«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң – биіктей береді, үңіле қарасаң – тереңдей береді, қол созсаң – қарсы алдыңда, айналсаң – артыңда тұрғандай», деп Сократ айтқандай, егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарына қосылуға табандылықпен жылжу қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар мен жаңартылған бағдарламалар белгілеп отыр. Соның ішінде болашақ ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру мақсатына орай, білім мазмұнына жаңаша қарау – басты міндеттердің бірі. Қазіргі кезде білім берудің жаңа жүйесінің жасалынуы, білім мазмұны мен әдіс-тәсілдерінің жаңаруы бәсекелестікке қабілеті мол, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ой-қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеуді көздейді.
Сапалы білім ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш болып табылады. Бүгін мектеп партасында отырған бүлдіршіндер ертең ел тағдырын шешетін азаматтар. Олардың сапалы білім алуын бүгін қамтамасыз ету – мұғалімнің басты міндеті.
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», деп Абай атамыз айтқандай, озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне үлесін қосып келеді. Осындай қоғамдық әлеуметтік мәдени өзгерістер, дамулар мектептің оқыту процесіне әсер ететіні сөзсіз. Кез келген оқыту белгілі мөлшерде адамды дамытады. Оқитын пән қаншалықты жаңа, бағалы болғанмен, мұғалімнің шеберлігінсіз іске асуы екіталай. Мұғалім оқушының белсенділігін туғыза алмаса, берген білім күткен нәтиже бермейді. Оқушының адам ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады. Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі – баланы оқыта отырып, ой еркіндігін, ізденімпаздығын қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру.
Біз бүгін басшылыққа алып отырған «Білім берудегі Кембридж тәсілдерінің теориялық негіздері» осы ұстанымды негізге алады. Яғни, бала ізденуші, бір-біріне үйретуші, ал мұғалім бағыт беруші, нұсқаушы. Бұл тәсілдің басқа технологиялардан ерекшелігі жеті модуль арқылы іске асады. Әйгілі зерттеуші Л.С.Выготскийдің «Дәстүрлі оқыту – бала дамуына тек қондырғы болып, дамуға стихиялы әсер етсе, яғни «дамудың соңында жүрсе», жаңаша оқыту – «дамытуды өзімен бірге ала жүреді», деген болатын. Сондықтан тек дәстүрлі оқытумен шектеліп қалмай, мұғалім әрқашан ізденісте болып, өзіне және шәкірттеріне тиімді жақтарын қарастырып отыруы тиіс.
«Сабақ – оқытушының педагогикалық мәдениетінің айнасы», дейді А.Сухомлинский. Жеті модульдің ішінде өзімнің пәніме тиімдісі, жарыққа шығарары, баланың қызығушылығын оятары, білімін жетілдірері қайсы екен деп көп ойланғаным рас. Саралай келе, әр сабақта бір немесе бірнеше модульді бірден қолдануға болатынын анықтадым. Бұдан ұтылғанымнан ұтқаным көп болды.
Әр мұғалім өз сабағының –көшбасшысы. Көшті қалай бастап алып жүремін десе де өз еркі. Ал көшті дұрыс бағыттай білу мұғалімнің шеберлігіне байланысты.
Сабақ беру тәсілі үш деңгейден тұрады. Оқыту мен үйрету тәсілі төмендегідей:
Бірінші – баланың қызығушылығын ояту, жаңа сабақты түсіндіру кезіндегі үйрену процесі. Бұл бұрынғы білетін білім мен жаңа білімді ұштастырудан тұрады.
Білім беру мен білім алуда оқушылар бұрынғыдай тек тыңдап және көшіріп қана қоймай, белсенділік танытады. Ол кезде оқушы: ойлануға, оқуға, сөйлеуге, талқылауға, жазуға, пікірлесуге, пікір таластыруға мән береді.
Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер арқылы оқытуда білім дайын күйінде берілмейді, ол тек белсенді әрекеттер арқылы ғана игеріледі. Оқушылар өзара тығыз қарым-қатынаста болып, бірлесе әрекет жасайды, диалог құрады. Сабақта оқушылардың тақырып бойынша өз ойларын білдіруі, пікір алмасуы – диалог түрінде жүзеге асады. Топтық әдісті қолданғанда оқушылардың бір-бірімен ақылдасуы, қорытынды ойды біреуінің шығып айтуы, ал болжау әдісін қолданғанда балалар мәтінде не туралы жазылуы мүмкін екендігін диалог үстінде жеткізеді.
Екінші – мағынаны тану, яғни жаңа сабақты бекіту процесі болып есептеледі. Бұл кезеңде оқушы жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс жасайды,тапсырмалар орындайды. Сонымен қатар, олар идеяны жеткізіп қана қоймай, шешім табу үшін бір-біріне сұрақ қояды және басқаларды қатарына тартады. Әр топтан бір оқушы шығып мәтін мазмұнын қысқаша баяндап береді.
Үшінші – ой толғаныс, бұл сабақты қорытындылау кезеңіне жатады. Осы кезеңде үйренуші не үйренгенін саралап, салмақтап, оны қандай жағдайда қалай қолдану керектігін топшылайды. Содан ой түйе келіп, эссе жазады. Өз ойларын қағаз бетіне түсіреді. Бұл модульдің нәтижесі осылай жалғасады. Атап айтар болсам, ой-пікірін ашық, еркін білдіру, бір-бірінің сабақ барысында жіберген қателіктерін айту, жақсы қасиеттерден үйрену. Мұндай жағдайда оқушының алған білімдері естерінде көп уақытқа сақталады.
Бұл модульдің тағы бір ерекшелігі – оқушыларды топтап оқытуы болып тұр. Топтап оқытудың пайдасы туралы Ибн Сина (Авиценна 980-1037) былай деген болатын: «Егер бала жалғыз оқып, сыныптастары жоқ болса, бұл оқушы мен үйретушіге ортақ қынжылыс болмақ. Сондықтан ең жақсысы – балалар оқу-тәрбие үрдісінде үлгілі мінезге бір-бірінен үйренетін ұжымдық оқытуды ұйымдастыру».
Балаларды ұжымдық оқытудың пайдасы қандай дегенге келер болсақ, біріншіден, намыс пен мақтаныш тәрбиеленушіні өзгелерден кейін қалмауға міндеттейді; екіншіден, сөйлеу мәдениеті қалыптасады; үшіншіден, оқушылар өзара достасады, бірін-бірі сыйлауға үйренеді, өзара жарысады, табысады.
Сонымен, топқа бөліп оқытқанда оқушылардың талпынысы артады, әр оқушы өзін жеке тұлға ретінде сезінеді және өз үлесін қосуға талаптанады. Бір адамның айтқанынан гөрі, бірнеше адамның айтқаны есінде тез жатталады.
Модульдің тағы бір сатысы: «Талантты және дарынды балаларды оқыту». Рас, ізденуші мұғалім бала бойындағы туа біткен түрлі қасиеттерді дәл байқап, оның сапалық ерекшеліктеріне баға беріп, әрі қарай өз бетінше дамыта түсуіне жағдай туғызуы керек, көмектесуі қажет. Бұл үшін, әрине, ұстаздың өзі де өзгеруі, яғни дәстүрлі оқытудың сүрлеуінен арылуы тиіс. Сөйтіп, оқытудың жаңа мазмұнын жасауға бетбұрысты әрбір мұғалім өзінен бастағаны жөн. Мұғалім шәкіртке білім, білік, дағды беріп қана қоймай, ақыл-ойы мен қабілетінің дамуына көңіл бөліп, «оқи алуға үйрету керек». Дарынды және талантты балаларды оқытуда мына қағидаларды есте ұстаған дұрыс.
Баланың бойындағы құмарлығын, қызығушылығын жойып алмай, оның үнемі алға жылжуға деген табиғи талап-тілектерін, сұраныс пен мұқтаждарын ескеру, шығармашылығын жетілдіру; білімді өз бетінше іздену арқылы алуға қолайлы жағдай жасау; өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру.
Осы қағидаларды ұштастыратын болсақ қана оқушы өзінің дарынын еркін сезінеді. Бойындағы «мені» оянады. Басқалардан артық тапсырма алу оларды шабыттандыра түседі. Мұғалім баланы қанаттандыру үшін, өзіне сенімін молайту үшін ізденісте болуы шарт. Түрлі жарыстарға қатыстырып, алға ұмтылған талабын артқа тартпай сабақ үстінде білімін шыңдаған дұрыс.
«Нашар мұғалім ақиқатты өзі айтып береді, ал жақсы мұғалім оқушының өзін ізденуге жетелейді», – дейді неміс педагогы А.Дистерверг. Мұғалім оқытуға кіріспес бұрын оқушылардың мінездерін зерттеп, білімдерін тексеруі тиіс. Әр баланың білім дәрежесі қаншалықты екенін саралап алғаннан кейін, оның алға жылжуына ықпал етуге міндетті.
Әр уақытта бала білімін алға қоюшы ұстаз үлкен көрсеткішке қол жеткізу жолында талмай талаптанып, шаршамай еңбектенсе ғана білім сапасы жақсарады. Елді өсіретін де, елді төмен түсіретін де – білім. Сондықтан қолда бар амалдарды тиімді пайдалану ата-ана мен мұғалім үлесінде.
Толқын ҚАЙЫРЖАНОВА,
қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Солтүстік Қазақстан облысы,
Шал ақын ауданы
Суретті түсірген
Ерлан Омаров,
«Егемен Қазақстан»