Елдің білім беру саласын жетілдіруде халықаралық деңгейдегі көптеген келісім- шарттарға отырып, білім көкжиегіндегі мемлекетаралық ықпалдастықты жан-жақты кеңейтіп жатқанымыз, әрине, өзімізге пайдалы. Жастардың елдің дамуына белсенді атсалысуларына, әлемнің даму көшіне ілесіп, елге адал қызмет етулеріне ең керекті нәрсе – білім. Сондықтан да жастардың білімдерін жетілдіруде елімізде ашылған халықаралық деңгейде өз беделі бар жоғары оқу орындарының бөлімшелері немесе оқыту орталықтарының алар орны да өзгеше, бізге берері де көп. Соның бірі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан ашылған Конфуций институты.
Қытай Халық Республикасы өзінің қарқынды әрі жедел дамуымен әлем назарын аударып отырған мемлекет. Халқының саны жағынан да алдыңғы орында тұрған бұл елмен санаспайтын жұрт жоқ десе де болады. Осындай алпауыт елді толық біліп-тану үшін оның тілін игеру керектігі айтпаса да түсінікті. Оның үстіне уақыт талабына сай бүгінгі таңда қытай тілінің дүниежүзілік мәртебесі де өсіп келеді. Қытай тілін меңгерген адам әлемнің кез келген 4-ші адамымен сөйлесе алады деген сөз. Сондықтан да тіл білу шынымен де керек-ақ. Еліміздің дипломатиялық кеңістігінде де, білім беру саласында да өзіндік орны бар Конфуций институтының елордада ашылғаннан бергі тыныс-тіршілігімен танысып қайту үшін осы аталмыш институт директорының орынбасары Чжан Ли На ханымға жолыққан едік.
– Қытай тіліндегі кітаптарды оқу барысында адам аттарын атамай, тек фамилиясы, одан кейін мамандығы қоса аталатын жәйттерді көп кездестірдім. Мәселен, Ли дәрігер, Джан мұғалім, Уан шебер деген сияқты. Ал егер кәсібі белгісіз болса Ли жолдас немесе Уан ханым деп атайтын сияқты. Қателеспесем, осылай ғой деймін, ә?! Сонымен Чжан ханым, сізді қалай атасам жөн болады?
– Шығыс халықтарында, әсіресе бізде, корей және жапон халықтарында кез келген тұлғаны осылайша атау жиі кездеседі. Басқа халықтың көпшілігінде адамның атымен қатар тегін немесе әкесінің атын қосып бірге атайды. Ал қытай халқында аты-жөніндегі бас әріп адамның тегі болып табылатындықтан, кейде тегінен кейін тіркескен адам атының жалғасы айтылмайды. Сіздің жаңа айтып өткен мысалдарыңыз қоғамдық сипат алып кеткені де сондықтан. Менің мамандығым педагог оқытушы. Оқу ағарту саласында қызмет еткендіктен менің айналамдағы адамдардың көбісі мені Чжан мұғалім деп атайды. Сондықтан мені Чжан мұғалім дегеніңіз жөн болар.
– Чжан мұғалім, Конфуций институтының Астанадан орын тепкеніне де біраз жылдың жүзі болды. Институт туралы, оның жұмысы жайлы айтып берсеңіз қайтеді.
– Конфуций институты туралы айтар болсам, онда алдымен ҚХР-ның білім беру саласына сәл кідіріс жасауыма тура келеді. 1987 жылы Қытай үкіметі «Мемлекеттің шетелдерге қытай тілін үйретудің басқарушы ұйымы» деген құзыретті жұмыс тобын құрған болатын. Осы мемлекеттік басқарушы ұйымның аясында арнайы қытай тілін оқытуға қатысты университеттер, институттар, орталықтар ашылды. 2004 жылы қараша айында халықаралық деңгейдегі тұңғыш Конфуций институты Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде ашылған болатын. Ал 2007 жылы Пекинде Конфуций институтының орталық штаты өз жұмысын бастады. Өзге мемлекеттермен білім саласында тұрақты тәжірибе алмасу мен ықпалдасу мақсатында Конфуций институтын дүниежүзінің түкпір-түкпірінде ашуды көздеп отырмыз. Өйткені, әлемде қытай тілін үйренуге деген ынта күн өткен сайын артып келеді. Қазіргі таңда әлем бойынша қытай тілін үйренушілердің саны шамамен 4 миллионнан асады. Бұған өздеріңіз де куәсіздер. Содан да әлемнің көптеген елдерінде осындай институтты ашып жатырмыз. 2009 жылдың соңына дейін 88 мемлекет пен арнайы аймақтарда 282 Конфуций институты мен 272 Конфуций дәрісханасын аштық. Бұдан тыс 50-ден астам мемлекеттің 260 мекемелерінен Конфуций институтын ашу жөніндегі арнайы ұсыныстар келіп түсуде. Сондықтан да Конфуций институты – дүние жүзімен кемел достық көпіріне айналатын, білім кеңістігінде өзара тұрақты байланыс орнататын оқу ордасы болатыны сөзсіз.
Ал енді Астанадағы Конфуций институты жайлы айтайын. Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша екі Конфуций институты жұмыс істеуде. Оның біреуі Астанада болса, екіншісі Алматыда ашылған. Астанадағы институттың ашылуына 2005 жылы шілде айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаомен болған ресми кездесу кезінде екі елдің қарым-қатынасын одан әрмен жетілдіру, соның ішінде білім беру саласындағы байланысты тереңдету мақсатындағы айтылған сөздер түрткі болды. Мемлекет басшылары бастамасымен құрылған Конфуций институтының екі ел арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты бекемдеуге өзіндік тигізер зор ықпалы бар деп ойлаймын.
Институт құрылғаннан бері 500-ге жуық тіл үйренушілер арнайы курстардан өтті. Сонымен қатар біз Қытайдың жоғары оқу орындарына білімдерін жетілдіру мақсатында ҚХР-дың арнайы стипендиясымен үлгерімдері жақсы 30 студентті оқуға жібердік. Тағы бір айта кететін нәрсе, Конфуций институты құрылғанға дейін, Қазақстанда қытай тілін меңгергені жөніндегі арнайы халықаралық HSK анықтама сертификатын алу үшін емтихан қабылдайтын пункт болған емес. Сіздердегі «Болашақ» бағдарламасы бойынша Қытайға оқуға түсем дейтін талапкерлер мұндай анықтама сертификатты алу үшін Қытайға сапар шегетін. Ал енді, 2008 жылдың қазан айынан бастап біз мұндай бақылау пунктін ашып қана қоймай, содан бері 6 рет HSK емтиханын қабылдап, 170 адамға сертификат бердік. Қытай тілін оқыту барысында біздің институт көптеген көрмелерді, қытай тілінен болатын жарыстарды, мәдени кештерді өте жиі ұйымдастырып келеді. Өйткені, теория мен практиканы бір-бірімен сәйкестендіріп оқытсақ, бұл әлдеқайда жемісті болады. Өткен жылдың жазында біз студенттер мен оқушылар арасында ІХ халықаралық «Қытай тілі көпірі» атты байқау өткізген болатынбыз. Қытай тілін үйренушілердің тек тілді қаншалықты меңгергендерін ғана емес, Қытайдың мәдениетін, өнерін, тарихын, салт-дәстүрін қаншалықты білгендерін тексеру үшін мұндай жарыстарды біз ұдайы ұйымдастырып отырамыз. Оқушылардың арасында бір жыл бойы біздің институтта қытай тілін үйреніп жүрген Астана қаласындағы №54 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Фариза Садықова ерекше көзге түсе білді. Бір жыл ішінде қытай тілін жақсы меңгеріп қана қоймай, қытайдың ұлттық биін билеп, жиналған қауымды қатты ризашылыққа бөлегені есімде. Жарыстың жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен қоса, өткен жазда Қытай еліне барып арнайы демалып қайтуға жолдама алды.
– Иә, шынымен де біраз жұмыстар атқарылған екен. Ал енді осы институтты бітіргендерге қандай да бір құжат берілетін болар?
– Конфуций институты қытай тілін үйретуді басшылыққа алғандықтан, оның үстіне бұл институт тіл үйрету орталығы ғой, сондықтан бітірушілерге қытай тілін оқығандығы жөнінде сертификат беріледі. Ал егер жоғарыда айтып өткеніміздей, HSK сынағынан өткен болса, сертификатпен қоса осы қытай тілін қаншалықты игергені жөніндегі анықтама қағазды қоса береміз.
– Қытай тілін үйренушілердің басым бөлігі студенттер болар?
Иә, негізінен оқушылар мен студенттер. Жасы ең кіші үйренушіміз небәрі 11 жаста. Қытай тілін үйренем деп келгендерге біз ешқандай шектеме қоймаймыз. Жас мөлшеріне қарамай, бәріне үйретуге дайынбыз. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте жұмыс жасайтын бірен-саран үйренушілер бар, одан кейін сауда-саттық саласында жұмыс істеп жүрген адамдар бізге жиі келеді.
– Ал оқу ақысы туралы не айтасыз?
– Бұл институтта тіл үйренем деушілердің бәрі ақы төлеп оқиды. Бірақ, біздің бағамыз қоғамдағы басқа да тіл орталықтарынан әлдеқайда арзан. Оқу жоспары сағат немесе ай бойынша емес, толық оқу жылы бойынша жүргізіледі. Бір оқу жылында 54 сағат қамтылады. Егер бір оқу жылын тәмамдап, екінші оқу жылын жалғастырып оқимын деушілерге 10 пайыздық жеңілдік жасалады. Осындай жеңілдіктер 50 пайыздық көрсеткішке дейін жетеді. Ал егер үйренушінің үлгерімі жақсы болса, қытай тілін ойдағыдай меңгеріп жатса ҚХР-дың Білім және ғылым министрлігінің бөлген арнайы грантына ие болып, Қытайдың жоғары оқу орындарына барып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік ала алады. Сондай-ақ ондай үйренушілерге Қытай тарапынан арнайы стипендия тағайындалады. Ондай үйренушілерді Конфуций институтының атынан жібереміз. Яғни, бізде оқып, қытай тілін белгілі дәрежеде меңгерген кез келген үйренуші осындай грантқа ие бола алады. Тек бір ғана шарттың аясында. Ол – қытай тілін мейлінше жақсы игеру.
– Осындай грантқа ие болған үйренушілер Қытайда қанша уақыт оқиды?
– Жарты жылдық, бір жылдық және магистранттарға арналған екі жылдық оқу мерзімі белгіленген.
– Ұстаз ретінде шәкірттеріңізге тіл үйрету барысында қандай қиындықтарды кездестірдіңіз? Қазақстандағы қытай тілін үйренушілердің үлгерімдерін қалай бағалайсыз?
– Тіл үйрету үшін адам кемінде екі тіл білуі керек. Өйткені, оқыту үшін, шәкірттеріңе түсіндіру үшін олардың білетін тілдерінде сабақ өту керек. Өкінішке орай, мен қазақ тілін білмеймін. Сол себепті де тіл үйренушілерге сабақ өту кезінде мен көбінесе бар білетін орысшамды және ағылшын тілін пайдаланамын. Кейде, жоғарғы деңгейдегі тіл үйренушілерге сабақ өтетін кезім болады. Жоғарғы деңгейдегілер деуімнің себебі – олар осыған дейін қытай тілін белгілі дәрежеде жақсы меңгергендер. Яғни, олардың базасы бар, тілді бастапқы деңгейде емес, жалғастырушы деңгейде үйреніп жатқандықтан, оларға тек қана қытай тілінде түсіндіремін. Менің бұл тәжірибем тек қана Қазақстанда ғана емес, осыған дейін мен Мәскеуде де көп жылдар бойы қытай тілін үйрететін Конфуций институтында шәкірттер оқытқанмын.
Ал енді, қазақстандық тіл үйренушілердің үлгерімдеріне келер болсам, менің байқағаным, мұндағы адамдардың тілді үйренуге деген құлшыныстары ерекше екен. Біздің институтқа келіп, тіл үйренемін деушілердің қатары күн өткен сайын артып келе жатуы – бұл сөзімнің бір дәлелі.
– Сіз қытай тілін үйретуші ұстаз ретінде тіл үйренушілерге қандай педагогикалық кеңестер, ұсыныстар айтар едіңіз?
– Менің 20 жылдық оқыту тәжірибем бар. Жинақталған тәжірибеммен бөлісетін болсам, қытай тілі – өзге тілдерге ұқсамайтын әлемдегі ең бір қиын игерілетін тілдердің бірі. Өйткені, алфавиттік тілдік құрылымдарға қарағанда иероглифтік тілдер анағұрлым күрделі болып келеді. Алфавиттік тілдік құрылымнан тұратын сөздерді үйрену салыстырмалы түрде алғанда анағұрлым жеңіл. Себебі, алфавиттердің саны шектеулі ғана. Оларды құрастырса, сөздер бірінің артынан бірі шыға береді. Ал иероглифтер олай емес. Иероглиф таңба болғандықтан, осы таңбаларды мейлінше жаттауға, есте сақтауға, оны қалай жазу керектігін, жазудағы заңдылықтарды сақтай отырып, иероглифтерді есте ұстауға тырысу керек. Сонда ғана қытай тілін үйренуге болады. Ал егер жаттамай, күнделікті уақытта үйренген иероглифтерді қайталап оны жазып, оқып отырмаса тіл үйрену өте қиынға соғады. Сонымен қатар, тағы бір ескеретін нәрсе, ол иероглифтердің мән-мағынасы. Әрбір иероглифтің өзіне тән жеке лексикалық мағынасы болады. Бір иероглиф жалғыз тұрғанда өзіндік жеке мәнге ие болады да, ал егер ол өзге иероглифтермен тіркесіп тұрса онда мүлдем басқаша мәндік сипат алып кетуі мүмкін. Сол себепті де қытай тілін сөз тіркесімен емес, жеке-жеке иероглифтердің мағыналарымен ажырата білген әлдеқайда жеңіл болады.
Әңгімелескен Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.