23 Ақпан, 2011

Із ілгері тартады

722 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
1964 жыл. Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетінде, оның ішінде ихтиолог-ба­лық өсіруші мамандығы бой­ынша білім алып жатқандар да сонша­лықты көп емес-ті. Кімнің көзі түскені белгісіз, қолына дипломын алып болмай жатып Кеңес Суха­новқа «құда» түсушілер көбейді. Өйткені ол Қазалы ауданының Арал теңізіне жақын, негізінен ег­іншілік және мал шаруашы­лы­ғы­мен айналысатын «Қызылту» ұж­ымдық шаруашылығында өскен­дік­тен, алғашқы бет­те агроном болсам дейтін. Алайда тағ­дыр­дың өзі иіп әкеліп оны ба­лық­шылық кә­сіптің арна­сына тү­сірді де жіберді. – Мен Алматы тоған шаруа­шы­лы­ғының Шелек бөлімшесіне бас балық өсіруші маман болып келгенімде, бұл шаруашылықта бес үй, шабақ алу, өсіру, күтіп-бағу ісімен айналысатын небары 24 адам жұмыс істейтін. Барлығы да жергілікті адамдар, бұрын егін егіп, мал баққан, балық аулаудың, оны қол­дан өсірудің жайын мүлде білмейтін, көпшілігі уақытша мау­сымдық жұмысқа ғана келетін адамдар еді, – деп еске алады Кеңес Суханов. Иә, ол Шелек тоған шаруашы­лығын қабылдап алған кезде оның тек қағаз жүзіндегі сұлбасы ғана болатын. Су жіберетін арналар та­зартылмағандықтан балдырлар ба­сып, балықты өсіріп-өндіру мүл­де қолға алынбаған-ды. Сыммен қор­шаулы бөлінген жер аумағында бат­паққа белшесінен батып, әбден то­зығы жеткен оншақты ескірген техника тұратын. Ал балық өсіре­тіндердің жағдайы жоғарыда айт­қандай. Осыған қарамастан, 1964 жылы мемлекетке 124, 1965 жылы 650, 1966 жылы 1302 центнер ба­лық өткізілді. Оның үстіне, бұдан кейінгі үш жыл бойына үстемелеп берілген жоспарды орындау тап­сыр­масы тоған шаруашылығын әб­ден тығырыққа тіреді. Басшылар құтаймай, шаруашылықтың екінші кезеңін іске қосу таза тоқтап, ба­лықшылар күнкөрістік табыста­рынан қағыла бастады. Мұның негізгі себебі сол, Шелек Алматы тоған шаруашылығынан жеке бө­лінген кәсіпорын болып өз алдына шаңырақ көтерген болатын. Міне, осындай кезеңде республика Ба­лық шаруашылығы министрлігі Ке­ңес­ Сухановты осы тоған ша­руа­шы­лы­ғының басшылығына та­ғай­ындады. Бұл 70-ші жылдардың басы бола­тын. Күнделікті жұмыс­тың қареке­тімен жүріп, бәрін басшылар біледі дейтін Кеңестің шын қиналған жері осы еді. Өзінің алдында басшылық тізгінін ұста­ған­дардың мұндай ау­ыр тірлікке төзбей үстел үстіне кең­сенің кілтін, есеп-шот қағаздарын неге тастап кететіндігін ол қолына билік тізгіні тиген күні-ақ жан-тәнімен сезінгендей болды. Неден бастау керек деп біраз күн толға­нып та жүрді. – Алдымен тәртіп, тәртіпке сай талап орындалуы керек. Ең ал­дымен шаруаны тоғандарды, су жіберу арналарын реттеуден бас­та­ған жөн. «Тоғандағы балық қора­дағы қой сияқты» екендігін есте­ріңізге салғым келеді. Ісіміз ілгері басса, өзіміздің шабақтарды өсі­ріп-жетілдіретін цехымыз, қара­жат­тық табыс көзіміз болады. Сонда жайлы тұрғын үйлер салуға қолымыз жетіп, сіздердің мына тоқал тамдарда тұратын күндеріңіз көрген түстей сағымға айна­ла­ты­нына сеніңіздер, – деді ол. Өзінің алғырлығы, іскерлігі, бө­лінген қаржыны орнымен жұм­сауы арқасында шамалы уақыттың ішінде бес үйлі Шелек шаруа­шы­лығында жаңадан тоғандар, балық өсіретін цех, автопарк, заман тала­бына сай тұрғын үйлер салынды. Бұдан кейін балық зауыты, бала­бақша салу сияқты іргелі құры­лыс­тар қолға алынды. Алайда өн­ді­рістің көзі балық шаруашылығы болып отырғандықтан, бұл саланы дамытудың, оны ғылыми тұрғыдан негіздеудің міндеті алдан шықты. Өйткені, Өзбекстандағы Аққорған тоған шаруашылығынан құртша­бақты тасып әкеліп, оны осы Шелекке жеткізгенше көбі өліп қа­латын, саны да, сапасы да кемитін. Сондықтан да Кеңес Суханов Ба­лық шаруашылығы министрлігімен келісе отырып, 1971 жылы құртшабақты әйнектік пластикалы қайықшада өсіретін, оны электр қуатымен жылытып отыратын, кө­лемі ауқымды астаушалармен жаб­дық­талған цехты іске қосты. Мұ­ның үстіне осы кәсіпорын қаржы­сы есебінен инженер-техник мамандар дайындауға күш салды. Бұл кезде ол шаруашылықтың өр­кендеуі осыған байланысты деген тұжырымға әбден табан тіреген еді. Оның мұнысы бірден-бір дұ­рыс қадам болды. Бұрыннан белгілі жай, құс инкубаторы сияқты, енді Шелек тоған шаруашылығы да электр қуатымен жұмыс істейтін кәсіпорынға айналды. Осыған бай­ла­нысты Суханов дамыл таппай республикалық электр желісі мен мекемелері басшыларының табал­дырығын тоздырып жүріп бұл мәселенің де түйінін шеше алды. Осылайша цехтың өнімді де ғы­лыми негізде жұмыс істеуі нә­ти­жесінде жылына орта есеппен ал­ғанда, бастапқы кездердің өзін­де, 6,8 миллион құртшабақ алынып отырса, кейіннен алтын қабыр­шақ­ты тұқы, дөңмаңдай, бахтақ (форель) балықтарының 300 мил­ли­оннан астам құртшабақтары алы­нып келді. Осылайша қара жерде жүріп, үйден ке­ліп-кетіп балық өсіруге, одан өнім алуға жол ашылды. Бір сөз­бен айтқанда, су да, тоған да, ба­лықтың түр-түрін өсірудің бү­кіл қыры мен сыры да біртіндеп болсын ғылыми негізде жүзеге асырылды. Алайда шаруашылық көлемі ұлғайып, балықшылық кәсіпке бейім мамандар тапшылығы сол тұс­тарда қатты сезіле бастады. Сон­дықтан да Кеңес Суханов «балық іздеп бәйтерек басына шықпас болар» деген қағиданы ұстанып, республика Балық шаруашылығы ми­нистрлігінің рұқсатымен Арал маңындағы балықшы кеңшарларға қарай бет алды. Бұл дарияның суы тартылуына байланысты сол тө­ңіректегі балықты табыстың көзі етіп отырған бірқатар шаруашы­лық­тардың мал бағуға көшіп кеткен тұсы болатын. Сол беті Арал ауданының «Бөген» балық аулау базасына табан тіреді. Жергілікті басшылар Алматы облысындағы Шелек тоған шаруашылығына ба­рамын дегендердің қолынан қақ­пайтындығын білдірді. Кеңестің осы сапары құтты болды. Социалистік Еңбек Ері Тө­леген Әлімбетов, Құлжан Жұ­мақ­ме­тов, Кененбай Айтжанов, Қуа­нышбай Жәрдемов, Ағатулла Әлім­бетов, Құлмұрат Есмағам­бе­тов және тағы басқалар бастама­шы­лық етіп, әрі қостаған он от­басы сол жылы Шелек тоған шаруа­шы­лығына келіп қоныс­тан­ды. Осы­дан кейін-ақ жылма-жыл Арал, Балқаш, Каспий теңіздері та­ра­пы­нан маман жұмысшылар бір­­тін­деп осында келе бастады. Яғ­ни, бұл: «Қармақшының көзі қа­лыт­қыда», дегенге саяды. Көп ке­шік­пей-ақ мұндағы балықшы әу­лет­терінің саны 100 отбасына жетті. Бұлардың көбі осында атба­сын тіреп келген кездерде тоған­дағы балықтардың салмағы ай­ды­ны шал­қар теңіздердегілерінен, са­лыс­тырмалы түрде айтқанда, тірі қойдан асып түспесе, кем бол­майтындығына көздерін жеткізді. Өйткені, оған шаруашылығының жобасын жасағанда жердің топы­рақтық-климаттық жағдайы, гео­ло­гиялық-инженерлік сипатта­ма­сы, құ­рамы, судың таудан ағып келу мөлшері толық зерттеліп, ан­ық­талған, жан-жақты ескерілген еді. Мұндай жетістіктерге қол жет­кізу жолында Кеңес Суханов таң­ның атысы, күннің батысы тыным көрмей еңбек еткені, ондаған ба­лық өсіріп, аулау бригадаларын құр­ғаны өз алдына үлкен бір шы­ғармаға арқау боларлық әңгіме. Осындай іскерлігін бағалаған министрліктегілер де оны биік лауа­зымдық қызметтерге жоғарылат­ты. Атап айтқанда, Балық шаруа­шылығы министрлігінің кадр бө­, 1985 лімін басқаруға тағайындады, 1985 жылдан республикалық Балық ш­а­руашылығы колхоздар одағы­ның төрағасы қызметін атқарды. Қа­жырлы еңбегі үшін бірнеше мәрте республика Жоғарғы Ке­ңесінің Құр­мет грамотасымен ма­рапатта­лып, «Қазақстанға еңбек сіңірген балық өсіруші» атағына ие болды. Бірақ та, лауазымы биік мансаптан да, өз қолымен құрған шаруа­шылықтың құлдырап бара жат­қан кезін көре тұра, соның бәрін тастап қайтадан Шелекке оралды, «Айдын» акционерлік қоғамын аяғынан тік тұрғызды. Оның жетістігіне, шыққан биігіне қуана қол соғатын бір қауым ел Арал өңірінде де аз емес. Әттең дүние-ай, республикамызда тоған ша­руа­шылығын өркендету ісіне сү­белі іс қосқан Кеңес Суханов осы­дан біраз уақыт бұрын өмірден озды. Бірақ оның есімі еліміздің тарихында балық шаруа­шы­лы­ғы­ның бағбаны, бас тоғаншысы ретінде сақталып, ол салған із шә­кірттерінің жалғастыруымен ілгері тарта бермек. Марат ДӘДІКБАЙ, журналист. Алматы облысы.