Еңбек өнімділігін арттыру арқылы отандық кәсіпорындардың бәсекелестікке қабілеттілігін күшейту керек. Бұл туралы елордада Инвестициялар және даму министрлігінің мұрындық болуымен өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Алқалы жиынға бірқатар министрліктер өкілдері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.
Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Альберт Раудың айтуынша, Индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының алғашқы бесжылдығында ел экономикасын дамытуға қажетті алғышарттар қалыптасты. Жаһандық экономикада бәсеке күшейген сайын, экономикалық өсімді, халықтың лайықты тұрмысын сақтап қалу мәселесі күрделене бермек. Ал еңбек өнімділігін арттыру экономикалық өсімге тікелей ықпал етеді. Осы орайда, мемлекет шешуші салалардағы еңбек өнімділігін арттыруға қолдау көрсетуі керек, деді Альберт Рау.
Министрдің бірінші орынбасары айтып өткендей, 2010-2014 жылдары елімізде индустриялық дамуға қажетті базалар жасалды. Заңнамалық база жетілдірілді, инфрақұрылым қарқынды түрде дамыды. Бұл Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңінде жемісін бере бастады. Осылайша, 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығында өндірілген барлық өнімнің бестен бір бөлігі Индустрияландыру картасының аясында жасалған немесе жаңғыртылған жобаларға тиесілі болып отыр.
Осы конференцияда айтылған деректерге сүйенсек, елімізде соңғы бірнеше жыл ішінде 7 мың шағын, орта және ірі кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсетілген. 160 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылған. Экономиканың шешуші салаларын жаңғыртуға, жетілдіруге мән беру керектігі үнемі айтылып келеді. Шын мәнісінде бұл қадамның дұрыстығын түсінгендер өздерінің бастамаларына нық сенімді. Ал оны түсінбегендер Дүниежүзілік сауда ұйымы, Кеден одағы сынды ұйымдар экономикамызды ығыстырып тастайды деп байбаламдауға бейім. Егер бәсекеге қабілетті болғымыз келсе, ондай қорқынышқа бой алдырмауымыз керек. Бұл бүгінгі заман талабы, жаһандық экономикадағы ахуалдар бізден батылдықты, бәсекеге қабілетті болуды талап етеді, деген бірінші вице-министр жетілдіру мен жаңғырту ісінде батыл қадам жасаған бірқатар кәсіпорынды үлгі ретінде атап өтті.
Конференция барысында экономикалық секторда еңбек өнімділігін арттыруға басымдық бере отырып, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін жақсарту мәселесі талқыланды. Жиылғандар мемлекеттік сектор мен бизнес қауымдастығының арасында өзара тиімді диалог орнату жолдарын қарастырды.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»