Дүйсенғали
Торғайдың даласындай сұлу жерді Дүйсенғали сирек көрді. Сол сұлу өңірдегі Амантоғай ауылында өсті. 70-ші жылдары мектепті бітірген соң комсомол-жастар бригадасында қалған сыныптастары Айтбай Қарқабатов, Батырхан Сәбитбеков, Абзал Оспанов, Әділ Мұхаметжанов, Қалихан Дүбірбековпен Дүйсенғалидың жұбы жазылған емес. Жайлаудағы қой соңында жүрген ол да бір дәурен екен-ау. Балаң жігіттердің бәрі де ат құлағында ойнайды, сағымды далада алысып-жұлысқан достар ойынға да, әңгімеге де, әзілге де тоймайтын. Олардың айтқан әнін, көкіректегі армандарын даланың ерке самалы алысқа алып кетіп жататын.
Сыныптастарының арасында еті тірі, ұйымдастыруға келгенде жұртты ұйытып әкететін Дүйсенғалиды аудандық комсомол комитеті қызметке шақырды. Комсомолда Дүйсенғали сияқты өнерлі, білімді, екі тілге бірдей ағып тұрған кадр ерекше бағаланатын. Әттең, дүние-ай, тасы өрге домалап бара жатқан жастың жолы өзге арнаға оқыс бұрылып кетті... Іссапармен кетіп бара жатқанда автокөлік апатына ұшырады. Жеңіл мәшиненің алдынан шыға келген КамАЗ-дан қаймығып, рөлді бұрғаны сол еді, өзенге құлады. Мойын омыртқасы сынғандықтан екі қол, екі аяғы бірдей жансызданып қалды. Дүйсенғалиға алдымен есін жиюдың өзі мұң болды. Он төрт күн бойы Арқалықтың ауруханасында ес-түссіз жатты.
– Ауылдан ағайындарым мені адам болмайды деп орайтын кілем алып келіпті. Арқалық қаласындағы ауруханада балалар дәрігері болып істейтін ағайымыз: «Баланың көзі жұмылмай тұрып әкетпеңдер. Алып кеткенде өлтіргеннен басқа көмектерің қайсы?» деп мені тастап кетуге кеңес беріпті. Содан екі күннен кейін мен есімді жидым,–дейді Дүйсенғали сол ауыр күндерді есіне алып. Жас жігіт қанаты қырқылған құстың кебін киді. Бірақ жүрек атша тулап соғып тұр. Өмір үшін жанталасқан күндер басталды. Дүйсенғалидың тек бір жыл жеті ай дегенде ғана екі қолына жан кірді. Ұлының маңдайынан тер моншақтап ағып, қиналған сәтінде анасы Бибіажар: «Құлыным, үмітіңді үзбе, болашағың алда» деп жұбататын.
– Достарым мені мүгедек екен деп өзгеріп кеткен жоқ, өмірге деген құштарлығымды арттырған да солардың аппақ пейілі шығар, – дейді Дүйсенғали.
Ол бастапқы кезде қайтсем де жүремін деп ойлады. Киев, Мәскеу, Ташкент, Ленинград сияқты қалалардағы нейрохирургиялық орталықтар, Қырымдағы санаторий Дүйсенғалидан қалған жоқ. Қарағандыдағы омыртқасы зақымданған науқастар үшін бейімдеу-емдеу орталығына жылда келіп емделіп жүрді. Ол осында Аруна Жақсығұловамен танысты.
Аруна
Ол бала кезінен-ақ Аруна десе – Аруна болатын. Ата-анасымен қоса алғашқы көрген немересін әжесі өбектеді. Сабаққа алғыр болды, мектептегі спорт, акробатика үйірмелеріне қатысты. Мектепті бітірер жылы беті аппақ қағаздай, қою қара, толқынданып тұратын бұрымы білектей, талдырмаш қыз боп өсті. Ол келе жатқанда ауыл үйдегі көршілердің бәрі де еліктің лағындай мөлдіреген қыздың көркіне қызықтай қарайтын.
Аруна заңгер болуды армандады. Ал жетпісінші жылдары заң факультеті Алматы мен Қарағанды қалаларындағы университеттерде ғана болатын. Ата-анасы да, әжесі де Арунаны алысқа жібергісі келмеген соң, ол Қостанай педагогика институтының тарих факультетіне құжат тапсырды. Жатақханадан орын тимей, ата-анасының айтуымен Қостанай қаласында тұратын бір жамағайындарының үйіне келді. Үш емтиханды жақсы тапсырды. Төртінші емтиханды тапсыруға дейін әлі екі күн бар. Алыстағы Қарасу ауданындағы үйіне бармай-ақ, соңғы емтиханға мұқият дайындалайын деп ойлаған. Кітапханадан келсе әлгі туысының әйелі ауруханаға түсіп қалыпты, өзі сияқты абитуриент балалар да кетіп қалған. Үйде жамағайын ағасы екеуі ғана қалды. Ата-анасының қанатының астында әлі ештеңе көрмеген періште қыз өмірде жамандықтың, арам пиғылдың болатынын білмеген. Таң ата әлгі «ағасы» шырт ұйқыда жатқан балапан қызға тиісті, айтқанына көндіргісі келді. Хайуандық сезімі оянған алпамсадай жігіт есікті ашылмайтындай етіп жауып алыпты, аппақ ары үшін жанталасқан қыз жанұшыра балконнан секіріп кетті. Шалқалай құлаған екен, үш омыртқасы жаншылып сынды. Қостанай облыстық ауруханасына Аруна үшін Мәскеуден белгілі мамандар да шақырылып, бір жылда үш операция жасады. Бірақ еш нәтиже болған жоқ, Аруна аяғын баса алмады.
Ол үш жылға дейін жүрем деп ойлады, мүгедек арбасына отырғысы келмеді. Әкесі Рахметолла марқұм жыл сайын бар қаржысын жинап, қызын арқалап алады да, қай жерде нейрохирургиялық орталық болса сонда кетеді. Аруна мен әкесі келе жатқанда үй-ішімен шулап алдынан шығады. Әжесі де, анасы да, бауырлары да Аруна бұрынғыдай тал шыбықтай майысып жүріп келеді деп үміттенеді. Қайран көңілдер-ай, су сепкендей басылады.
Рахметолла бір бөлмеге Аруна үшін жаттығуларға керекті түрлі құралдардың барлығын жасап қойды.
– Әкем сол құралдардың бәрін де Қостанай қаласындағы зауыттарға барып жасатып әкелді. Үлгілерін қайдан алғанын білмеймін. Кейін Қарағанды қаласындағы бейімдеу орталығында емделгенде сондағы құрал-жабдықтармен бірдей екенін байқадым,–дейді Аруна.
Рахметолла қызынан көп үміт күтетін. Қанаты қырқылған аққудай мөлдіреп отырған қызына қараған сайын жүрегі езілетін. Қызының тағдыры әкенің жүрегіне салмақ салды, ол небәрі 43 жасында дүние салды.
Аруна Қарағанды қаласындағы омыртқасы зақымданған науқастар үшін бейімдеу орталығына емделуге келгенде арбада отырған Дүйсенғалиды кездестірді.
Қосылған қос өзен секілденіп...
Дүйсенғали оған қарап отыр екен, екеуінің жанары түйісіп қалды. «Ат ерінді, ер мұрынды келеді» деп қазақ бекер айтпаған-ау, сірә», деп ойлады Аруна. Қоңқақ мұрын, қараторы жігіттің ұялы көздері аса мейірімді екен. Сөзінен де, әзілінен де бір шынайылық, тазалық байқалады. Арбада отыр екенмін деп жабығуын да, ауруының жанына батқандығын да білдірмейді. Жігіттегі ерік-жігер, қайсарлық Арунаны бірден тәнті етті. Екеуі шүйіркелесіп кеткенін байқамай да қалды.
Дүйсенғалимен жанары түйіскенде қыз әнтек жымиған. Еліктің лағындай екен. Аппақ жүзін бұрып еді, жігіт қыздың жәудіреген қарақат көзіндегі таңғы шықтай тазалыққа шомылғандай болды. Толқынданған қап-қара бұрымы арбадан түсіп жүр. Адамдармен жатырқамай, жабықпай сөйлеседі. Жүзінен әдемілік қана емес, ақылдылық еседі. Дүйсенғали өзінің арбада отырғанын ұмытып кеткендей, Аруна тұрып жүрсе ғой деп ойлады. Білектей бұрымы тізесіне түсер ме еді, ол мұнан да әдемі болып кетер еді. Екеуі әңгімелескенде Дүйсен Арунаның кітапты осыншалықты көп оқығанына таңғалды.
Арунаға Дүйсенғалидың өмірге деген ынтызарлығы ұнады. Ол мүгедекпін деп рухын түсірмепті, 90-шы жылдардың басында Амантоғайдан жеке кәсіпорын, одан дүңгіршік ашып, кәсіпкерлікпен айналысқан жігіт екен.
– Үйде отырғанда аяқ-қолы сау жігіттер сөз айтатын. Мен ондай ұсыныстарды қабылдамадым. Мені сыйласа да, сүйсе де бәрі бір өмірде жұптаса алмаймыз-ау деген ішкі даусымды тыңдадым. Ал анам мен бауырларым мені тұрмыс құрады деп ойлаған емес. Тіпті сіңілім: «Мен сені өмір бойы бағамын, күйеуге де шықпаймын», дейтін. Бірақ әкем қайтқан соң бұл өмірдің мәңгі емес екенін түсіндім, есейдім. Ойлана келе өзім үшін ешкімді де жолынан қалдыруға тиіс емеспін, Дүйсенғалиға тұрмысқа шығамын деп шештім. Өйткені Дүйсенғалимен сөйлескенде арқамды қабырғаға сүйегендей, өзіме сүйеніш тапқандай болатынмын. Оған өте сендім, – дейді Аруна.
– Бірақ Аруна қолға оңай түсе қойған жоқ. Бұрынғы Торғай облысындағы Амантоғай ауданы мен Қостанай облысындағы Қарасу ауданының арасы 430 шақырым. Сондай қашықтықтан Арунаға үш жыл бойы жылына 3-4 рет барып тұрдым, – дейді Дүйсен.
Амантоғайда дүрілдеген той өтті. Мұндай той Торғай, Қостанай өңірінде бұрын-соңды болмаған шығар.
Ел:«Екеуі бірдей арбада отырып енді қалай өмір сүреді, бір шаңырақты қалай ұстайды?» деген дүдәмал оймен тарасқантын. Тойдың артынша Аруна келіннің пісірген тамағы, құйған шайы, үйді ұстауы бүкіл Амантоғайға аңыз боп жайылды. Аяқ-қолы балғадай әйелдер дүкен сөресіндегі барды қанағат тұтып отырғанда, Аруна үйдегі қойманы тосап пен тұздалған, маринадталған көкөністер мен салаттарға толтырып қоятын. Оның сыры бар. Жарақат алғаннан кейін біраз жыл үйде отырды. Кітапханада оқымаған кітап қалдырмады. Сосын кітаптан тоқуды, тамақ пісіруді үйренді, өзі үйреніп ғана қоймай мектептің оқушыларына үйірме ашты. Тынбай ізденуі, еңбекқорлығы оның өзін өмірге дайындаған екен. Қазір екеуі үйдің барлық тірлігін өздері атқарады.
Дүйсенғали мен Арунаның қол ұстасып бірге келе жатқанына биыл он сегіз жыл толады. Ағайын-жекжаттың ұйытқысы, ақылшысы да екеуі. Үйі үлкен, қонаққа жайған дастарқаны жиылмайды. Туған-туыстары мен достары қуанышын да, қайғысын да Дүйсенғали мен Арунаға келіп бөліскенше асығады.
«Үміт-Надежда»
Шамалы уақыт Арқалықта тұрған олар 90-шы жылдары Қостанай ауданына көшіп келді. 2002 жылы облыстың бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің көмегімен Қостанай қаласынан үй алды. Олардың тұрмысы бұрынғыдан да түзелді. Дүйсенғали кәсіпкерлікпен айналысты, Аруна Қостанай мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп алды. Қазір осы білім ордасындағы заң факультетінде дәріс береді. Білім қарымы жетерлік, қай жағынан да өмірлік тәжірибелері бар екеуі ойласа келе омыртқасы зақымданып, арбада отырған мүгедектер үшін «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігін ашты. Бұл қазір облыстағы ең алдыңғы қатарлы, белсенді жұмыс жүргізетін үкіметтік емес ұйым болып саналады.
«Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігі алғашқы кездері мерекелер сайын Қостанай қаласының өзіндегі арбаға таңылған елуден аса мүгедектің басын қосатын. Енді маңызды жобалар бойынша олар өткізіп жүрген шаралар мүгедектердің заңды құқықтарын қорғау сияқты үлкен істерге талпыныс жасай бастады. Соңғы бес жылда бірлестік Қазақстанның солтүстік, орталық, батыс, оңтүстік және шығыс облыстарына автошеру жасады. Бұл Қазақстанда тұңғыш рет қолға алынған шара болатын. Осы арқылы мүгедектерді қолмен басқарылатын автокөліктермен қамтамасыз етуге мемлекет тарапынан жеңілдіктер жасауды қалпына келтіру мәселесін Үкімет алдына қоюды мақсат етіп отыр. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың автошеруін өткізу айтуға ғана жеңіл. Оған ғаріп жандар өздері қолмен басқарылатын етіп, қайта жасақтап алған тоқсанға таяу мәшине қатысты. Автошеруге қатысқандар Қазақстандағы тарихи орындарға тәу етті, аудандарға, ауылдарға тоқтап, жұртшылықпен кездесті. Сол арқылы мүгедектердің қоғамнан тыс қалмай, белсенді өмір сүре білетіндігін дәлелдеуге тырысты. Қолмен басқарылатын автокөліктер қазірде Ресейде, алыс шетелдерде шығарылады. Дүйсенғалидың айтуынша, ондай көліктерді біздің еліміздегі зауыттар да қолға алса бітпейтін іс емес. Қостанайдағы «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамы шетелдік мәшинелерді құрастырып жатқан жоқ па? «Үміт-Надежданың» жұмысы қазір сан-салалы, олар өткізген акциялар, байқаулар, спорттың керлинг, арбадағы би түрінен жарыстар қостанайлықтарға ғана емес, республикаға да танымал болып қалды. Дүйсенғали қазақстандық мүгедектер конфедерациясының Қостанайдан ашылған филиалының директоры қызметін де қоса атқарады.
– Облыста 22 мың мүгедек жан бар. Ал Қостанай қаласының өзінде олардың саны 5600-дей болады. Соның тең жартысы балалар. Мүгедектерге торғайға жем шашқандай, азын-аулақ мемлекеттік жәрдемақы берумен шектелуге болмайды. Басты мақсат–оларды қоғамнан тыс қалдырмау, ғаріп жандар қоғамдағы «екінші сорт» адам болмауы керек.Өткен жылы «Кедергісіз өмір» жобасы бойынша облысты аралап шықтық. Облыс орталығынан тым шалғай жатқан Қамысты мен Жангелдин ауданына ғана жете алмай қалдық. Қалған аудандардың барлығында болып, семинарлар, дөңгелек үстел мәжілістерін өткіздік. Сонда Науырзым ауданында жасы он беске келсе де мектепке бармаған, оқымаған мүгедек баланы кездестірдік. Бұл мәселені шешуді біз дереу қолға алдық, – дейді Дүйсенғали.
Өткен жылы қыркүйек айында Аруна Жақсығұлова Орталық Азиядан жасақталған делегация құрамында Жапонияға барып келді. Күншығыс елінің Сыртқы істер министрлігінің қаржыландыруымен жүзеге асқан Jica ұйымының бағдарламасы бойынша жапондықтар Орталық Азиядағы мүмкіндігі шектеулі жандардың белсенді лидерлері үшін семинар-кеңес өткізді. Өйткені Жапонияда бұл жөнінен тәжірибе де, көрсетерлік іс те бар екен.
– Бір айдан аса Жапонияда болғанымызда онда мүгедек жандар үшін жасалған әлеуметтік көмектің барлығына куә болдық. Экономикасы да, әлеуметтік тұрмысы да ширығып дамып кеткен бұл елде мүмкіндігі шектеулі адамдар өздерін өте еркін сезінеді екен. Оның барлығы да адамдарға жасалған жағдайға байланысты. Арбада отыратындар метрода да, қоғамдық көліктерде де ешкімнің көмегінсіз еркін жүреді, ал зағип жандар үшін жасалған жолдар тіпті қолайлы. Егер мүгедектерге метрода жүргенде бір қолайсыз сәт туа қалғанда арнайы нүктені баса қойса, көмекшілер келіп тұр. Қазақстанның да экономикасы дамып келеді, қалаларда мүгедек жандарға қолайлылық орнатуға неге болмасқа? – дейді Аруна.
– Біздің өміріміз ешкімнен кем емес. Бақыт адамның қасында еріп жүреді деген рас. Өйткені бақыт дегеннің өзі адам көңілінің орнығуымен, толуымен пара-пар түсінік. Деніміз сау болғанда мұнан да көп іс бітіретінімізге дау жоқ еді. Бірақ өмірде әр адамның орны, арқалаған жүгі бар. Арқамызға тағдыр жүк артқан кезде мүгедекпін деп жасымай, адамның өзіне сенімі мен рухы биіктігінің үлгісін көрсету біздің еншімізге тиген болар, бәлкім,–дейді Аруна мен Дүйсенғали.
Осы жұппен алғаш танысып, әңгімелескен кісі сынық қанат аққу мен сұңқарды көргендей жүректі сыздатар сезім мен ойдың ортасында қалары бар. Ал олардың өмірге деген құштарлықпен атқарып жатқан ісін көргенде құсты аспанға ұшыратын қанат болса, адамды биікке көтеретін ақыл-парасат пен ішкі рухани қуат екенін әркім мойындап қалады. Иә, Дүйсенғали Оспанов пен Аруна Жақсығұлова жұртты қайсарлығымен тәнті етіп келеді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.