 жылғы төрағалық ету шешімі мен кезекті отырыстың өткізу орны талқыланды.
Президенттер И.Кәрімовті еске алды
Бұдан ары отырыс кеңейтілген құрамда жалғасты. Оны қатысушылар алдымен жақында дүниеден озған әріптестері – Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовті бір минут үнсіздікпен еске алудан бастады. Содан соң жиынға төрағалық етуші Қырғызстан Президенті сөз сөйлеп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен ТМД саммиті атынан Өзбекстанға көңіл айту нотасы жолданғанын атап өтті. Сонымен қатар, А.Атамбаев шағын құрамдағы талқылаудың нәтижесінде келесі жылғы төрағалық Ресей Федерациясына тапсырылғанын мәлімдеді.
16 құжатқа қол қойылды
Отырыста сондай-ақ, гуманитарлық салада өзара байланысты кеңейту аясында бірқатар шешімдерді қаралды. Мәселен, 2017 жылды – Отбасы жылы, 2018 жылды – Мәдениет жылы етіп белгілеу шешімі қабылданды. Ал Әзербайжанның Гянджа көне қаласына ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесі берілді. Сондай-ақ, экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және кеңейту мақсатында бірқатар құжаттар қабылданды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде 2020 жылдың халық санағын өткізу шешімі туралы мәселе талқыланды. Бұл Достастық елдеріне мемлекеттер арасында халық санағы туралы ақпарат алуға, демографиялық, этникалық, экономикалық және әлеуметтік қоғам құрылымы мен мемлекет пен өңірдегі жағдай туралы ақпарат береді. Сонымен қатар, ТМД елдері арасындағы өңіраралық ынтымақтастық конвенция, ТМД елдері басшыларының Нюрнберг процесі жұмысының аяқталуының 70 жылдығына байланысты мәлімдемесі қаралды. Оған қоса жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдерге қарсы тұру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірқатар құжаттар қабылданды. Жиынтығы он алты құжатқа қол қойылды.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»,
Бішкектен