Халық – таразы. Ойлы көңіл, сергек көзбен қарай алсаң, халық ешқашан қателеспейді, қате баспайды. Кімнің кім екенін тап басып, жазбай таниды. Әбден саралап алмай тұрып, өзінің көкейіне түйгенін бірден жар салмайтыны және бар. Қолдан құдірет жасап жүргендерге тарих деген алып өткелді естен шығарма дейді. Шамына тие берсең, найзағайдай жарқ етіп, құтыңды қашырады. Ендеше, халық – қасиетті. Халық бағасын білген адамның өмірі ұзақ, рухы жылдармен жаңарып, ғасырлар көшінен қалмай, толқын-толқын ұрпақпен қауышып, мәңгі жас болып жүре береді. Сол халық жер басып жүргенде жан дүниесін түсініп, жырын құлшына оқыған, өмірден озғаннан кейін төбесіне көтеріп, мәңгілігіне санаған бірегейдің бірі – жыр ақиығы Мұқағали Мақатаев. Ақын да халқын бақытына балап, киесіне санап: «Ең бірінші бақытым – халқым менің, Соған берем ойымның алтын кенін. Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын, Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің», – деді.
Халқын қадірлеген азаматтың абыройы қашан да биік болады. Кешегі кеңес заманы билік құрып тұрған тұста жұртына арқа сүйегендер бүгін ұлтының ұлысына айналып жатыр. Өткен жылы айтулы мерекесі аталып өткен Бауыржан Момышұлы өмірден озғанда қазақтың қайталанбас қаламгері Тахауи Ахтанов хас батырды ноқталы заманда ноқтаға басы сыймай кеткен арысымыз деп еді. Дәл сондай ноқтаға басы сыймай кеткендердің бірі осы Мұқағали ақын. Ол: «Туған халқым! Қатемді кешір менің. Сенің арқаң – сескенбей, есіргенім. Егер де жырың болмай, ұрың болсам, Алақанға саласың несін мені... Туған халқым! Қатемді кешіре гөр. Кешіре гөр!» – деп халқынан басқа ешкімнен кешірім сұрамаған ғой. Басын да имеген. Ұлы халық пен ұлы ақын осылай бірін- бірі түсінген. «Дос көп менде, қашан да досым – халқым... Қарғамаса болғаны халқым мені... Бәрін де бір өзіңе аманаттап, Кеудемде тыныш ұйықтап жатсын жаным», – дейді тағы бірде жыр сұңқары, өлең тұлпары.
Халқының ұлы болған ақынды жұртының көңіл көзі ашық, жан терезесін тұмшалап алмаған, өзімшілдіктен ада, ақыл-парасаты мол, бойынан ойы биіктер, жоғарыда айтқанымыздай, ерте таныды, бағалады. «Жасқануды білмеуші ем жалтақтауды...», «Қасиетін сезем деп Ана тілдің, Қауырсыны қалмады қанатымның... Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім», – деген өршіл мінезін халқы түсінді. Зияны жоқ ұлт зиялылары да оны ерте танып, рухының мықты екенін, ой байламының терең екенін бағалады. Осыған бір дәлел келтірер болсақ, 1972 жылы Мұқағалидің «Дариға жүрек» атты өлеңдер жинағы шыққан еді. Ақын әркез өзін түсінген студенттердің ортасынан табылатын. Бір күні қазақ тілінен Ақанай Дәулетова деген апайымыз дәріс оқып тұрған. Дәрісханаға бір құшақ кітабын көтеріп Мұқаң кіріп келді. «Болашақ журналист бауырларым!» деп бәрімізге бір-бір кітаптан үлестірді. Келесі дәріс қазақтың айтулы ұлдарының бірі Зейнолла Қабдоловтікі еді. Мұқағали ақынның келгенін, «Дариға жүректі» таратып бергенін жарыса айтып жатырмыз. Сол кезде зерек те зерделі, сөздің нәрін, адамның қасиетін көш жерден білетін ұстазымыз: «Пай-пай, Мұқағали дейсіңдер ме? О, ол арыстан ғой. Шынжырын үзіп шығып кеткен екен ғой!» – деп ақын жинағын қолына алып, кейбір от шашқан шумақтарды оқып, «Мынау жауһар ғой!» – деген үні күні бүгінге дейін құлақтың түбінен кете қойған жоқ.
«Алатау – Алтай – Атырау» деген поэмасында бүкіл қазақтың байтақ даласын қалай жырға қосқаны жұртқа мәлім. Сол даланың ұланы «Мен – таулықпын» деген ақын Хан Тәңірінен бастап, Алатаудың әр шыңын, мөлдір бұлақ, тұнық көлдерін жырға қосқан еді. Әр таңды «Көзінің де, көңілінің де нұрын алған талайдың, Алатауға тамашалап таңмен бірге қараймын, Уа, ассалаумағалейкум, аппақ басты арайлым», деп ол әр таңды қарсы алса, кешке қарай: «Шаруа-ата секілденіп өміріңді сарп қып, Үлкен үйдің ошағындай дүниені қарық қып, Аман-есен жатырмысың, айналайын жарықтық? Жат осылай тапжылмастан, осыныңды хош алам, Баурайыңда бауыр да аман, тең-тұс, аға, дос аман. Жат осылай тапжылмастан, уа, тәкаппар босағам!» – деп тәу еткен ақынның қай жыры да Табиғат-Ананың бүкіл бітім-болмысын беріп отырады.
Мұқағалидың сондай жан дүниесіндегі тазалықты Табиғат-Ана да түсініп, оның мәңгілік бейнесін бір тылсым күшпен Алатаудың сілеміндегі бір төбені жақпар тасқа айналдырып атқан таң, батқан күн, жауған жаңбыр, қарлы боран, соққан жел – бәрі-бәрі табиғи мүсінін сомдапты. Бұл мүсін Алматы облысы, бұрынғы Шелек ауданының аумағындағы Бақай мен Сар таудың ұштасып жатқан жерінен табылып отыр. Жаратылыстың құдіреттілігі сол, атақты Шарын шатқалындағыдай тау сілемдері мен қыр белестердің мүжілген түрінен түрлі бейнелер бұл жерден де көптеп кездесіп жатады. Соның ақын кейпіне келетінін 2-3 жыл бұрын саятшы Мұхамед Исабеков көріп, біразға дейін осы ұлы ақынның түр- тұлғасына ұқсап тұр, кімге айтсам екен, кіммен ақылдассам екен деп ойланып жүреді. Ақыры жыр жампозының 80 жылдығында табиғат өзі қашаған мүсінді қатарластарына көрсетеді. Біреулер иә дейді, екіншілер қайдам деп күдік келтіреді. Не де болса, белін бекем буған саятшы жігіт мәрмәр тасқа: «Қазақ халқының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың табиғи мүсіні» деп, оның астына «Қарасаз» атты өлеңінің «Сенің ғажап табиғатыңды кімге айтамын, Кім құмартса өзі көрсін көзімен...» деген екі жолын ойдырып жаздырады. Бұдан кейін ақын Бақыт Беделханұлына хабарласып, Мұқағалидің ұлы Жұлдызды әкеліп көрсетсек деген тілегін жеткізіпті. Тілек орындалып, 50 шақты адам табиғат жасаған Мұқағалидің мүсініне барады. Сол жерде ақынның ұлы әкесінің қырынан қарап тұрғандағы кейпі көз алдына келіп, құдіреттің мына тылсымына таңданыс білдіріпті.
Табиғи мүсін табылған бұл жер атақты Бартоғай су қоймасынан батысқа қарай жүргенде Асы жайлауына апаратын халық Құрсай деп атап кеткен күре жол еді. Бартоғайдан шыққан соң шағыл құм жақпар-жақпар тас болып, одан қысаңға барған кезде бір жол Бетбастауға, екінші жол Сартауға бастайды. Міне, осы екі жолдың қиылысында тұр ақынның табиғат сомдаған мүсіні. Жер атының Құрсай аталуына себеп, ел жайлауға көшкенде ертелі кешкі салқында өтіп кетпесең, айдаған малың ілгері баспай, иіріліп кенезең кеуіп, ерінің кеберсіп жатасың да қоясың. Табиғаты осындай жерден мынандай алып ақынның мүсінінің шығуы таңдандырмай қоймайды. Жергілікті жұрт табиғи мүсін табылған осы жерді «Мұқағали сайы» деп атап кетіпті. Дегенмен, біздің осы атауымызды тиісті орындар заңдастырса деген ниеттерін де білдіріп отыр.
Сөйтіп, «Тигендей төбем тұнық, бұлтты көкке, Көрінеді көлденең бел сонау шетте. Солдаттай сапқа тұрған қарағайлар, Мелшиіп қара тастар жатыр текке... Отырмын басымда – бұлт, астымда – тас» деп өзі жырлағандай, ақынның адам қолымен емес, табиғаттың тылсым күшімен сомдаған алып бейнесі Алатаудың бір сілеміне көрік беріп тұр. Халқымен мәңгілікке тіл табысып, Табиғат-Ананы жырлап өткен Мұқағалидің өзі де тегін болмаса керек. Оған оның өлеңдеріндегі қолмен қойғандай, көзбен көргендей етіп айтатын тұстары дәлел бола алады. «Ақын жайлы айтады қызықты аңыз» деп аңыз емес, тау тұлғалы ақынның тылсым күш сомдаған таудағы мүсіні «Мен сені сүйем, Жаныммен сүйем, Жарық Күн» деп өзі айтпақшы, шығысқа қарап тұрған шырайлы тұлғасы Алланың сыйы десек, артық айтқандық болмас.
Сүлеймен МӘМЕТ.