* 9 шілдеде Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты кеш ұйымдастырылды.
*20-23 шілде аралығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Таиланд Корольдігіне ресми сапары болды. Таиланд Премьер-министрі Чуан Литпаймен кездесу кезінде екі ел арасындағы қарым-қатынастарға байланысты мәселелер кең ауқымда талқыланды. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Таиланд королі Пумипон Адульядетпен (Рама ІХ) кездесті.
*28 шілдеде Өзбекстан Президенті Ислам Каримов қысқа мерзімді жұмыс сапарымен Алматыға келді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримов екі елдің жақындаса түсуі үшін мүмкіндіктер мол екенін атап көрсетті.
* 7 тамызда Мәскеуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Борис Ельциннің бастамасы бойынша бес мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары кездесті. Келіссөз барысында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үшін маңызы бар бірқатар мәселелер талқыланды.
Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 10 тамыз күнгі нөмірінде «Орталық Азия мемлекеттері мен Ресейдің ынтымақтастығы күшейе түседі» тақырыбымен мақала жарияланды.
* 12 тамызда Абай атындағы опера және балет театрында қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты кеш өтті.
*22 тамызда қазақ халқының даңқты перзенті, республиканы ширек ғасырға жуық уақыт бойы басқарған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 82 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
* 25 тамызда Қазақстан халқы Д.А. Қонаевты соңғы сапарға шығарып салды.
* 26 тамызда Көкшетауда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан президенттері – Нұрсұлтан Назарбаев, Ислам Каримов пен Асқар Ақаев кездесті. Мемлекет басшылары астық пен газ жеткізілімі туралы уағдаластық жасады.
*28 тамызда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыда өткен ядролық қаруға қарсы халықаралық конгреске қатысушыларға құттықтауы жарияланды. «Осыдан тура 44 жыл бұрын Семей полигонында жасалған алғашқы ядролық жарылыстан кейін біздің халқымыздың «атомдық өмірінің» қайғылы кезеңі басталды. Жыл өткен сайын адамдардың денсаулығының негізі күйреп, нәзік табиғи орта бұзыла берді. Тән азабы да, рухани қасірет те біздің жүрегімізді әлі күнге сыздатуда. Ядролық есуастықтың бүкіл адамзат баласына қандай қисапсыз шығындар мен орны толмас құрбандықтар әкелетінін біз білеміз», – делінген Елбасы құттықтауында.
*10 қыркүйекте Ресей мәдениетінің Қазақстандағы күндері басталды. Екі елдің мәдениет қайраткерлеріне жолдаған құттықтауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мәдениеті күндерін өткізудің қандай да бір өткінші сәтке саяси құрмет білдіру, не әлдебір есеп тұрғысынан ұпай жинау мақсатында емес, нағыз жақсы көрші-достардың жүрек қалауынан туындап отырғандығын атап көрсетті.
* 15 қыркүйекте Алматыда түркі поэзиясының екінші фестивалі ашылды. Фестивальға қатысушыларды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады.
* 17 қыркүйекте Франция Президенті Франсуа Миттеран Қазақстанға ресми сапармен келді. Келіссөз барысында Н.Назарбаев пен Ф.Миттеран саяси, экономикалық, мәдени, ғылыми және басқа да салаларда екі жақты ынтымақтастықты бұдан әрі дамыту ниеттерін білдірді.
* 29 қыркүйекте Президент жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі
ұлттық кеңестің мәжілісі өткізіліп, онда Қазақстан қоғамының идеялық топтасу мәселелері қаралды. Кеңесте сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев белгілі бір идеологиялық бағдарларсыз бірде-бір дербес мемлекет өмір сүре алмайтындығын атап көрсетті.
*2 қазанда «Қазақстан халық бірлігі» одағының бірінші съезі өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев съезде сөз сөйледі. «Одақтың бұқарамен жұмыс істеудің айқын бейнеленген идеологиялық бағдарламасы болуы тиіс. Бұл олардың мемлекеттің болашағын сезініп, мақсаттар мен міндеттерін түсінуіне көмектеседі. Идеялық бағдарлардың догмаларға емес, өмірдің ақиқат шындығына сүйенгені маңызды», деді Президент.
* 9 қазанда «Егемен Қазақстан» газетінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегі жарияланды. Бұл еңбекте Президенттің реформалардың принципті бағыттары мен мазмұны жөніндегі көзқарастары айтылып, жұртшылыққа алдағы келешектің мақсаты түсіндірілген.
* 12 қазанда Жоғарғы Кеңестің 11-ші сессиясы жұмысын бастады. Сессияның алғашқы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев республикадағы әлеуметтік-экономикалық жағдай және жүргізіліп жатқан реформаларды жандандыру туралы баяндама жасады. «Алдымызда тұрған міндеттердің аса өткірлігіне қарамастан, Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы тұрлаулы сипат алды деп нық айтуға болады. Біздің ілгерілеуіміздің басты да сенімді негізі ұлтаралық бірлік, тұрақтылық, топтасу, халықтың рухани келісімі болып табылатыны сөзсіз. Бұл – Қазақстандағы реформалау мен прогрестің маңызды шарты, бастау алар көзі», деді Елбасы.
* 18 қазанда Президент Н.Ә.Назарбаев ресми сапармен Бейжіңге барды. 21 қазанға дейін болған бұл сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминьмен кездесті. Келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан мен ҚХР арасындағы достық қарым-қатынас негіздері туралы Бірлескен Декларацияға, сондай-ақ, әуе қатынастары туралы, тұрғындарға визаларды рәсімдеу тәртіптері туралы, халықаралық автокөлік қатынастары туралы, қызмет бабымен азаматтардың сапарлары туралы келісімдерге қол қойылды.
* 21 қазанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолияға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысы Моңғолия Президенті Пунсалмаагийн Очирбатпен кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді.
*24 қазанда Президент Н.Назарбаев елімізге ресми сапармен келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Уоррен Кристоферді қабылдады. Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынас пен бірқатар халықаралық мәселелерге тоқталды. АҚШ сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қазақстанның аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы маңызды рөлін жоғары бағалады.