23 Ақпан, 2011

Жомарт ӘБДІХАЛЫҚ: «Ақселеуге жаздым хат...»

789 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

(Жазушы-публицист Жомарт Әбдіхалықтың

жарияланбаған хаттарынан)

Халық тіршілігіне қыртыс-қыртыс өз­ге­рістер әкелетін бірбеткей оқиғалар тарих әлемінде ғасыр аралатып келетіні аян, дегенмен бүгінгі үрдіс даму – техникалық прогресс заманында әлеуметтік-әдеттік жаң­­ғырулар бұрынғысынан жеделдей түсті. *  *  * Сен артық-кем бірдеңелер емексігенмен, құнға тұратындай терең тамыр менде бар ма екен өзі?! Методология жөнінен біршама әзірлік бар, бұл нақты творчес­твоға үлкен демесін. Мен әуел баста әде­биеттануға арналған еңбектерді оқи жүріп, Адам про­блемасының мәнділігіне, оның көп тар­мақты екеніне көзім жеті. Сонсоң ғылыми таным теориясына мойынұ­сын­дым, бұл кездейсоқ құбылыс емес деп ой­лаймын. Енді олар бір-бірімен тоғысып жү­йеленген сайын, қоғамдық өмір, практи­калық тіршілік көңіл аудартып, соны саралап ұғу мән ала бастады. Мұнда әлеу­меттік фило­со­фияның бастауы, негізі барын ұқтым. *  *  * Өткен үшін зілденіп, зарланып жатпау керек, мәселе – ертеңгі болашаққа қызмет ететін бүгінгі баға, бүгінгі таным жө­нінде. Марксизмнің туын кө­теріп, ғылым докторының (садағасы кеткір) пи­жамасын жамылып отырып, жал­дап­тық мінез көрсеткенге лағнет айтқың келеді. Сенің үмітсізденетінің де осындай тұстар шығар. *  *  * Мен: ұрпақ көзі ояу, дәуірмен өрелес таным деңгейіне іліктік дегенде, біздің ха­лық ретіндегі ой-санамыздың, мәдение­ті­міздің даму деңгей­ін, тенденциясын айт­қан­мын. Бұл тенденция әлі де таным, ғы­лым, диалектикалық ойлау құралдарымен кемелдене, қорлана, қуаттана түсуі керек. *  *  * Әр халықтың өзіндік ұлттық сана-сезімін құрметтей отырып, оны белгілі тарихи-объективтік шеңберінен асырып не тө­мен­детіп (кемітіп, кемсітіп) алмау керек. *  *  * Менің байқауымша, сен халықтың то­ма­ға-тұйық дамуын әсте қаламайсың (ол аб­солютті түрде мүмкін емес жағдай), сол сияқты сен ұлттың (бүкіл болмысының) таза бірыңғай өркендеуін де күйттемеуің керек. *  *  * Әр халықтың тарихи қалыптасқан ха­лықтық (дара) қасиеттері қайда? Қалай? Тұр­мыс кешіп, нендей тіршілікпен айна­лы­суына байланысты болғанын білесің, сөйте тұра бүгінгі заманның тіршілік аңысына үйлес­пей­тін (немесе нақты мүмкіндіктен тыс үй­лес­тіруге тырысатын) талаптар қой­ып, қын­жы­луыңда қандай логика бар? – Мен бұл пікірді саған әдейі асыра (батыра) айтып отырмын. *  *  * Егер бүгіннен бір осалдық тапсаң, біздің ұрпаққа Абайдың ақ тебіренісі жетпейтін шығар! Шоқанның шарқ ұруынан да кенделігіміз бар, бірақ марғаусың деп жазғыра ал­массың тегі. Ұшқары ойлап, ұрт мінез көр­сетудің заманы емес қазір, таразыны те­ңес­тірген миллионның бір бөлігіндей әділ­дік­ті ғы­лым тілі, ғұмыр тілі ұқ, әрекетке ай­нал­дыр деп отырған заман... Бұйығылық, омы­раумен аламыз деп жылт етіп, жылмаң қағып жүр­гендер – бұрынғы мимырттықтың жалғасы. *  *  * Қала – деген қала, көңілі қанша кемел болса да қала жұрты – қалтылдақ; мұнда, әсіресе, халқымыздың қазан түсіруге жомарт пейіліне көп нұқсан келтірер себептер бар. Сол қитыққан шаруа және жылдан- жылға елдің естілігінен айырып, есеңгі­ре­тіп барады. Бұл не ғаламат!.. *  *  * Тақырып жөніндегі менің саған айт­қа­ным – айтқан; хикаялардың жазылуы та­биғи баспалдақ екенін кезінде ескерткенмін. Енді бір бүгінгі-кейінгі бағдардың аңы­сын аңдатып халықтық тіршілікке ой жүгірту керек. «Қарт пен канал» – сондай нышанды шығарма. Дегенмен оның да емеурін сездіре алмай тұрған жерлері мол. Меніңше, қартты жұртта отырған жалғыз үй ретінде алмай, ауыл-орамды қалыптан шығарып, салмақтандырса, яғни өзі сияқты бірнеше қарттың сөзін сөйлеуші етсе... *  *  * Сен кейисің, асықтырасың – мен Гегельді түсіну үшін, оның алдында Гегельді түсіндіргендерді түсіну үшін қанша уақыт жіберді десеңші!.. *  *  * Халықтық болмысқа ортақтасу қай ке­зең­де де жеке адамдар үшін оңай шаруа бол­маған. Біздің заманымызда бұл жағдай тіпті күрделі сипатқа ауысты. Адамдар кіндік қазығынан алшақтап барады. Керек де­сең, олар тіпті бір-біріне бұрынғыдан жа­қын­даса түскеннің орнына, суысып бара жатқанға ұқсайды. Шарттылық, шектелу басым. Үндестік, үйлесім, қылаусыз жара­сым табу қиындап барады... *  *  * Ал халықтық болмыстың ертеңгі-бү­гін­гі қалпына сын көзімен қарап, құндыны сұ­рып­тау үшін, ойлау стихиясын жетілдіру ке­рек. Жап­пай еңбекші, дене жұмысының тех­но­ло­гиясын осы заман дәрежесінде жетік мең­гер­ген, механикалық ойлау қабіле­тін меңгер­ген адамдарымыз – ол да бір жет­кен баспалдақ. *  *  * Адамдар арасындағы үндестік, гармония – ұлы мұрат. Бәлкім, бүкіл адамзат тарихының күрес жолынан, тіршілік тағды­ры­нан жіктеліп қорытылған ең маңдайалды шындық осы болар. Енді оның елдер, халықтар, қала берді, же­ке адамдар арасындағы уақытпен өрелес да­му қалпын, жеткен өнерін өзің бағамдай бер. *  *  * Шындыққа көз жетпей, беттен қалқып бірдеңе білгендерің бойынша ғылым әлемін­де, сіздің көркемсөз өнеріңізде де шынтуайт сөздің шашбауын сипау ұяттың ұяты емес пе!.. Екеуміздің ауызекі пікір жобасында, хат арқылы тілдесуімізде артық-кем кеткендеріміз ол – лабораториядағы жағдай сияқты, ал халыққа айтар сөзде кемшілік, тексеріссіз пікір жіберіп алу кешірімсіз жай. *  *  * Менің қазымырлап, көпке ұзатып жүрген еңбегім – дүниеге неғұрлым ауқымды көз­қа­рас қалыптастырудың жайы. Бұл әр деңгейде ойлау қабілетіне қатысты құбылыс. Адам­дардың бәрі ойлайды, бірақ олардың көбі қалай, қай дәрежеде ойлап отырғанына назар салмайды. Әрине, ол көп жағдайда, атүсті тіршілікті қанағат еткендерге қажет те емес. *  *  * Ал біз адамдар ерте ме, кеш пе, күн­кеш­пелік қамытынан құтылады, деп үміттіміз ғой. Дұрыс ойлау, ақиқатқа үйлес дүние­та­ным­ның көкесі сол мұратқа жеткенге дейін аса қа­жет. Ал философияны «пәлсапа» деп «кәлә­кайт­­тап» жүрген біздің қауым (үшін) әлі бір­қатар мәнге бой ұру керек, бойлап сүңгу керек. *  *  * Мен осы салада өз жұртымызға қозғау болар бір еңбектің ұшы-қиырын жағалап жүр­мін. Көз жеткен жайды бір емес, бірнеше төң­ке­рістіріп, бір тоқайға келіп те қалған жай­ым бар. Оны жазып шықтым ба, дүние жа­рық: философияң да тәк тұрады, эстетикаң­ның да жалында ойнауға тиіспін. Он­ың өзгеге де ұлағаты сондай болмақ... Сен мені көзеп жүр­сің. Көзелген сайын «кері тартып» бара­мын. Не керемет, мендегі мораль сондай!.. *  *  * Жалпы қазақ әдеби интеллигенциясының соры қалың, көресісі әлі алда екен! Опасыз шимайбеттер осылай садақтасып жүргенде, өнегелі өсер жұрт көп нәрсені бізден бұрын да тиянақты қармап кетеді ғой!.. *  *  * Мынау – көптен күйі келмей, ақыры жазылып біткен «Ақыл таразысына» сын. Өзің оқып алған соң, хабарлас. «Жұлдызға» берсек, ана жылға кетіп қалады-ау; қысқар­ған соң – мән шықпай ма деп ойлаймын. Абзалы, сендер басатындай болсаңдар, кейбір біліктілерге қаратуларың да мүмкін ғой, ал менің ойым: Зейнолланың (Серікқалиев) өзіне құлақтандыра (қажет десе, оқыта) сал. *  *  * «Ойлау туралы ойлау» кітабымды жаңа жылға дейін қолжазбалап бітірсем деп құл­шынудамын. Мынау, бүгінгі қолыңа тиіп отырған, сондағы ой-тұжырымдардың жол­шы­бай сілемі ғана. *  *  * Дарын екі сипатты құбылыс, түп негізінде (гендік құрылымында) бір түзулік бола тұрып, қолайлы жағдайлар әлетінде қара таныта қалыптасатын қабілет-қасиет те – бірі; екіншісі – саналы бағыттау, күштеп-ең­бек­пен жетілген дарын құрылымы. *  *  * Өнер мүддесі – жекелердің тақиясының гүлі емес, оның табиғаты түп жараты­лы­сында одан әлдеқайда биік дүние. Бұ жолы біз мүдірдік; бәлкім аңдаусыз, аңғырттық жасадық, тіпті туралай айтса, компромистік халге ұрындық. Кім үшін, не үшін деген сұрақтар жауабын күтіп тұр. Тегі осынымыз сүйекке таңба болып жүрмесін!.. *  *  * Менің сенен өзге сөзді ұғар, түс жарысар достарым аз болмауға тиіс еді, бірақ олардың біреуі жоқ қасымда. Сірә, солар мен күткен үм­іт­тегідей енді өмір бақи да жаннан та­был­майтын шығар. «Бірге тумақ бар, бірге жүр­мек жоқ, бірге өлмек жоқ» деген сөзге де қонақ беремін. Мәселе: алыс-жақын тұруда емес, жан-жүре­гің­нің алыс-жақын тұтуында ғой. Жақында тұрдың не, жүрегің жылы тарт­паған соң!.. Адамды адамға жақын­дат­қызбайтын өмір неге керек?! *  *  * Кейде мені өте бір жаман сезім билейді – сенің өзің алыс, жат кісісің маған. Қанша біріктіргім келгенмен, мендік дүниелер Сенің жа­ды­ңа ілікпесе екен деп қалаймын. Бәлкім, осы күн­ге дейін іліктірмеуге де тырысып жүрмін. Бұдан саған келіп-кетер ештеңе жоқ; мендік халді Сен білгеннен өзгеріп кетер де ештеңе жоқ. Сөйтсе де, сенің сәл-пәл бірдеңені сезгенің артық. *  *  * «... Күмбездеріңді» бүгін түс әлетінде то­лық бітірдім. Үзіп оқыдым, әлдебір топ­шы­лау-тұжырым пікірлерді салыстыруға да мұр­ша болмады, бірақ өз түсінік-түйгендерім қанша оқысам, сонша сенің еңбегіңе (бол­мы­сыңа) ба­ғытталып, ойлаумен, «осынысы қалай?» деумен жүрмін. Дүниеде ешқандай кітап әлдебір сырт талапқа тура сәйкестікпен жазылмайды. Кітаптың тәңірі – авторы, бірақ бұл әрбір қалам ұстағанның қалауы жоқ құдайдың құдіретіндей нысаптан тыс болсын дегендік емес. *  *  * Бұл күндері Сен туралы ойланған ой аз емес. Мен сезетін, білетін тіршілік халің тегіс дерлік көз алдымнан өтті. Маған сенің қазіргі кім болғаныңнан ертеңгі кім бола­тын­дығың аз күдік, аз арман, аз қиял бол­ма­ғанын және айтқым келеді. Иә, сен – Ақсе­леу, қазір кімсің? Ертең кім болмақсың? Және кімдер үшін кімсің? Кім болмақсың? *  *  * Маған бір қызық ой келеді: Өмір тек сұрақтан тұрғанда ғана мәнді сияқты... Сұ­рақтың шешуін дәйектеу, әрине, ұлы жеңіс! *  *  * Мен «Адам бағы» деген еңбекке (жазуға) кірістім. Бұл – қатерлі шаруа. Кітап жазбаған адам да адам; ал денсаулық болып, бұл істі тындырмай өтсем, мені бұл топтан ізде­мең­дер. Шарт осы. Мен бұл еңбекті жазып шық­па­сам, өмір деп іздегенім зая, «Елім!» деп емі­ренгенім түкке тұрғысыз, жандағым да еш орынға жүрмейді деп есептеймін. Серт осы. *  *  * Адам жолы кеңістікте нақты, уақыт тұрғы­сынан шектеулі болып басталады. Ал адамзат өкілі ретінде ол бәріне даяр, бірақ үлгермеген, көрмеген, өткермеген. Сон­дық­тан оның жарық-сәулеге ұмтылған алақаны жаюлы, күллі терезесі ашық. Мұндай халдің өзіне ол ұзақ (тым ұзақ) жыл жүріп, тарихи дәуірлерден өтіп жеткен. *  *  * Енді композиция осылай құрылғанда, кі­тап­тың жанры, жазылу стилі, концеп­ция­лық бағ­дары қандай болмақ. Ғылым – анық, фило­со­фиялық деңгейде қозғалатыны – анық, пуб­лицистикалық арын бо­ла­тыны – кү­мән­сіз. Сонда жанры ғылыми-публицис­ти­ка­лық толғау болатын сияқты. *  *  * Адамдар, ерте ме, кеш пе, мейлі қандай күй кешсін, объективті әлеммен, елімен (демек, жерімен), өзара бір-бірімен тағдырлас екенін сезініп (ол аз), түсініп (бұл да аз), әрекетке, мақсатты (әрине, кең ауқымдағы) әре­кетке көшуі керек. Бұл еңбек осындай ақиқатты әркімге жеткізе алса, сонысымен оларға септігін тигізсе, менің бір мақсатым «Адам бағы» арқылы орындалды деп білемін. *  *  * Пенде-тіршілік, бөкен-ғұмыр алданыш іздейді аз күнге, – онысын табады да!.. Бір сұмдықтың сорабы, тәркі дүниенің дауасыз­дығы осында жатыр. Біреу – таққа, біреу бапқа риза. Ал енді біреу басындағы барына місе тұтпай, – беймаза. Соның бәрінен тойымы, шегі, толасы жоқ өмір құралып тұр. *  *  * Кешір, мына бір тұста туған халқың ғана емес, оның шөжебас әлдеқандай ұрпақтары ға­на емес, исі адамзат әулетінің не күн кешіп келе жатқандығы толқытып кетті. Сасық бор­сықтың сасқанындай есеңгіреген әлем: оның тарихын айттың не, үмітін айттың не?! Тілеуі мен тілегі, іздегені мен ұмтылысы табыса алмай жатқан әлем... Бұл – кең шеңбердегі сәй­кес­сіз­дік, бәл­кім, өте ұзақ, шексіздіктің өзіндей сәйкессіздік. Жақыннан да, алыстан да қанағат тап­паған біз енді не боламыз? *  *  * Рухани әлемнің булығуы мен тепсінісінде, дүниеауи тіршіліктің әлдебір мәнсіздігіне күрсіністе шек жоқ. Әлбетте мен өзімдегі осалдықты, кемшін-кемістікті ашықтау айтсам, сенің маған деген үміт-ықылас ниетіңнің сағын сын­ды­рып алам ба деп сескенем. Бірақ қалмаған көңіл, суымаған сезім бар ма?.. *  *  * Енді Гумилевке келейік. Бұл кісің жалпақ дүниеге көсіліп салатынның өзі екен – ха­лық­тар тіршілігін қалай-қалай болжайды батырың! Өз еңбектерімен белгі-бедер қалдырған ға­­лым атаулы алдымен қарайтын әлеміне бел­гілі бір жүйе жасап алады. Система болмай­ынша тұтас құрылым мән құрап, бейне түзеп шық­пай­ды. Мәселе сонда, сол системадан (методоло­гиялық схемадан) біртұтас концепция түзіледі. Методология екі ыңғай­да қол­данылады: бірі – жалпы ғылыми таным процесінде, екіншісі – жекелеген сала бойынша арнайы шеңберді сақтай отырып қолданылады (мұның бәрі саған таныс). *  *  * Келесі жай: Жүсіп Баласағұнидің мәде­ни, рухани әлемдегі орны, сол арқылы біз­дің жұртымыздың өзіндік ой-өріс дә­ре­жесінің орны, оның бергі-арғы сабақ­тас­тығының жай-жапсары мәселе болып тұр. Түркілік мәдениетке байланысты жапсарлас материалдар аз ба деп ойлаймын. *  *  * ...Жүрегім қысып ауырады. Жалпы ден­сау­лығымда кінәрат бар ма деп шошынам. Өлім­нен қорықпайсың ғой, өмірдің кәрі өтіп бара жат­са қайтерсің. Іс те бітпейді, ісік те жа­рыл­май­ды – бітеу жара бір өмір. Шіркін, ғұмыр-ай!.. *  *  * Анамыз көз жұмғалы міне, бүгін аттай 50 күн! Өзегім суырылып, егілмей еңіреген күндер марқұмның бүкіл ғазиз дидарын жа­дыма қайта бір сіңіріп кетті... Мен, Әлтай, Алдоңғар, Алдаберген есімді үш ұлы бас-аяғы бір жұманың ішінде қайтыс болып, тұлыпқа мөңірегендей сәттерінен кейін дү­ние­ге келсем керек. Ол кездегі ел-жұрт қан­дай бауырмал, маған деген ықылас-ті­леуде, айтуларынша, шек болмаған. Атымтай Жомарттай болсын деп ат қойған, тағы-тағы көптеген ырым-жырым, әлпештеулер бол­ған. Әйтеуір оттың алды, судың тұнығын көріп ержеттік; әке мен шешенің қолынан келгенінен кенделік көрдім деп айта алмаспын, сірә. *  *  * Адам әрекетке құлшыну үшін ең азы бір адамның сеніміне ие болудың өзі жетіп жатыр, – мұның үшін мың алғыс саған!.. Адам өзін бақыттымын деп сезінуі үшін онша көп нәрсе (жер-жаһанның жақұты) қа­жет емес, жан-жұқанасын бөлісер жұптасы болса, жетеді де. Құдайға шүкір, ол – сенсің! *  *  * Ойдың қайшылықтарды анық ажырата алатын дәрежеге жетуі – әрекетшіл, яғни диа­лектикалық ойлаудың түпкілікті нәти­же­сі. Ой­лауымыз көбіне осы биікке жете ал­май­ды. Сонан соң шешім-әрекет те шалағай... Қайшылықтардың біртұтас бітімін жікке бөліп ажырата әрі бірлік қалпында тану – нағыз дұрыс ойлаудың нысанасы. Дұрыс ой­лау әрекетке ұласпаған жерде азап басталады. *  *  * Бүкіл таным процесінде бұл биікке кө­терілген адам өмір шындығымен тура бет­тесуге көшіп, әуелі жан азабының дозағын, содан соң, мүмкін, күрес, жеңіс...салта­на­ты­ның рахатын көре бастамақ. Бірақ ойлы адам­ның ғұмыры – мәңгілік күрес, сон­дықтан оның мазасыздығы мен рахатында шек жоқ, тойым-толас болуы мүмкін емес!.. *  *  * ...Сен ойлы (творчестволық) топты үш қосынға бөлесің, ал тұтас халықтың рухани деңгейі қанша қосыннан тұрады? Сұраныс – солардың реалді жағдайынан тамыр ала­ды ғой. Рас, олардың көпшілігі қажеттілік тұрғысынан жақтай алады, және ұсынысқа қарсыласа алмауға тиіс. Бірақ халыққа ұсынып жатқандарымыздың мәні?.. (Міне, қайшылықтың бірлігі). *  *  * Мен мынадай байламға тірелдім: біз халқымыздың болмысы мен рухани тағды­рының диалектикасын ашуға күшіміз (ой-өрісіміздің қарымы) жеткенімен, ісімізге айналдырып рахат кеше алмаймыз. Жуыр маңда да, тіпті, ілгері болашақта да, бұл шындық ашық айтылатынына еш дәлелім жоқ, негізім аз. Мүлдем аз. *  *  * Хат жазбағалы қанша уақыт: біз көп нәрсені жоғалттық, білем. Менің тіршілігімде Сен есіме түспейтін күн жоқ. Өзіңе тікелей жазбасам да, сөй­леспесем де – сенімен бірегей күн кешкендей, ғұмыр өткергендей сезінемін. Қасыма бір жаны жақын адам кезіксе, саған соқпай, тіршілігімнің бір пұшпағы сенімен жанаспай, әңгіме өрбімейді... *  *  * Жуырда менің коммунистік есебім тыңдалып, мінездемем бекітілді. Кінәнің үлкені – менің мардымды еңбек жазып, лайықты іс тындырмағаным болып шықты. Жамыраған жаппай үміт!.. Уақыт зулап өтіп барады. Сенім ақталмай, қыл­бұ­рау мойында тұр. Ел де, Жер де, Сен де – бә­ріңнің алдыңда әлі өтелмеген менің қарызым кетіп барады!.. *  *  * Біз, қазақтар, өз халімізді ең алдымен өзі­міз ойлауға әлі күнге дейін беті ашылған халық емеспіз. Шамасы, қабат-қабат құрсау мен мұрындық-ноқтаның табы мен даты әбден сіңсе керек. Бүгінгі қайта құру мүм­кін­дігі болар-болмас леп бергеннің өзінде, құ­лаш ұруға құлшыныс там-тұмдап қана сезіледі. Дегенмен аз-кем ауызға алар іс, бетбұрыс басталғанына шүкірлік етуге де болар еді, бірақ академиялық қатпарлар әзірге қолға алынбаған соң және саяси практикадағы аш­ық­тық алаяқтық астармен астасып тұрған соң, Сенім мен Үміттің қарасы қалт-құлт етеді. *  *  * Бүгінгі қазақ публицистикасы ел-жұрт­қа ілесе, әйтеуір жан-жағына қарайлай оты­ра біршама жоба танытып келеді. Пуб­ли­цистикалық ой қозғалса-ақ философиялық танымға сұраныс басталады, бірақ қазақ философиясы әлі ұйқыда! Осы жерден өрісіміз бір тарылып тұрған жоқ па!.. *  *  * Біздің төл философиямыз өз тағды­ры­мызды өз қотырындай қаситын күн қашар туар екен?.. Әдебиет, эстетика, мораль, этика – бәрі жалпы қазанға түсіп кеткен, бірақ мынау қазақ тіршілігінің заңдылығы деп айыратын біреуі жоқ. Мұндай жағдайда қандай сұрып­талу, қандай сабақтастық, шыңдалу болмақ? Философиясы жоқ халық – өзі туралы ойланбаған, ойламайтын халық. Қазақты осылай десек, Бұқарды, Шортанбай, Ду­лат­ты... қайда қоямыз?!. Әрірек үңілсек те, беріректен іздесек те көз тоқтатып, жобаға жатқызатын ойшылдық үлгісі табыла­тын­дай. Мифтік сана, предфилософия, тәжі­ри­беге негізделген таным... диалектика – бә­рінің нышаны тұнып тұр. *  *  * Егер біздің халқымыздан туған ұл өз тағдырымызды аналитикалық ақыл тара­зы­сына салып, философиялық категориялар деңгейінде сараптайтын болса, тоқтамды теориялық тұжырымдарға дейін ой қоры­тын­дысына жеткізсе, бүгін осындай болар ма едік, болмас па едік?!. Саясат дегенін қыла береді..., бі­рақ ғы­лым, философия, өн­ер арқылы оның ырқын меңдеп, тіпті түп ақырда жеңімпаз атанып шығуымызға болады екен ғой. Ахаңдар, Шәкәрімдер... тағы-тағы арда тұлғала­ры­мыз соның айғағы. Әттең!.. Әттең!.. *  *  * Сен аса үлкен талабыңды, тілеуіңді шақтап, шектеп қарауға дағдылан – менің бір аңдағаным әлеумет тағдырындағы реализм ос­ын­да – әйтпесе бұл өмір итің (он­ың ішінде халқыңның халінен бастап есіктегі ала күшігіңе дейін) максимум идеялардың бір де біреуін көтермейді, – оған ұлы уто­пия­ларды шындыққа айналдырам деген әрекеттердің бәрі куә, бәрі дәлел. *  *  * Мына қара, саған қысқа жазамын деп отырып, ұзатып барамын. Хат жазбағалы едәуір болды – сусап жүргенім-ау!.. Ыза­лан­ғанда, ашу қысқанда,... саған бір­де­ңе­лер айтып, мауық басқым келеді... Әзірлеген Қайсар ӘЛІМ.